«БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫН» IЗДЕГЕН ҚАЗАҚСТАН

  Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстiк Қазақстан». Сөз жоқ, 2017 жылдың ең үлкен оқиғасы – Астанада өткен ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесi. Жұмыр жер жұртшылығын елеңдеткен көрмеде әлем ғалымдары 153 ғылыми өнертабысын ұсынса, балама энергия көздерiнiң 140-қа жуық жобасы таныстырылды. 93 күнге созылған көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым павильондарын ашып, 178 мемлекеттен саяхатшылар келдi. Жалпы, ЭКСПО – 2017 көрмесiн 4 миллион адам тамашалады. Көрмеге 50-ден астам мемлекеттiң президенттерi мен үкiмет басшылары және өзге де лауазымды тұлғалары қатысты. Бұл – қазақ халқының ынтымағы мен еңбегiнiң нәтижесiнде келген жетiстiк.

 

Жуырда Парижде Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 162-шi сессиясы өттi. Оған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есiмов бастаған делегация қатысты. Жиында Халықаралық көрмелер бюросы Астанадағы көрменiң жоғары деңгейде өткенiн айтты. Бұл – қазақ халқы мен осы iс-шараға бастамашы болған Елбасының жеңiсi. Осыны ескерген Халықаралық көрмелер бюросы ЭКСПО–2017 көрмесiн жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшiн Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа алтын медаль тапсырған болатын.

Қазiр жұртшылық тарапынан «ЭКСПО – 2017 көрмесi бiзге не бердi? Ғылымымыз дамып кеттi ме? Көрмеге арналып салынған нысандардың алдағы тағдыры не болады?» деген сұрақтар жиi қойылады. Бiрден айтайық, мұндай iс-шара бiрден жемiсiн бермейдi. Осы көрмедегi ең таңдаулы жобалар iрiктелiп, талданып, өндiрiске енгiзiлуi үшiн бiраз уақыт керек. Дегенмен, қазiрдiң өзiнде бiрқатар жобалар қолдау таба бастады. Мәселен, Kazakh Invest ұлттық компаниясы көрмеде 20 келiсiмге қол қойған. АҚШ, Жапония, Швейцария, Польша және өзге де мемлекеттер Қазақстанда IТ, мұнай мен химия және машина жасау салалары бойынша бiрлесiп жұмыс iстеуге қызығушылық бiлдiрген. Бұл туралы Инвестиция комитетi төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиева мәлiмдедi. Сонымен қатар, көрмеде 15 мемлекет ұсынған 66 жоба елiмiздiң ауыл шаруашылығы саласында қолданысқа енгiзiлуi мүмкiн. Өңiрлерде де ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесiнде ұсынылған жобаларды жүзеге асыру бағытында көптеген жиналыстар өтiп, мiндеттер айқындалып жатыр. Мәселен, Қарағанды облысы 7 жобаға қызығушылық танытса, Астана қаласында финдiк технологиямен салынған ауаның ластанбауын қадағалайтын құрал тәжiрибе ретiнде iске қосылды.

Оңтүстiк Қазақстан облысы ЭКСПО – 2017 көрмесiндегi жобаларға алғашқылардың бiрi болып үн қосып, «Биогаз қондырғылар кешенiн» салып үлгердi. Бұл жобаны Астанадағы көрмеде Чехия павильоны ұсынған болатын. Шайынды судан газ және электр қуатын алатын орталықтың ашылу салтанатында облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев «Елбасының «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы» және көрме қорытындысы бойынша өңiрде 14 жоба iрiктелiп алынды. Биыл соның төртеуi iске қосылды. Жыл соңына дейiн Қазығұрт ауданында «Достық» шағын су электр стансасы iске қосылады. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданында қуаты 20 МВт «Жылға» және Жетiсай қаласы маңында қуаты 5,0 МВт екi күн электр стансаларының құрылыс жұмыстары басталды» дедi.

Өңiр басшысы селекторлық мәжiлiстерде ЭКСПО – 2017 көрмесiндегi iрiктелген жобаларды жүзеге асыру бойынша инвестиция тарту мәселесiн үнемi назарда ұстайды. Энергияның баламалы көздерiн өндiру бойынша аудан және қала әкiмдерiне нақты тапсырма бердi. Ендi облыста күн және су, сонымен қатар, жел электр стансалары көбеймек. Қысқасы, жаңартылған қуат көздерiн табуға деген iзденiс пен қозғалыс бар.

Халықаралық көрмеден кейiн елiмiзге келетiн саяхатшылар саны көбейдi. Мысалы, биыл 6 айда облысқа келген саяхатшылар саны 128 мыңға жетiп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 55 пайызға көбейген.

Тағы бiр айта кетерлiгi, ЭКСПО қалашығындағы нысандар бұдан былай да ел игiлiгiне қызмет атқара бередi. Жуырда қайтадан қонақтарды қабылдай бастаған «Нұр әлем» сферасы болашақ мұражайы ретiнде iске қосылды. Ал, 868 көрермен сиятын энергия холы ресми және арнайы iс-шараларды өткiзетiн орынға айналды. Көрме кешенi аумағында адам ресурстарын дамыту бойынша бiлiм беру орталығы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IТ технопаркi және «Жасыл технологиялар» орталығы жұмыс iстейтiн болады. Көпфункционалды конгресс орталығында мәдени және iскерлiк шаралар өткiзiледi. Байқағаныңыздай, нысандар қаңырап бос қалмайды. Туристiк және ғылыми орталық ретiнде саяхатшыларға қызмет көрсетуiн жалғастырады.

ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесiнiң жабылу салтанатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Көрме өткiзу арқылы шағын және орта бизнестегi 1400-ден астам кәсiпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткiзуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристiк сектор жандана түстi. Туроператорлардың қызметiне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны 10 пайыздан аса көбейдi. Елорда бюджетiне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өстi. Қазақстанның астанасы бүкiл әлемнiң назарын өзiне аударды. ЭКСПО көрмесiн өткiзу арқылы бiздiң ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берiк екенiн тағы да дәлелдей түстi. Жалпы, бiздiң көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенiмдiмiн» деген болатын.

Кезiнде ядролық қарудан әлемде алғашқы болып бас тартқан Қазақстан мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жасыл технологияларды енгiзу бойынша да бастамашы бола бiлдi. Орта Азияда ғана емес, ТМД елдерiнде алғаш болып көрменi өткiзген Қазақстан «Болашақтың энергиясын» басты тақырып етiп алды. Ендi әлем ғалымдары осы бағытта iзденiстерiн күшейтедi. Көрме аясында Астанада 12 конференциядан тұратын «Болашақтың энергиясы» форумы өттi. Осы форум қорытындысы бойынша Нобель сыйлығының иегерлерi мен өзге де ғалымдар ЭКСПО – 2017 көрмесiнiң құндылықтар мен ұстанымдар манифесiн әзiрледi. Манифесте баламалы қуат көздерiн табу, ауаға шығатын өндiрiстiк улы газдарды азайту, қоршаған ортаны қорғау, Елордада «Жасыл технологиялар» орталығын құру және өзге де ғаламдық деңгейдегi мәселелер қозғалған. Яғни көрме аяқталғанымен, әлемде және елiмiзде баламалы қуат көздерiн табу, көмiрсутегi экономикасынан жасыл экономикаға көшу, қоршаған ортаны қорғау, күн және жел қуатын пайдалану бағытында ауқымды жұмыстар жанданады. Қазақстанда ғылымның дамуына қолдау көрсетiлiп, туризм дамиды. Ел имиджi көтерiлдi. Астанадағы көрменiң басты жетiстiгi де – осы.

Пікір қалдырыңыз