Француз ғалымдары – Отырарда

Жақында Отырар ауданына Франция еліне белгілі профессорлар мен тарих ғалымдары келіп, күллі мұсылман тәу ететін Арыстанбаб кесенесіне барып зиярат етті. Меймандар топырағын түртсең тарих сөйлейтін киелі Отырар жерінің өткен ғасырлардағы өмірі және құнды деректерімен терең танысып, қатты қызығушылық білдірді.
Ботаника ғылымдарының профессоры Француа Лэнобла мен Орта Азияға белгілі тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі археолог Светлана Горшенина және тарихшы Моника Малгожата өздерін елең еткізген кей деректерді түртіп, жазып алып жатты. Ғалымдармен бірге келген елімізге белгілі тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру және Ресей жаратылыстану ғылымдары академияларының академигі Саттар Мәжитов те қазақ елінің мәдени-тарихи өмірі мен ежелгі Отырар жұртының тұрмысы жайында қызықты ақпараттармен бөлісті.
Мәртебелі меймандар Отырартөбе қалашығына барып, кезінде Ұлы жібек жолы бойындағы сауда-саттығы дамыған қалалардың бірі болған, монғол шапқыншылығы салдарынан жер астына көміліп, төбеге айналған ежелгі Отырар қаласының бай мұрасымен танысты. Шетелдерден келетін туристердің қызығушылығын арттырған Отырартөбенің архитектуралық пішіні мен орналасу жағдайы, ондағы әлі зерттеліп бітпеген мәдени ошақтар Франциядан келген ғалымдарды да қызықтырып, көмілген тарих тіл қатқандай әсермен төбенің әр қырын аралап көрді.