Қатты қалдықтарды заман талабына сай кәдеге жарату басты назарда

Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың бірден-бір жолы екені анық. Ел үшін аса маңызды құжат - «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасымыздың биылғы жолдауында «ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек. Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет» екендігін атап өтті.

 

Барлық аймақтарда шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату және жою – заман талабына айналды. Бұл Президент Жар­лығымен бекітілген жасыл экономикаға көшу тұ­жы­рым­дамасын жүзеге асырумен үндеседі. Қазіргі таңда, елдегі қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі тұрақты түрде артып келеді. Ресми дерекке жүгінсек, Қазақстанда жыл сайын 5 миллион тоннадан ас­там тұрмыстық қалдық пай­да болса, оның тек 9 пайызы ғана қайта өңделеді. Салыстыру үшін - Швецияда тұр­мыс­тық қал­дықтардың 99%, Германияда – 98 %, Италияда – 80% Жапонияда – 100 % кәде­ге жаратылады екен.

 Оңтүстік Қазақстан облысы үшін де көп жылдан бері жинақталған қоқыс қалдықтарынан тазалау, оны толығымен жою немесе қайта өңдеу шаралары күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Тұрмыстық қалдықтарды қоқыс орындарына жаппай тастау - табиғат пен экологияның бұзылуымен ерекшеленеді. Жылдар бойы пайдаланылып келген қоқыс полигондары топырақ, жерасты сулары және ауаның ластануына әсерін тигізеді.

Қалдықтарды басқару саласындағы көп жылдық тәжірибені зерттей келе ең оңтайлы әдіс - қоқыстарды бөлек жинау, сұрыптау және оларды шағын кәсіпорындарда өңдеу болып табылатынын сенімді түрде айта аламыз. Осы орайда оңтүстік өңірінде қоқысты сұрыптайтын кәсіпорындарды құру бағытында жергілікті атқарушы органдар шағын және орта бизнес өкілдерімен бірлесіп нақты қадамдар қолға алынды. Дегенмен, көпшілік арасында қоқыстарды бөліп тастау тәжірибесінің қалыптаспағандығы бұл өзекті бастаманы жеделдетіп іске асыруға қиындық туғызуда. Қазіргі таңда облыс әкімдігіне қарасты тиісті басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері тарапынан осы бағытта қоғамда ақпараттық үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Мәселенің экономикалық жағына да зер салып көрейік. Қоқыс өңдеу – 21 ғасырдың бизнесі десек артық айтпас едік, себебі бұл тек экологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді. Қалдықтарды қайта өңдеу шағын және орта кәсіпкерлік үшін қомақты табыс көзіне айналуы бек мүмкін. Өзіндік құнының төменгі есебінен қайта өндірілген өнімдер көптеген салаларда сұранысқа ие.

Айталық, 2019 жылдан бастап елімізде алдын-ала өңдеу жұмыстарынсыз тұрмыстық қалдықтарды көмуге тыйым салынатыны да қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісінің лайықты деңгейге шығатынына серпіліс бермек. Яғни, полигондарда өрт қаупі жоғары қалдықтарды, сонымен қатар, түсті және қара металл, шыны сынықтарын, батареяларын, электрондық және электр жабдықтарын, тамақ қалдықтарын және қоқыстың басқа түрлерін көмуге жол жоқ. Бұл заң талабы өз күшіне енген соң еліміздегі экологиялық ахуалдың жақсара түсетініне сенім мол.

Тұрмыстық қалдықтарды орталықтандырылып жинау, тасымалдау, залалсыздандыру және көму қалаларда жүргізіліп жатқан санитарлық тазалау шараларының бірі. Бүгінде бұл көрсеткіш 55 пайызды құрап отыр. 2020 жылға дейін облыс көлемінде аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Жалпы, өңірімізде қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату саласында оң тенденция байқалады. Мәселен, 2016 жылдың нәтижесі бойынша жинақталған қалдық көлемінің 3 пайызы қайта өңдеуге жолданса, былтыр жоспарланған 5 пайыздың орнына 6,4 пайыз көлеміндегі қалдықтар өңделді.

Облыс аумағында нақты іске асқан жобаларға келер болсақ, Шымкент қаласы Ақтас-1 елді мекені аумағында қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт қайта іске қосылып, сенімгерлік басқарудағы «Green line» ЖШС-і жұмыс атқаруда. Ордабасы ауданы, Бадам индустриалды аймағында «GREEN Technology Industries» ЖШС-мен полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу арқылы гранула және штапель жіптерін өндіру зауытының құрылысы жүргізіліп, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, облыста сұрыптау жұмыстарымен 10 жуық шағын кәсіпкерлік субьектілері айналысуда. Осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта жандандыру –басты мақсаттардың бірі. Бастысы – қоқысты бөліп жинау, сұрыптау мен қайта өңдеу – елдің бүгіні мен болашағы үшін аса қажетті дүние. Сондықтан, әр азамат осы іске толыққанды үлес қосып, ауқымды жобаның ойдағыдай іске асуына ат салысуы тиіс деген ойдамыз. Ал, бизнес өкілдері жоғарыда аталғандай, қайта өңдеуге қызығушылық танытып жатса, басқарма тарапынан тек қана қолдау көрсетуге дайын екенімізді атап өткен жөн.

И.Құрамысов, ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Пікір қалдырыңыз