Жаңа ақпараттық кеңістік

  Түркістан қаласында «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумы өтті. Оған елімізбен қатар Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан және Татарстан елдерінің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдардың жетекшілері, Түркістан облысындағы БАҚ басшылары мен өкілдері, ғалымдар және студенттер қатысты.

 

Форумның мақсаты – Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру, облыстың оң имиджін көтеру, сондай-ақ, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру, өңірдегі игілікті істерді түркітілдес елдердің БАҚ-тарда тарату және өзге мемлекеттермен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыру. Сонымен қатар, өңір журналистикасын дамыту бағытындағы тың идеялар мен бастамаларды жүйелеу де көзделген.

Форумды ашқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиынның маңыздылығына тоқталып, медиа кеңістікті дамыту, киелі шаhарды Түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жолында осындай келелі кеңестердің оң ықпал ететінін айтты.

«Елбасымыз Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да туризм мәселесіне ерекше тоқталды. Туризмді дамытуда ақпараттың маңызы зор. Шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге шақыру. Облысты дамыту һәм түлету бағытындағы ой-пікірлерін білу. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Сіздерді де Түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырамын. Бүгінгі форум журналистер қауымына тың серпін беріп, жаңа шығармашылық ізденістерге жетелейді деп сенемін. Тәжірибе алмасу, пікірлесу, ақылдасу арқылы журналистика дамиды» деді Ж.Қансейітұлы.

Сондай-ақ, жас журналистерді Қазан, Баку секілді БАҚ саласы дамыған шетелдерге шығып, тәжірибе шыңдауға шақырды. Түркістанның болашағына бағытталған жұмыстармен таныстырып, жастардың шет тілдерін меңгеруі керектігін айтып өтті. Форумға арнайы келген қонақтарға алғыс білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Түркияның «TRT» телекомпаниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшарға, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің ІТ департаментінің директоры Калнур Жаныбаевқа, Татарстанның «Татар-информ» ақпарат агенттігі бас директорының орынбасары Рамис Латипов пен Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Мажиди Фузулиге Алғыс хат табыстады.

Осы форумға түркітілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қоспақ. Сондай-ақ, шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы туризмді дамытып, инвестиция тартуға көп көңіл бөліп отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, форум барысында Қазақстанға белгілі журналистер мен шетелдік БАҚ өкілдері осындай еркін пікір алаңын құру ақпарат кеңістігінің ашықтығын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Атап айтар болсақ, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Шамшиддин Паттеев, «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Балтабайұлы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл және еліміздегі белді сайттар мен ақпарат агенттіктерінің басшылары орамды ойларын айтты. Қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері журналистиканы дамыту, Түркістанды гүлдендіру бағытындағы пікірлерімен бөлісті.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз