Біз тісі ауырғанның көңілін сұрамаймыз...

  Альвира ПАЙСХАН, «Оңтүстік Қазақстан». Қазақ тісі ауырғанның көңілін сұрамайды. Расында, бұл ауру сыртқа білінбегенімен, жүйкені жүндей түтетін сырқат. Ауру деп ауыз толтырып айтуға да келмес. Алайда, тісің ауырғанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Ал, оны емдету – медициналық қызмет түрлерінің арасындағы ең қымбаты. Стоматологтар бағаның бұлай аспандауын құрал-жабдықтардың, пломбалық, емдеу материалдары құнының тым жоғары болуымен түсіндіреді. Бұл өз кезегінде елімізде стоматологиялық шикізаттар өндірісінің жолға қойылмағандығын көрсетсе керек. Мәселен, Өскемен қаласынан өндірілетін титан металының шетелге экспортқа шығарылып, өзімізге он есе қымбат бағаға қайта сатылуы – өзекті мәселе. Ал, Шымкенттегі «Химфарм» АҚ-да тек тіс емдеуге керек ерітінділер ғана шығарылады.

 

Тісі ауырмайтын пенде кем. Тісі шыққан баладан бастап орта жастан асқан егде кісілерге дейін стоматологке жүгініп жатады. Түркістан облысы бойынша жекеменшік 156 стоматологиялық мекеме бар. Ал, мемлекеттік медициналық емханаларда арнайы тіс дәрігерінің бөлмесі болғанымен қызметі шектеулі, яғни науқастарды ақылы түрде емдеуге басымдық берілген. Көшедегі аттап басқан сайын кездесетін жекеменшік стоматологиялық мекемелердің тіс емдеу, тіс жұлу, ортопедия, тіс косметологиясы, ортодонт және басқа да қызметтерін санап үлгермейсің. Ал, бағасының қымбаттығы жағынан бірінен бірі өтеді. Неге?

Қазақстанда кепілдендірілген медициналық қызмет көрсету бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектер мен әлеуметтік жағдайы төмен жандарға, жүкті келіншектерге ғана кейбір жеңілдіктер қарастырылған. Бұл санатқа кірмейтіндердің қалтасында қомақты қаржысы болуы шарт. «Стоматология саласы жеке сектор болғандықтан, біз оның жұмысына араласпаймыз. Шығынның барлығы нарықтың талаптарына қарай белгіленеді. Тіс дәрігерлері, мейлі ол орта немесе жоғары білімді болсын, осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген және істей береді» дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Демек, тісіңізді тегін емдете алмайтыныңыз айдан анық.

Облыстағы кейбір аудандарда жекеменшік стоматологиялық   мекемелер  мемлекеттік  тапсырыспен  жұмыс  істейді.  Мәселен,  Сарыағаш қаласындағы «Бекен» ЖШС-і, Сайрам ауданындағы «ДентаНұр» ЖШС-і, Шардара қаласындағы «Әлменов» ЖШС-і тек тіс емдетудің кейбір түрлерін ғана халыққа тегін ұсына алады екен. Ал, Шымкент қаласындағы  «Мұрат Дантист» стоматологиялық орталығы  емханадан жолдамасы бар 18 жасқа дейінгі жеткіншектерге, мүгедектер мен әлеуметтік жағдайы төмен жандарға, жүкті келіншектерге тісті жұлып, емдеу, физиотерапиялық кабинетте қыздыру секілді қызметтерді тегін ұсына алады. Негізінде орталықтың сүт тісті жұлдыру ақысы балаларға 2300 теңге болса, ересектерге – 2800 теңге.    

Қазіргі кезде тіс ауруының ең көп тараған түрі – тісжегі. Бүгінде балалардың – 90, ересектердің 75 пайызы осы дерттен зардап шегіп жүр. Тісжегі дерті құлақ, мұрын, асқазан-ішек жүйкелерін зақымдап, жүрек қан-тамырлары ауруларын тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, жеткіншектер мен жасөспірімдер арасында тіс түбірінің, қызыл иек тіндерінің және тіс ұлпасының қабынуы да жиі кездеседі. Тіс түбірінің іріңдеуі жүрекке, бүйрекке әсер етіп, ағзаның қорғаныш қабілетін әлсіретіп, өзге дерттердің қозуына жол ашады.

– Тіс ұлпасының қабынуы медицинада пульпит деп аталады. Жақ сүйегінің қабынуы жұмсақ тіндердің іріңдеуіне (абсцесс, флегмона) әкеп соғады. Кеңінен таралған тіс түбірінің қабынуы да ауыз қуысының созылмалы ауруларына ұласады. «Тісі ауырғанның іші де ауырады» деп бекер айтылмаған гой. Гастритті, асқазан мен ұлтабар жарасын, тоқ ішектің қабынуын (колит) асқазан-ішек жолдарының аурулары да тістен бастау алады десек те болады. Сондықтан да маржандай тізілген тістеріңізді тұрақты түрде емдетіп тұрыңыз, – дейді «Эврика» стоматологиялық клиникасының дәрігер-стоматологы Қарлығаш Шынасылова.  

Маманның айтқанын орындағысы келетіндердің қарасы көп-ақ. Бірақ, тіс емдетудің құны шарықтап тұрған мына заманда қаражаттың мардымсыздығы қолбайлау болып тұр. Мүмкін, бізге жапондар секілді «Тістің саулығы – ұлттың саулығы» атты ұзақ мерзімді бағдарлама енгізу керек шығар. Осы бағдарламада жапон билігі сексендегі қарттарының аузында кемі жиырма тістің болуын міндеттеген. Соның нәтижесінде әлемдегі тісі бүтін халық жапондар екенін дәлелдеп отыр. Ал, бізде отызға жетпей тіссіз жүргендер, қырыққа жетпей кетік болып, қызыл иек атанғандар қаншама?!

Не істемек керек? Ол үшін жеке клиникалар мен мемлекеттік емханалардағы стоматологиялық кабинеттерді халыққа қолжетімді ету қажет. Тіс емдеу орындары мемлекет тарапынан бақылауға алынып, арнайы бағдарлама енгізгенде ғана ұлттың саулығы жолға қойылады. Әйтпесе, «тас шайнайтын» жасында сүйек кемірмек түгілі, нанды шайға батырып әзер жейтіндердің қатары қалыңдай бермек.

1 пікір

  • Мама
    Мама

    жогарыдагы жемкорларга байланысты, еліміздің дамуы соларга байланысты солар тоймай ауруда калмайды деген соз адамнан

Пікір қалдырыңыз