Белсенді жастар әлеуметтік дүкен мен мектеп ашты

  Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан». Облыстық жастар ресурстық орталығы Сайрам ауданына арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Ондағы мақсат – белсенді жастардың атқарып жатқан жұмыстарын көпшілікке насихаттап, үлгі ету.

 

Қазір Америкада тұратын танымал кәсіпқой боксшы Бабыржан Моминов – осы ауданның тумасы. Кәсіпқой бокстың Отаны саналатын шетелде бірнеше жылдан бері кілең мықтылармен жаттығып, шеберлігін шыңдап жүр. Жақында үш ай мерзімге демалыс алып, туған жеріне келген екен. Сәтін салып біз онымен кездесіп әңгімелескен едік.

– Кәсіпқой бокспен айналысқаныма 9 жыл болды. 9 рет жекпе-жекке шығып, оның 8-ін нокаутпен аяқтадым. Мен мұны алдағы чемпиондық жеңістеріме жетелейтін баспалдақ деп білемін, – дейді ол.

Бабыржан Рахымжанұлы өңіріміздегі Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында оқып жүргенде де бірнеше додаларға қатысып, топ жарған. Облыс чемпионы болған азамат. Бүгінде WBС нұсқасы бойынша Азия чемпионы және NBA интерконтиненталь атағы үшін қарсыласын нокаутпен жеңген боксшы «Чемпион болу оңай. Ал, оны ұстап тұру қиын» дейді.

Сондықтан, былғары қолғап шебері кәсіпқой бокста Қазақстанның намысын қорғау үшін аянбай тер төгетінін жеткізді. Сонымен қатар, ол елімізде кәсіпқой бокстың дамуына да үлесін қосуды алдына мақсат еткен. Промоутерлік қызмет көрсететін мамандардың жұмысын да жандандыра түсу қажет екенін айтады.

– Әрине, ауыл балаларының барлығы кәсіпқой боксқа келсін деуден аулақпын. Бірақ, олар дені сау болуы үшін бірінші кезекте спортпен шұғылдану керек екенін түсінуі тиіс. Болашақта өзім туып-өскен ауылымда спорт комплексін салуды армандаймын, – дейді Бабыржан.

 

Тегін киім тарататын дүкен

Ақсукент ауылындағы «7 Я» сауда орталығының екінші қабатында киімдерді тегін үлестіретін әлеуметтік дүкен ашылыпты. «Шарапат» деп аталатын бұл дүкенде тұрмыс жағдайы төмен тұрғындарға киім-кешектердің тегін беріле бастағанына көп бола қойған жоқ. Алғашқыда мұнда келушілер аз еді. Әдетте адамдар өздерінің көлеңкелі тұстары туралы өзгелерге ашып айтуға арланатыны белгілі ғой. Дегенмен, күн суытқан сайын тұтынушылар қатары күн санап өсіп келе жатқанын өзіміз де байқадық.

Бұл жақсы істің жаршысы – аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған еріктілер мектебінің мүшелері. Алдын-ала түзілген кезекшілік кестесіне сәйкес, күнде олардың біреуі осында келіп сатушы қызметін атқарады. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жанабек Хамраев қазіргі таңда тұрғындардан күз мезгілінде киетін жылы киімдердің қабылданып жатқанын тілге тиек етіп, осынау сауапты іске үлес қосамын деушілерге дүкен есігінің әрдайым ашық екенін жеткізді.

 

Сурет қана салмайды, ағаштан ою да ояды

Биыл облыста талантты жастарды қолдау мақсатында өткізілген «ONStandUP» телевизиялық байқауында Атабек Бекбулатов жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Атабекті көрген адам оны мүмкіндігі шектеулі деп айтуға аузы бармайды. Ол кішкентайынан сурет салғанды жанындай жақсы көреді. Туындыларына қарап-ақ өзге суретшілерден ешқандай ерекшелігінің жоқ екенін байқауға болады.

Атабек биыл Анвар Исмайлов атындағы кәсіптік колледжді тәмамдап, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне грант негізінде оқуға түсіпті. Ол басына түскен қиындыққа еш мойымайды. Тіпті, бойындағы осы өнерін дамытып қана қоймай, өз мүмкіндігінен асып ағаш ұстасы болуға да талпынып жүр. Анасы бізге оның ағаштан ою ойып жасаған бұйымдарын көрсетті. Ал, Атабек осы кезде құммен әсем Астананың бүгінгі келбетін бейнелеп жатты...

 

Робот құрастыруды үйрете бастады

Ауданда барлығы 16 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 6 пайызы жастар. Солардың бірі – Саодат Естиярова. Назарбаев университетінің түлегі. Мемлекеттен қайтарымсыз негізде берілетін 3 млн. теңге грантты ұтып алып, балаларға робот құрастырудың қыр-сырын үйрететін мектеп ашыпты. Бұл білім ошағы «Skіll Pro» деп аталады. Онда оқу – ақылы.

Мұнымен қоса Саодат аудандағы осы бағытта білім беретін мектеп мұғалімдеріне де дәріс беріп, өзінің білгенімен, тәжірибесімен бөлісіп отырады екен. Біз онымен С.Сейфуллин атындағы №20 мектеп-гимназияда кездестік. Аталмыш «алтын ұяның» оқушылары пульт арқылы қозғалатын робот машина құрастырыпты. Балалар енді оның атқаратын қызметін анықтап, соған қарай қосымша бағдарлама түзетіндіктерін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз