Қоныс той жасайтын ағайын көбейгей!

  Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан». Тұрғын үйге қатысты қандай да бір жаңалық болса елдің елең ете қалатыны рас. Өйткені, баспана басты мәселеге айналған бүгінгі заманда кезекке тұрып пәтер алу екі адамның бірінің пешенесіне бұйырмайтын бақ. Кезегің келгенше пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүру кім-кімді де қажытады-ақ. Сол себепті шығар, осы бір мәселеге байланысты қоғамда жиі сөз қозғалады. Жас отбасыларды баспаналы ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Елбасымыздың тапсырмасымен таяуда қолға алынған «Тұрғын үй – 7-20-25» бағдарламасы алаңкөңіл ағайынның үміт отын үрлегендей болды. Бүгінде осы бағдарламаға байланысты елдің білгісі келетіні көп. Сол үшін біз алдымен оның артықшылықтары мен ерекшеліктері жайлы айта кетпекпіз.

 

Жаңа жоба

Ұлттық Банк бекіткен «7-20-25» бағдарламасының алғашқы саны жылдық пайыздық мөлшерлемесін білдірсе, одан кейінгі цифр бастапқы жарнаны, ал, соңғысы осынша жылға дейін беріледі дегенді білдіреді. Талап бойынша өтініш беруші Қазақстан азаматы болуы шарт. Сондай-ақ, тұрақты табысы болып, банкке берешегі болмауы керек. Төртіншіден, ел аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден аспайтын жатақхана бөлмелерінен, апатты жағдайдағы үйлерден өзге баспанасы болмауы тиіс. Ал, сатылатын тұрғын үйлерге қойылатын талап – жаңа салынған, толық біткен, яғни қосымша жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін болуы тиіс.

Ал, несие көлемі бағасы біршама қымбат болып келетін Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 25 млн., ал, өзге өңірлер үшін 15 млн. теңгені құрайды. Мәселен, Шымкенттен он миллион теңгеге үй тапсаңыз, алғашқы жарна ретінде екі миллион теңге төлейсіз де, қалған соманы жеті пайызбен жиырма бес жылға дейін бөліп төлейсіз. Яғни жалдамалы пәтерге төлеп жүрген жамбасақыны енді өз үйіңіз үшін беретін боласыз. Осылайша үйлі болу үміті оянып, қожайынның қас-қабағын бағудан біржола құтыласыз. Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы, табысы жеткіліксіз адамдар қосалқы қарыз алушы ретінде әйелін немесе күйеуін, әйтпесе туысын тартуға рұқсат етілген. Тіпті, олардың басында баспанасы болған жағдайда да несие алуға болады. Яғни қосалқы адамға негізгі шарттар қойылмайды. Сондай-ақ, алғашқы жарнаны қолма-қол төлеуге мүмкіндігі болмаса Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салынған салымдар есебінен төлеу қарастырылған.

 

Қайсысы тиімді?

Жасыратыны жоқ, әке-шешесі алдын- ала әрекет жасап, үй алып берген бай-бағланның балалары болмаса, жаңадан отау тігіп, өз алдына енші алып, шаңырақ көтерген көптеген отбасы баспана мәселесін бастан кешіп жатады. Айталық, әр үйде орта есеппен бес бала өсетін болса, оның әрқайсысы өз алдына бөлек отау тігеді. Яғни бес балаға бес үй керек. Одан бөлек, соңғы кездері қалада тұрғысы келетіндердің қатары артқан.

Ресми дерек бойынша Шымкент қаласында қырық мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Әсіресе, соңғы үш жылда қала халқының саны 25%-ға, ал, тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 126,6 %-ға артқан. Міне, осылайша миллионер қаланың аумағымен бірге әлеуеті де едеуір артып келеді. Енді өзіңіз ойланып көріңіз, сізге кезекке тұрып, нақты қашан болатыны белгісіз баспананы сарғайып күткен тиімді ме, әлде мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып, бағдарлама аясында арзан пайызбен жаңа пәтерге қол жеткізген жақсы ма? Қаласаңыз, үйіргелік жер алып, ағайынмен асарлатып үй салыңыз. Бірақ, бұл нұсқаны жүзеге асыру үшін де ақша керек. Қалада 70 мың адам алақандай жер алу үшін кезекте тұр. Ал, сатып алайын десеңіз, 15-20 мың доллардан басталып,

100-200 мың долларға дейін жететін зәулім ғимараттар анау-мынауға шылбыр ұстата қоймайды. Қарапайым адамдардың қалтасына ауырлық етпейді-ау деген жерлердің өзінде баға «жанып» тұр. Мысалы, «Ынтымақ» шағынауданында қар еріп, жаңбыр жауса кішігірім көлшікке айналатын жер бар. Ол жерге үй тұрмақ, мал қора салуға қорқасың. Себебі, күндердің күнінде жауын-шашын көп болса кәдуілгі көлдің ортасында қаласың. Соның өзіне 2 млн. теңге сұрап отырған соң... Бұл ақшаға жарамсыз жер алып, екі әуре болып жүргенше алғашқы жарнасын төлеп, жылы да жайлы үйге кіргеніңіз жақсы емес пе?!

ТҮЙІН: Иә, баспанасы жоқтың бабы келіспей, үйі жоқтың күйі болмайтыны белгілі. Әр жерге көшіп-қонып жүрген адамның жағдайы айтпаса да түсінікті. Бар тапқанын пәтерақысына төлеп, өлместің күйін кешіп жүрген отбасылар да жетіп-артылады. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатқан жаңа жобалар да, міне, осындай қажеттіліктен туып отыр. Ендеше, атына заты сай «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы өз жемісін беріп, қанша жылдан бері қуықтай бөлмеге қол жеткізе алмай жүрген қандастардың қоныс тойын көруге жазсын!

Пікір қалдырыңыз