Жүрегім «қазақ» деп соғады

Елімізде қабылданатын саяси маңызы бар құжаттардың көпшілігі жастар болашағымен байланысты болып жататыны бар. Иә, қазіргідей елімізде жастар саясатына мықтап ден қойылған уақытта менің замандастарымды өз болашағы мен бүгінгі заманда жақсы өмір сүруі қызықтырады. Елбасымыздың наурызда жариялаған «Бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінің үшінші бастамасын – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты бастамасы біздің жанымызға ерекше жақын.
Мен қазіргі таңда «Мирас» университетінің екінші курс студентімін. Университетімізде сапалы білім беруге барынша жағдай жасалғанымен, әлі күнге дейін жатақханасы жоқ. Тек бұл университет емес, Шымкент қаласындағы тоқсан тоғыз мың студенттің елу пайызы мен сияқты жатақхана қажет ететіндер. Олар осында облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандардан келіп оқып жатқан жастар. Қазақта «Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді, сондықтан шырайлы Шымкент қаласында алдағы уақытта Астана, Алматы сияқты еліміздің үлкен қалаларындағыдай студент жастарға арнап «Студенттік кампус» немесе «Студенттік қалашық» құрылысы басталса нұр үстіне нұр болар еді. Мен бұл тілекті қаланың өзім секілді студент жастарының атынан айтып отырмын.
Менің ұлтым орыс болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады. Қазақстандағы бейбіт өмір мен тыныштыққа жастар атынан алғыс айта отырып, алдағы уақытта елімізді біліммен биікке шығарамыз деп ойлаймын. Еліміз үшін қажет деп саналатын төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға, оның ішінде инженерлер, ақпараттық технология, робототехника, нанотехнология салаларына зор мүмкіндік беріліп отыр. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі деп білемін.
Қазіргі уақытта өзім басқаратын қоғамдық ұйым арқылы қаланың жастар саясатына белсене араласудамын. Болашақта архитектура саласының маманы атанып еліме қызмет ететініме сенемін. Кез келген елді тану үшін сырт адам сол елдің жастарын сынайды. Сол сындарға лайықты білімді жас болу менің де, замандастарымның да міндеті.
Святослав КОВЧЕНКО, «Арман кеме» жастар қоғамының төрағасы.