ТАУҒА ҒАШЫҚ ЖIГIТ

Н.НАЗАРБАЕВ: «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасы – Тәуелсiздiк жылдарында табысқа жеткен, елiмiздiң әр өңiрiнде тұратын түрлi жастағы, сан алуан этнос өкiлдерiнiң тарихы. Бiз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздiң байыбына бара бермеймiз. Шын мәнiнде, Тәуелсiздiк дәуiрiнде өзiнiң еңбегiмен, бiлiмiмен, өнерiмен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүрiп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткiш». Бiз оны таудан таптық. «Етекке қашан түсесiз?» деймiз, биiк-биiк шыңдарға шығуға ерiк- жiгерiмiз жетiңкiремей, төменнен қарап тұрып. Тауда түнеп үйренген ол таңда жолығуға келiсiм бердi. Жылына тау басына 40 рет барып келетiн кейiпкерiмiздi альпинист деп ойлап отырған шығарсыздар. Жоқ. Мамандығы –қаржыгер. Тауға шығу, шыңды бағындыру оның әуес iсi–хоббиi. Өз сөзiмен айтсақ «ауруы». Жә, мен оны сiздерге жақынырақ таныстырайын.
Ержiгiт Жұмадiл – Шымкентте тұрады. Қаланың асфальтта өскен баласы. «Мирас» университетiнде оқыды. «Қаржыгер боламын» деп армандады. Бизнес бастап көрдi. Компьютерлiк қызметтер көрсететiн орталық ашты. Бәрiбiр өзiне қажеттiнi таппағандай күй кештi. Осылай жүргенде рухани бауыр тұтып кеткен Дана Мадалиеваны жолықтырды. Дана о бастан тауға ғашық қой. Екi күннiң бiрiнде тау басында отырып сурет салады. Тау туралы қызықты әңгiмелерiн тыңдай жүрiп Ержiгiт тауға баруға бел буды.
Бұрында да барған ғой. Ата-анасы жетектеп бала күнiнде Бiркөлiкке, Машатқа апарған.
– Оның бәрi «пикник», таза ауада отырып тамақ iшiп қайту екен ғой,– дейдi қазiр тау туризмi туралы түсiнiк-пайымы артқан Ержiгiт.
Биiктiкке құмартпайтын қазақ жоқ. Көз алдымыздағы биiктiк ол – әсем таулар. Тауға шығудың да өз ережесi, тәртiбi бар. Оны Ержiгiт бiледi.
– Тауға барып демалу деген керемет. Мейлi ол тамақ iшiп қайтуға арналса да қажеттi дүние. Ал, тау туризмi деген мүлдем басқа дүние. Бұл ендi сырға толы кәсiп қой.
Жерде әңгiмелесiп отырмыз. Байқаймын, Ержiгiттiң назары да, жанары да тауда. Әңгiменi тау шыңдарына қарап отырып айтады. Тау оны сиқырлап алған.
Дана әпкесi қызықтырған шыңға Ержiгiт алғаш рет альпинист Ербол Оразалинмен бiрге шықты. Сарыайғыр шыңы оның басын айналдырды. «Мынадай ғажайып, керемет табиғаттың сыйы бiздiң өлкеде ме? Өзгелер неге мұны бiлмейдi? Неге тау шыңына көтерiлмейдi?» деген ой Ержiгiттiң мазасын алды. Сарыайғырдан басталған тауға деген сүйiспеншiлiк «Тау фестивалi» кезiнде кәнiгi альпинистермен бiрге оны Альтус шыңына жетеледi. Теңiз деңгейiнен 3 346 шақырым биiктiкте орналасқан шың Ержiгiттiң арманын еселей түстi. Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойында альпинистермен бiрге «Бабалар аңғарында» түнеп, Тәуелсiздiк шыңына көтерiлгенде тiптi масаттанды. Сол шың басында тұрып, «Тәуелсiздiгiмiздi баянды ету үшiн мен елiме қандай үлес қосып жүрмiн?» деген сұрақ мазалады. Ержiгiттi ғана емес, шыңға көтерiлгендердiң бәрiн де осы ой жетектеп кететiн көрiнедi. Тылсым күш.
– Тәуелсiздiк шыңынан соң облысымызда тау туризмiн дамытуға кiрiстiм. «Оңтүстiк туризм» орталығымен байланысты нығайта түсiп, тауға қызығушыларды топтап ертiп барып, жол-жөнекей адамгершiлiк, iзгiлiк жайлы әңгiме айтып, таулар туралы аңыздарды баяндаймын. Туристер дән риза. Келесi жолы басқа шыңды бағындыруға құмартып тұратын болды. Бұл iс өзiме де ұнады. Осылайша жылына 30-40 рет тауға барамын.
Оңтүстiктiң таулары кәсiби альпинистердiң айтуынша тау туризмiн дамытуға таптырмайтын олжа екен. Батыс Алатауының Тянь-Шань сiлемдерi, Өгем мен Талас Алатауының түйiскен жерi, Қаржантау мен Өгемнiң құшақтаса кететiн тұстары көзбен көрiп бағалайтын байлық.
Қаржантау жотасы, Доңызтау шатқалы, Сарыайғыр, Оңтүстiктiң жауһары атанған – Сайрамсу, альпинистердiң жабайы шатқалы – мұның бәрi де Ержiгiт арқылы туристер танып бiлiп жүрген соқпақтар.
– Бiраз жыл бұрын суықтап қатты ауырдым. Дәрiгерлер созылмалы бронхит деген диагноз қойды. Сол аурудан осы тауға келiп жазылдым. Тауда арша көп. Қылқан жапырақтылардың iшiндегi қарағайға қарағанда эфир майын 3 есе көп бөлетiн бұл ағаш денсаулыққа бiрден-бiр дауа. Жалпы, денсаулығын ойлаған адам тауға жиi шығып тұруы керек. Тау артық салмақты да жояды. Тауға ғашық болмай тұрғанда салмағым 93 келi едi, қазiр – 81. Әлi де азсам ба деймiн, – дейдi Ержiгiт жылы жымиып.
Кейiпкерiмiздiң әсерлi әңгiмесiнен соң тауға шығудың ережесiн бiлмекке құмарттық. Оңай емес екен. Ең алдымен тауға арналған аяқ киiм кию мiндеттi. Ыңғайлы сырт киiм – қажеттiлiк. Ең бастысы тауды сүюiңiз – мiндеттi.
– Өткенде Өгем өртенгенде қатты күйзелдiм. Табиғаттың баға жетпес байлығын отқа орап кеткен мейiрiмсiз жандардың қылығына ренжiдiм. Тауға келiп қоқыс тастап, ағаштарды сындырып, тасын лақтырып тағылық мiнез көрсететiндердi түсiнбеймiн. Ұрпағымызға қалдыратын байлығымызды көздiң қарашығындай сақтау керек. Мен тауға ертiп баратын топ мүшелерiне ең алдымен салақ болмаңдар деп ескертемiн. Бiр-бiр пакет таратамын. Өз қоқысын өзi жинап жүрсiн деп. Тiптi, өзгелер тастап кеткен қоқысты да терiп түсемiн төменге. Себебi, мен тауды жақсы көремiн.
Иә, ол тауға ғашық. Әне, тағы да «тауға апарыңызшы» деген топты бастап биiкке өрмелеп барады. Таудан түскенi таңда ғана. Тағы кеттi. Тоқтағысы жоқ.
Жәмила МАМЫРӘЛI, «Оңтүстiк Қазақстан».