«Қарапайым заттар экономикасы»

  оны қалай құрамыз, мүмкіндіктер мен кедергілер қайсы?

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыруымыз керектігі жөнінде айтты. Халқымыздың азық-түлігін, киімі мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндірмейінше жұртты жаппай жұмыспен қамтып, оның тұрмысын жақсарту мүмкін еместігіне биліктің әбден көзі жетті. Осыған орай біз еліміздің сыртқы саудасындағы экспорт-импорт арақатынасына көз жүгірткен болатынбыз. Сонымен…

Статистика комитеті жариялаған ресми деректерге қарағанда, еліміздің жалпы сыртқы сауда айналымы 2017 жылы 78 миллиард АҚШ долларын құраған. Әрине, бұл 2013 жылдың соңына дейін жалғасқан экономикалық өрлеу кезеңіндегі 140 миллиард долларлық көрсеткіштің жартысынан сәл ғана көп. Бірақ, 2016 жылы бұл көрсеткіш 48 миллиардқа дейін құлдырағанын ескерсек, өткен жылы еліміздің экономикалық жағдайы біршама оңалғанын айтуға болады. Ресми мәліметтер Қазақстан экспортының жалпы көлемі 48 миллиард, ал, импорт 30 миллиард АҚШ долларын құрағанын көрсетіп отыр. Бір қарағанда сыртқы сауда айналымының 62 пайызын экспорттың құрауы өте жақсы көрсеткіш. Алдыңғы қатарлы дамушы елдердің талайы осы деңгейге жете алмай әлек. Бірақ, мәселенің бәрі экспорттың құрылымына көз жібергенде судың бетіне шығады. Өйткені, Қазақстан экспортының 90 пайыздан астамын мұнай-газ, химия өнеркәсібі, металлургия, тау-кен өнеркәсібі және астық құрап отыр. Яғни, шикізат өнімдерін шығарып тастасақ, Қазақстан шетелдерге бар-жоғы 4 миллиард АҚШ долларының төңірегінде өнім сатады деген сөз. Әрі бұл импорттан шамамен 7,5 есеге аз. Міне, бұл ел экономикасының жағдайы өте мүшкіл екенін, оның шикізатқа қаншалықты тәуелді екенін көрсететін деректер.

Экономиканы диверсификациялау. Үкіметтің бұл іспен айналысып келе жатқанына кемінде 10 жылдан асты. Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданып, оның аясында барлық өңірлерде жүздеген жаңа кәсіпорын құрылғаны мәлім. Дегенмен, мына деректер диверсификациялаудың нәтижесі ойдағыдай болмағанын көрсетіп отыр. Қазақстандықтар тұтынатын тоқыма бұйымдарының – 99 пайызы, фармацевтика өнімдерінің – 85 пайызы, машина, өндірістік құрылғылар мен жабдықтар, электроника және цифрлық техникалардың – 65 пайызы және азық-түлік өнімдерінің 40 пайызы шет мемлекеттерден келеді екен.

Қазақстанға келетін 30 миллиард долларлық импорттың ішінде не бар десеңіз, оның 25 пайызын әлгі айтқан машина, өндірістік құрылғылар мен жабдықтар, электроника және цифрлық техникалар құрайды. Статистика комитеті импортталатын азық-түлік өнімдерін түрлі категорияларға бөліп көрсетіпті. Шетелден келетін азық-түліктің ішінде ең көбі – түйіршіктелген және ұнтақ түріндегі тамақ өнімдері. Тауарлардың бұл тобы Қазақстанға келген жалпы импорттың 16 пайызын құрайды. Ал, дәнді дақылдар, ет-сүт және май өнімдері мен басқа да азық-түлік түрлерін қоса есептесеңіз, бұл көрсеткіш 30 пайыздан асады. Сонда кең-байтақ әрі шұрайлы даламыз, егін салып, мал бағуға бейім халқымыз бола тұра жыл сайын шетелдерден шамамен 10 миллиард АҚШ долларына азық-түлік сатып алып жүрміз.

Ол аз десеңіз, қазақстандықтар жылына шамамен 2 миллиард 400 миллион долларға киім, аяқ киім мен өңделген тері, жіп, мата-тоқыма бұйымдарын сатып алады. Шеттен келген дәрі-дәрмектерді сатып алуға отандастарымыз шамамен 5 миллиард АҚШ долларын жұмсайды екен. Осыдан кейін Елбасының Жолдауда айтқан «қарапайым заттар экономикасын құру» жөніндегі тапсырмасының қаншалықты өзекті екенін байқау қиын емес.

Алматы қаласындағы қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Жәнібек Айғазинның айтуынша, қарапайым заттар экономикасын құру үшін, ең алдымен, кеңестік кезеңде жақсы көрсеткіштерге жеткен отандық жеңіл өнеркәсіпті қалыпқа келтіру керек.

– Қазақстанда кеңестік кезеңде мұндай өндіріс айтарлықтай жақсы дамыған еді. Тоқырау жылдарында бәрінен айрылып қалдық. Біздің билік соңғы инновацияларды қолданып, жоғары технологиялық тауарлар өндіретін индустрия құрғысы келді. Бірақ, бұл бағыттағы бәсеке өте күшті әрі оған Қазақстан дайын емес. Сондықтан Жолдауда «қарапайым заттар экономикасын құру» туралы айтылуын биліктің аспаннан жерге түсуі деп қабылдадым. Қарапайым заттар өндіру үшін тым қымбат құрал-жабдықтың, керемет инновациялық технологияның және өте жоғары деңгейлі кадрлардың қажеті жоқ. Сәйкесінше мұндай жобаларға құйылатын инвестицияның да көлемі шағындау болады. Ал, ең бастысы, бұл өнімдерге үлкен сұраныс бар. Еуразиялық экономикалық одақты, сапалы, экологиялық таза азық-түлікке зәру Қытайды айтпаған күннің өзінде төлем қабілеті мен тұтыну деңгейі біртіндеп артып келе жатқан отандық ішкі нарықтың өзінің әлеуеті мол. Шығыс пен солтүстікте жиһаз жасауды, оңтүстікте көкөніс пен жеміс-жидектен өңделген жартылай дайын тағамдарды, сондай-ақ, тоқыма бұйымдарын шығаруға болады. Ал, ет-сүт өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлерінде өндіру тиімді. Әрине, инфрақұрылымды қалпына келтіруге, мамандарды қайта даярлап, логистиканы дұрыс жолға қоюға қомақты инвестиция мен біраз уақыт керек. Дегенмен, біз осы істің үдесінен шықсақ, мемлекеттің экономикалық әлеуеті де, халықтың тұрмысы да күрт жақсарады, – дейді Ж.Айғазин.

Маманның айтуынша, қарапайым заттар экономикасын құруда Қазақстанның арқа сүйейтін 3 түрлі артықшылығы бар. Біріншіден, бізде өзімізден шығатын сапалы әрі арзан шикізат мол. Екіншіден, еліміздің энергия қоры мол. Үшіншіден, басқа елдермен салыстырғанда бізде арзан жұмыс күші жеткілікті. Бір-екі ай курстан өткізіп жіберсе, кез келген істің оябын табатын, айына 200-300 АҚШ долларына жұмыс істеуге дайын жүздеген мың отандасымыз бар. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2,1 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткендер санатына жатады екен. Бірақ, олардың көбі өзін-өзі тиімсіз әрі тұрақсыз жұмыспен қамтығандар. Амалдың жоғынан жүргендер. Міне, сол адамдар зауыт-фабрикалар жаппай ашылып жатса, дайын тұрған жұмысшылар армиясы.

Экономиканы әртараптандыруда қажетті әлеуетіміз бар. Олай болса, неге осы күнге дейін жетістікке жете алмай келе жатырмыз? Мысалы, 2009 жылдан бастап Шымкент қаласының маңында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Оған 200 гектар жер бөлініп, инфрақұрылым желісін тартуға сол жылдары бюджеттен 8 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. Бұрыннан жұмысын бастаған «Қазақ-орыс альянсы», «Меланж», «Ақ жіп» фабрикаларының қатарына 2009-2010 жылдары жаңадан «Oxy Textіle», «Хлопкопром-целлюлоза» және «Ютекс – KZ» компаниялары қосылды. Одан кейін «Бал Текстиль», «Назар текстиль» секілді кілем тоқу фабрикалары ашылды. Кейбірінің аты біржола өшіп кетсе, енді біразы жұмысып жалғастырып жатыр. Бірақ, әу баста тұтас кластер құру мақсатымен ашылған арнайы экономикалық аймақта бүгінде оншақты ғана кәсіпорын бар. Әрі онда бас-аяғы 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл, әрине, республиканы айтпағанда, облыста экономикалық дүмпу туғызу үшін жеткіліксіз.

Бір қарасаңыз дайын өнім шығаруға қажеттінің бәрі бар. Өңірде 360 мың тоннадай шитті мақта өсіріледі, яғни жақын жерде арзан шикізат бар. Мемлекет мұнда кәсіпорын ашқандарға корпоративті табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан және қосымша құн салығынан жеңілдіктер береді. Одан бөлек тауарды «Оңтүстік» АЭА аумағына кіргізген жағдайда кедендік баж салығынан босатыласыз. Жер телімі 10 жылға дейін тегін беріледі, барлық бюрократиялық кедергілер жойылған, кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіледі. Тіпті, жұмысшылардың бір бөлігін шетелден әкелуге де рұқсат берілген. Онда неге бұл аймақта тоқыма өнеркәсібі өркендеп кетпей отыр? Неге жоғарыда аты аталған кәсіпорындар отандық нарықтағы тоқыма бұйымдарының бар-жоғы 1 пайызын ғана өндіріп, халық бұл заттардың 99 пайызын шетелден аламыз?

Экономист Саян Қамбаров мұның себебін Қазақстанда жалпы өнеркәсіп жеткілікті дәрежеде дамымай отырғандығымен түсіндіреді.

– Шетелдік ірі инвесторлар үшін Қазақстанда тек қана энергетика, металлургия, тау-кен өнеркәсібі секілді салалар ғана тартымды. Олар жеңіл өнеркәсіпке қаржы құйғысы келмейді. Отандық инвесторлардың да құлшынысы төмен. Неге? Мұның бірнеше себебін айтайын. Біріншіден, бізде табиғи монополиялардың тарифтері қымбат әрі әділетсіз. Кейбірінде тарифтерге өндірістік емес шығындардың 60 пайызына дейін енген. Басқаша айтқанда, шағын кәсіпорын ашқан отандық кәсіпкер ақшаны электр қуаты үшін ғана емес, монополист компания басшыларының зәулім сарайлары мен «мерседестері» үшін де төлейді. Мемлекет осы салаға қатаң бақылау орнатса, жеңіл өнеркәсіптің тынысы ашылады, – дейді С.Қамбаров.

Экономистің айтуынша, екінші себеп – логистика мен инфрақұрылымның нашарлығы. Өңірлерде фабрика ашқан кәсіпкер дайын тауарын үлкен нарықтарға көп шығын шығармай жеткізгісі келеді. Қазақстандағы бірден-бір тиімді тасымал әдісі – теміржол. Фабрика теміржол тұйығына жақын орналасқан күннің өзінде Қазақстанда жүк вагон тапшылығы деген проблема бар. Экономист мұны отандық өнеркәсіптің сабақты кеселі деуге болатынын айтады.

Үшінші проблема – қымбат несиелер. Билік инфляция деңгейі шарықтап кетпеу үшін екінші деңгейлі банктер беретін несиелердің пайыздық үстемақысына шектеу қоймай отыр. Бірақ, арзан несие болмайынша ешқандай даму болмайды. Арзан несие болмаса, өнеркәсіп те дамымайды, халықтың тұтыну деңгейі де көтерілмейді. Демек, Үкіметтің либералистік көзқарастарын шетке ысырып қойып, экономикаға, оның ішінде қаржы секторына батыл араласатын уақыты жетті.

Міне, билік осындай жүйелік проблемаларды жолға қойса, елімізде «қарапайым заттар экономикасы» құрылып, алдағы онжылдықта елімізде жұмыссыздық мәселесі біршама шешіледі әрі халықтың әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарады. Осы тұста, әсіресе, оңтүстік өңірдің бұл тұрғыдағы әлеуеті зор екенін айта кеткен жөн.

Пікір қалдырыңыз