Тұрғындар арыз жазып қайта шақыртып алған маман

  Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан». Иә, нағыз дәрігер атану оңай емес. Білімділік пен біліктіліктен бөлек, ауруы жанына батып, ешнәрсеге зауқы соқпай тұрған науқастың көңілін табу үшін бесаспап маман болу да жеткіліксіз. Адалдық, мейірімділік, кішіпейілділік, сабырлылық... Міне, осы қасиеттердің бәрі бір бойынан табылатын адам ғана білікті маман бола алады.

 

– Газеттеріңізде «Нағыз дәрігер» деген жақсы айдар бар, – деді өзін Серік Әлқожаев деп таныстырған жігіт ағасы. – Баспасөздің қоғамдық көзқарасты қалыптастырудағы рөлі зор. Рас, медицина саласының қызметкерлеріне қатысты тұрғындардың пікірі әрқилы. Бірі мақтап, енді бірі даттап жатады. Өз мамандығына атүсті қарап, алдына келген науқастың көңілінен шықпайтын әрекеттер жасап жататын дәрігерлер де жоқ емес. Дегенмен, бәріне бірдей күйе жағуға болмайды. Өз жұмысын жетік білетін, мінәйі мінезімен елдің алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер де жетеді. Мысалы, Шымкенттегі №5 қалалық емханада біраз жылдан бері жұмыс істейтін Бекмұрат Даужанов есімді терапевт дәрігер бар. Өзім бес жылдан бері сол Бекмұратқа қараламын. Қашан барсаң да жайдары мінезімен жайраңдап қарсы алатын оның білмейтіні кем. Елдің бәрі дән риза. «Нағыз дәрігерге» осы Бекмұратты неге жазбасқа?!».

Шынында да, елдің шынайы алғысына бөленіп жүрген дәрігерді неге іздемеске деген ой бізді қаланың шығыс жақ бөлігіндегі №5 емханаға қарай жетеледі. Әдеттегідей емдеу мекемесінің алдында адам көп. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан науқастардың алдын орап кетуді әдепсіздікке балап, біраз бөгеліп қалдық. Осы сәт мақтаулы маманның жұмысын сырттай бақылап көру қызығушылығы оянғаны да рас. «Доктор Даужанов жұмысқа тұрған алғашқы жылдары біздің «Азат» шағынауданына учаскелік дәрігер болды. Ауыл аралап, аурулардың жағдайымен танысатын ол көптің көңілінен шықты. Қай жылы басқа бөлімге ауысып кеткен кезде тұрғындар арыз жазып, өз дәрігерімізді қайтарып алдық. Бекмұрат Орынбасарұлы өз баламыздай болып қалды. Керек кезінде ұялы телефонына қоңырау шалып, ақыл-кеңес сұрап жатамыз. Мені қан қысымы және қант диабеті жиі мазалайды. Айына бір-екі рет келіп, тексеруден өтіп тұрамын. Дәрігер берген дәрілерді уақтылы ішіп, күтініп жүремін» дейді жасы 72-ге келген Анарбек Саматов есімді емделуші.

Әдетте ауру адам кінәмшіл, кірпияз келеді. Сағаттың қысқа тілі түскі мезгілге таяған сайын кезекте тұрғандардың мазасы кете бастады. Осы сәт есік сыртында тұрғандардың дегбірі кете бастағанын сезгендей іштен дәрігер шықты. Жылышырай танытып, амандасты. Қанша дегенмен кәнігі маман емес пе, кезекте тұрғандардың ішіндегі «бөтендеуіне» келгенде көз кідіртті. Мән-жайға қаныққан соң соңыра жауап беретінін айтты.

...1980 жылы Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келген Бекмұрат Даужанов Шымкент қаласындағы ОҚМА-ның емдеу ісі факультетін бітірді. 2005 жылы диплом алған жас маман сол жылы Шымкент қаласындағы №5 емханаға қызметке орналасады. Он үш жылдан бері бір орында жұмыс істеп келе жатқан ол 2012 жылдың қорытынды бойынша Еңбекші ауданы бойынша «Үздік дәрігер» атанады. «Күнделікті 20-25 адамды қабылдауымыз керек. Кейде 30-35 науқасты тексеруімізге тура келеді. Біздің күнделікті жұмысымыз болғанымен әр науқасқа ерекше назар салып қараған жөн. Өйткені, ол үмітпен келеді. Сіздің бір ауыз жылы сөзіңіз оған ерекше күш береді. Үміт отын үрлейді. Қазіргі медицина жетілген. Заманауи аппараттар бар. Тек дұрыс диагноз қойып, емдей білсең болғаны. Шын жанашырлық танытып, ықыласпен емдеген адамың сені өмірбойы ұмытпайды. Алғысын айтып жүреді» дейді дәрігер Б.Даужанов.

Алғыс демекші, Бекмұрат Орынбасарұлын өз баласындай көріп, оған тілеулес болып отыратындардың қатарында 85 жастағы әже де бар. «Азат» шағынауданындағы Ақбастау көшесінде тұратын Сағынай апа Анарова дәрігер баласын үнемі іздеп, сұрап отырады екен. Бәлкім, жылы сөзімен жүректерді жылытып, шипалы қолымен талайларға шапағатын тигізіп жүрген білікті маманның дәреметін көрген болар. Иә, нағыз дәрігер осындай-ақ болсын!

Пікір қалдырыңыз