Жанкешті ерліктеріңіз жадымыздан мәңгі өшпейді!

  Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

 

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратын танытқан айтулы мереке.

Бейбіт өмір мен ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түсіп, қайғы-қасірет шеккен, соның бәрін қайыспай жеңе білген ардагерлердің жанкешті ерлігі мен еңбегі жадымыздан ешқашан өшпек емес. Сіздердің көрсеткен қайсарлықтарыңыз нағыз отансүйгіштіктің, көпұлтты татулықтың теңдессіз үлгісі болып тарихта жазылып қалды. Сондықтан да ел басына күн туған шақтағы аға-апаларымыздың жан аямас жаужүректілігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектеріне біз әрдайым құрметпен бас иеміз. Сындарлы сәтте кеудесін оққа тосқан батырларға айрықша құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы.

Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қайсарлық пен қаһармандық, Отанға деген сүйіспеншілік аса қатыгез сұрапыл соғыста Жеңіске жол ашты» деген болатын.

Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстан өңірінен 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмады. ІІ дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, 8 жерлесіміз жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталды. Бүгінгі таңда өңірімізде 174 Ұлы Отан соғысының ардагері, 4885 майданға қатысушылар мен мүгедектікке теңестірілген және 15733 тыл еңбеккері бар.

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

Ауыр күндердегі адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс білдіреміз! Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, бақ-береке тілейміз!

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев.

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев.

Пікір қалдырыңыз