Сәбит Мұқанов қалдырған қолтаңба

Сирек суреттер сөйлейді Бұл сурет қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Мұқановтың 1966 жылы Кентау қаласында қонақта болған кезінен көрініс. Қаламгер Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектептің мұражайын тамашалаған.
Сол кездері «Ащысайтүстіметалл» комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған Парсұлтан Қаңлыбаев бұл сурет жайлы «Кентау» атты кітаптағы естілігінде былай дейді: «Менің үйімде өте құнды, әрі көне фото құжат сақталып қалыпты. С. Мұқановты сол кезде қаланың табиғаты таңқалдырды. Жазық дала және таулар, ағып жатқан өзендерді көріп, «Жасыл желекті Кентау қаласын халық «Құмдағы Оазис» деп бекерге атамаған екен» деген еді».
Мектептегі музейде орналасқан Ы.Алтынсарин жайындағы материалдарды көріп, «Сіздер көрікті қала Кентаудағы бір мектепті қазақтан шыққан тұңғыш ағартушының есімімен атағандарыңыз қандай жақсы болған. Жас ұрпақ қазақ ұлдарының еңбегін, мәдениеті мен қоғамға жасаған игі істерін біліп жүруі керек» деп өсиетін айтыпты.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ,
Кентау қаласы