Жаңа оқу жылы

  жаңартылған білім беру мазмұнымен ерекшеленеді

 

Арыс. Білім күніне орай Арыс ауданы, Дермене ауылдық округіне қарасты Қызылкөпір елді мекеніндегі №3 жалпы орта мектебі жаңа ғимаратқа көшті.200 орынды мектептің ашылу салтанатына қала әкімі М.Қадырбек, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Д.Әбіш, қалалық мәслихат басшысы А.Байтанаев қатысты. Білім ошағы жаңа үлгіде талапқа сай жабдықталған. Мектептің ашылу рәсімінде арыстық өнерпаздар қатысушыларға өнерден шашу шашты.

Базаркүл АҚЫНҚЫЗЫ.

 

Созақ. Созақ ауданында биыл 1750 бала 1-сыныпқа барды. Аудандағы 35 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Аудан әкімі Салыxан Полатов «Шолаққорған» жалпы орта мектебіне барып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Жалпы ауданда былтырғы оқу жылында 13944 оқушы білім алып, 705-і мектеп бітірді. Ал, биылғы оқу жылында 14 949 оқушы білім алады деп күтілуде. Аудандағы 35 мектепте 2020 педагог ұстаз білім береді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 1235 (72%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Ол үшін бюджеттен 304 млн. 245 мың теңге бөлінді.

 

Бәйдібек. Жаңа оқу жылында Бәйдібек ауданында бес жаңа мектеп пайдалануға берілді және бір мектеп көлікті болды.

Сонымен қатар, «Бәйдібек ата» елді мекеніндегі 150 орынды Ақтау, Түйетас елді мекеніндегі Б.Момышұлы атындағы, Ынтымақ елді мекеніндегі 100 орынды Жиренов атындағы білім ошақтары да осы күні пайдалануға берілді.

Жаңа оқу жылында Бәйдібек ауданындағы 49 мектепке 12114 оқушы барса, жаңадан пайдалануға беріліп отырған 5 мектепте 735 оқушы оқиды.

Айта кетерлік жайт, О.Орманов атындағы жалпы орта мектепке Бәйдібек ауданы мен Шымкент қаласының құрметті азаматы Анарбек Орманов «Газель» автокөлігін сыйға тартты.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

 

Кентау. Кентау қаласына қарасты Қосқорған елді мекенінде Қосқорған жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты ел игіліне пайдалануға берілді.

Салтанатты іс-шараға қатысқан қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ұстаздар мен балаларды білім күнімен құттықтады.

– Биылғы жылы Елбасы Жарлығымен облыс орталығы Түркістан қаласына ауысып отыр. Бұл тарихи шешім рухани қаланың мәртебесін одан әрі асқақтата түсті. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Түркістан қаласының шекарасы өзгерді. Яғни Түркістан қаласына қарасты 12 ауылдық округ Кентау қаласының құрамына беріліп отыр. Осы жұмыстардың барысында Кентау қаласының қарамағына 40 мектеп өтті. Оның ішінде 5 бастауыш, 4 шағын жинақталған, 1 мектеп-интернат, 30 жалпы орта мектеп бар. Олардың барлығында 21000-ға жуық оқушы, 2516-дан астам педагог мамандар еңбек етуде.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ.

 

Келес. Келес ауданы Абай ауылындағы №110 жалпы орта мектепте салтанатты шара өтті. Жиынға аудан әкімі Ақментай Есбаев қатысып, мұғалімдерді жаңа оқу жылымен құттықтады. Аталмыш білім ордасы 2009 жылы Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Білім ордасында биыл 638 шәкірт білім алады. Оның ішінде 58 бүлдіршін 1-сынып табалдырығын аттады.

Жиын соңында аудан әкімі 1-сынып оқушыларына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыйлығын тарту етті.

Жалпы аудан бойынша 63 мектеп болса, оның 49-ы жалпы орта мектеп, 9-ы бастауыш, ал, 5-еуі негізгі мектеп болып табылады.

Білім күніне орай Келес ауданында 200 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ошақты ауылдық округіне қарасты Қаратал елді мекеніндегі білім ұясының ашылу салтанатына аудан әкімі Ақментай Есбаев қатысып, оқу ордасының лентасын қиды.

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА.

 

Түркістан. Білім күнінде Түркістандағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында да алғашқы қоңырау соғылды. Салтанатты шараға қала әкімі Ә.Өсербаев қатысты.

«Қаламыздағы мектептердің білім саласындағы сапалы көрсеткішімен ерекшеленетін Мағжан Жұмабаев мектеп-гимназиясының салтанатты шарасына 75 мектептің ішінен таңдап, арнайы келуім кездейсоқтық емес. Өйткені, бұл білім ошағының көптеген түлектері бүгінде еліміздің барлық аймақтарында дерлік абыройлы қызметтер атқаруда. Ертеңгі арқасүйер азаматтарымыз осы мектеп қабырғасынан шығады» деді салтанатты шарада сөз алған Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев. Сонымен қатар ол биыл бірінші сыныпқа қабылданып отырған оқушылардың қадамына сәттіліктер тіледі.

Жиын барысында шаһар басшысы биыл туғанына 125 жыл толып отырған ақын Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гиназиясының бірқатар ұстаздарын марапаттады. Салтанатты шара арнайы дайындалған бағдарламамен жалғасты.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.

 

Жетісай. Білім күні мерекесінде Жетісай ауданындағы 70 мектепте 43 мың 159 оқушының қатысуымен алғашқы қоңырау соғылды. Оның 3100-і 11-сыныптың, ал, 9 мыңдайы 1-сыныптың табалдырығын аттап отыр. Сондай-ақ, 5634 педагог оқу-тәрбие жұмыстарына кірісті. Ендігі міндет – шәкірттерге сапалы білім беру. Бұл туралы Қызылқұм ауылдық округі Ақтөбе ауылындағы 300 орынды №126 жалпы орта мектебінде өткен салтанатты жиында Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Жетісай ауданында білім бөліміне қарасты 70 мектеп жұмыс істейді, оның 69-ы жалпы орта, 1-уі негізгі орта мектеп саналады. Соның 63-і типтік, 7-еуі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Аталған 70 мектептің 65-і екі ауысымда, 4-еуі 1 ауысымда білім береді. Ал, бұған дейін үш ауысымда білім беріп келген Жаңаауыл ауылдық округіндегі Ынтымақ ауылында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебіне 600 орынды жаңа ғимарат салынып, алдағы желтоқсан айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Ж.ШАЛАБАЕВА.

 

Төлеби. Білім күнін төлебиліктер жағымды жаңалықпен қарсы алды. Әсіресе, Леңгір қаласындағы «Таскешу» бастауыш мектебінің оқушылары үшін ерекше күн болды. Бүлдіршіндер бұған дейін тозығы жеткен ескі ғимаратта оқып келсе, енді еңселі мектепте білім алатын болады. 100 оқушыға лайықталған бастауыш мектепті мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «СК Дар» ЖШС-нің директоры Ғабит Жұмашбаев өз қаржысына тұрғызған. Ел ертеңі – жастардың сапалы білім алуы жолында игі қадам жасаған Ғабит Жұмашбаевқа ауылдастары дән риза.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысқан Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков ұстаздар қауымын Білім күнімен құттықтады.

Сондай-ақ, өткен жылдың қараша айында құрылысы басталған Аққұм ауылдық округіндегі «Жаңаұйым» орта мектебінің оқу блогының құрылысы да толығымен аяқталып, оқушыларға есігін айқара ашты. Мектептің жаңа ғимаратында кітапхана, шеберхана, спорт зал, мәжіліс залы, асхана, әкімшілік бөлмелері заманауи құралдармен жабдықталған. Мемлекет қаржысына салынған мектеп ғимаратының құны – 446 млн. 553 мың теңге. Құрылысты жүргізген «Андас групп» ЖШС-нің басшысы Б.Тұяқбаев мектеп кілтін мектеп директоры І.Төлегеновке салтанатты түрде табыс етті.

Бұдан бөлек, Бірінші мамыр елді мекеніндегі «Бірінші мамыр» жалпы орта мектебінің қосымша құрылысы мен Қаратөбе елді мекеніндегі «Аршалы» мектебінің құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілді. Айта кетейік, Төлеби ауданы бойынша биыл бірінші сыныпқа 2820 бала қабылданған.

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.

Пікір қалдырыңыз