«Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы»

  Үмітхан АЛТАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан». Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» атты республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті.

 

Фестивальге ОҚО әкімі Ж.Түймебаев, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен туризм саласындағы кәсіпкерлер, туристік компаниялар, шетелдік қонақтар, қылқалам шеберлері мен фотосуретшілер, ақындар және жастар қатысты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған іс-шара мақсаты – жастарды табиғатты аялап қорғауға шақыру, оларды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу.

Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Ақсу-Жабағылыда және осы Шұбайқызыл аталатын теңдесі жоқ төбеде өсетінін атап өтті.

«Шұбайқызыл шоқысы – еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген Грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездеседі. Қызғалдақ гүлі қазақ халқының түсінігінде көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Осындай әсем табиғатты аялап, туған жерді қадірлеу – баршамыздың міндетіміз. Сондықтан да биылдан бастап әр аймақта қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды шаралар өткізу және оларды дәстүрге айналдыру көзделіп отыр» деді облыс әкімі.

«Текті төрім – Түлкібасым» деп аталатын театрландырылған-хорео-графиялық қойылыммен бастау алған іс-шарада «Шұрайлым – Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жыр сайысында бас жүлдені (300 мың теңге) оңтүстікқазақстандық Әлімжан Әлішер жеңіп алса, 1-орынды (180 мың теңге) астаналық Қарлығаш Қабай иеленді. Ал, екі бірдей 2-орын (130 мың теңге) Нұртас Тұрғанбек (Алматы облысы) пен Абылайхан Есімбайға (ОҚО) бұйырды. Үш бірдей 3-орын (80 мың теңге) жерлестеріміз Сүндет Сейітов пен Арайлым Мұратәлиеваға және қызылордалық Ұлықбек Бекұзақұлы-на бұйырды. Думанды іс-шара соңы көрермендерге арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

Жастарға Шұбайқызыл төбесінің тарихы жайлы мағлұмат беріліп, жас ақындардың өлеңдері оқылды, табиғат тақырыбына арналған көрме мен жас суретшілердің сурет байқауы өткізілді. Іс-шараға 5 мың шамасында адам қамтылды. Сонымен бірге келушілер қылқалам және фотосуретшілердің көрмесі мен мемлекеттік табиғи парктер шеруін тамашалады.

Жиырма гектардай жерді алып жатқан, жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар алқабы тіршілік жаңарған осынау шақта қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді. Бұл жерді кезінде «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп атаса, қарымды қалам-гер М.Байғұт бастамасымен бүгінде «Шұбайқызыл шоқысы» деп аталады. Іс-шара барысында аталған төбеге «Қызғалдақ» белгісі орнатылды.

Пікір қалдырыңыз