КӨНЕ ҚАЛАШЫҚ КӨРКЕЙIП КЕЛЕДI

  Н.Назарбаев: «Бiз – ұлан-ғайыр жерi мен аса бай рухани тарихы бар елмiз. Ұлы Даланың көз жеткiзгiсiз кең-байтақ аумағы тарихта түрлi рөл атқарған. Бiрақ, осынау рухани географиялық белдеудi мекен еткен халықтың тонның iшкi бауындай байланысы ешқашан үзiлмеген».

 

Шымкент қаласында көздiң жауын алатын зәулiм ғимараттар, мәдени орталықтар мен демалыс орындары жылдан-жылға көбейiп келедi. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналған кешендер мен ескерткiштер де қала көркiн аша

түсуде. Солардың iшiнде «Тәуелсiздiк» саябағының алар орны ерекше. Өйткенi, ол кез келген жерге салынған жоқ. Өткен мен бүгiндi жалғастырып отыратын алтын көпiр iспеттi етiп, бұрынғы ескi қалашық орнына тұрғызылды.

Ескi шаһарда ата-бабаларымыз талай-талай алқалы жиындар өткiзiп, ел ертеңi үшiн қаншама кесiмдi шешiмдер айтқан десеңiзшi... «Тәуелсiздiк» саябағының ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып: «...Шымкент – сәулеттi қала. Таңертең дендросаябақты аралап, көлдi көрдiм. Үлкен жұмыстар атқарылыпты. Мына саябақ қандай әсем. Тарихқа тұнып тұр» деген болатын.

Расында да, саябақ iшiне енсеңiз алдыңыздан гүлмен көмкерiлген «Тәуелсiздiк шежiресi» шығады. Онда елiмiзде 1991-2011 жылдар аралығында орын алған аса маңызды оқиғалар қашап жазылған бiртектес мәрмәр тастар тiзiлiп тұр. Тарихқа көз жүгiртсек, қалашықтың негiзi ХI-ХII ғасырларда қаланған. Ол қазiргi Шымкент қаласының оңтүстiк-шығысында орналасқан.

Ертеден-ақ бұл жер егiн егуге және мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы болған. Өзен бойындағы алқаптарда қоныстанған тұрғындар түрлi дәндi-дақылдар ексе, көшпелi жұрт мал шаруашылығымен айналысқан. Сонымен қатар, шаһарда сауда-саттық та жақсы дамыған. Жалпы, қалашық көптеген тарихи оқиғалардың куәсi болды. Түрлi басқыншылар мен жоңғар шапқыншыларының шабуылына жиi ұшырады.

1914 жылы Қазақстанның Ресей империясына қосылуына байланысты қалаға орыс генералы Черняевтiң есiмi берiлдi. Алайда, 1921 жылы қала о бастағы «Шымкент» атауына қайта ие болды. Экономикасы өркендеп, iрi кәсiпорындар iске қосылды. Мақта комбинаты, қаракөл, цемент, гидролиз, фосфор, шина және мұнай өндеу зауыттары ашылды. «Восход» тiгiн фабрикасы да жұмысын бастады.

Қазiр кез келген елде көне қалалар аумағы қоршауға алынып, туристердi тартатын орынға айналған. Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев та көне қалашықты осындай деңгейге жеткiзуге барынша көңiл бөлуде. Осы мақсатта «Көне қала аумағын толық жайғастыру» жобасы дайындалған. Соған сәйкес, көне қалашықта соңғы жылдары бой көтерген үйлер, ғимараттар бұзылып, олардың орнына қорғанға ұқсас ұзын қабырға тұрғызылмақ. Келер жылы ескi қалашықтың Д.Қонаев даңғылы арқылы өтiп, Әйтеке би көшесiне барып қосылатын бөлiгiнде құрылыс жұмыстары басталмақ. 2020 жылға қарай құрылыстың негiзгi бөлiгiн аяқтау көзделген. Бұйыртса, сол жылы Шымкент қаласының 2200 жылдығын атап өтетiн боламыз.

Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз