Менингит – қауіпті жұқпалы ауру

Менингококк жұқпасы – ми қабығының қабынуымен асқынған бактериялдық жұқпалы ауру. Жұқпаның қоздырғыштары – менингококк бактериялары болып табылады. Олар ауа тамшылары арқылы – сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде беріледі. Менингококк бактериясының 12 түрі бар. Олардың 6-уы (A, B, C, W135, Ү, Х) адам өміріне өте қауіпті. Бактериялар мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығында болады және бір адамнан екіншісіне тығыз байланыс кезінде, бір мекемеде бірге ұзақ отыру кезінде жұғады. Аурудың асқынуы адам өміріне қауіпті.
Менингококктың алғашқы белгілеріне:
- жоғары дене температурасы
- бас ауру
- сананың бұлыңғырлануы және діріл
- денеде бөртпелердің пайда болуы
Басты қауіп бүлдіршіндерге, жасөспірімдерге және қарт адамдарға төнеді. Менингококк инфекциясына шалдығу деңгейі 1 жасқа дейінгі балалар арасында жоғары.
Қазақстанда соңғы 10 жылда менингококк инфекциясымен ауыру жоғары деңгейде сақталып отыр. Яғни 100 адамға 6,7 – 7,4 жұқтыру оқиғасы тіркелген. Бұл жалпы көрсеткіш. Ал балалар арасында тіркелуі көбірек кездеседі.
Аурудың алдын алу шаралары:
Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда шұғыл дәрігерге қаралу қажет. Сондай-ақ азық-түлік өнімдерін, жеміс-жидек пен көкөністерді міндетті түрде мұқият тазалап тұтыну, жеке бас гигиеналық тазалықты сақтау, бөлмені жиі желдету, дұрыс тамақтану, ағзаны шынықтыру қажет.
А. ТҰРЫМБЕТОВА, Еңбекші ауданы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы,
А. СЕЙІЛОВА, СӨСҚО маманы.