ТАРИХ ТАҒЛЫМЫ

  Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мәнi зор еңбегiнiң жас ұрпаққа берер үлгi-өнегесi өлшеусiз. Ұлттық сананы жаңғырту жолында рухани сiлкiнiс туғызған еңбектiң тарихи тағлымы да ұшан-теңiз.

 

Рухани жаңғырудың бастау бұлағы «Мәдени мұра» (2004), «Халық – тарих толқынында» (2013) бағдарламалары аясында басталды. Елбасының биылғы жылы жасаған дәстүрлi Жолдауы «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» деп аталғаны мәлiм. Президент араға аз ғана уақыт салып бұл жаңғырудың жөнi тiптi бөлек екенiн, рухани жаңғыруға бет бұрған қоғамдағы ұлттық сана туралы ойын одан әрi өрбiттi. Ұлттық сананы жаңғыртудың кезеңi келдi деп бiлетiн, дамыған, келешегi баянды мемлекет құруды мұрат еткен Ұлт көшбасшысы осы орайдағы кемел ойларын бiрнеше бағытта, дәлiрек айтқанда бәсекеге қабiлеттiлiк, прагматизм, ұлттық бiрегейлiктi сақтау, бiлiмнiң салтанат құруы, Қазақстанның революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы жайын жаңғыртумен жалғастырған. Аталған аманаттардың қай-қайсысы да ХХI ғасырға азат, тәуелсiз ел ретiнде қадам басқан қазақ елiнiң жұлдызын жарқыратып, әлемдiк өркениет көшiне ұмтылған халықтар санатына қосуды мұрат тұтады.

Сан ғасырлар бойы отарлаушы елдiң тепкiсiн, теперiшiн көрiп келген халықтың ұлттық санасы аз ғана уақыт iшiнде әрине, бiрден жаңғырып кете алмайды. Алайда, азаттықпен өткен ширек ғасыр рухани жаңғыруымызға негiз қалағаны сөзсiз. Ал, ендi рухани жаңғырудың бiр биiгi тарихи сананы жаңғыртумен ұштасқанда ғана өз нәтижесiн бередi. Сол себептi де кемеңгер Көшбасшымыз революциялық сiлкiнiстерден көз ашпаған өткен ғасыр көшiнiң келбетiне былай деп баға бередi: «ХХ ғасыр халқымыз үшiн қасiретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Бiрiншiден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзiмiзге ғана тән жолы бiржола күйретiлiп, қоғамдық құрылымның бiзге жат үлгiсi ерiксiз таңылды. Екiншiден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бiр ғасырдан берi әлi жазылмай келедi. Үшiншiден, қазақтың тiлi мен мәдениетi құрдымға кете жаздады. Төртiншiден, елiмiздiң көптеген өңiрлерi экологиялық апат аймақтарына айналды».

ХХ ғасырдағы ақтаңдақтар бояуы тым қалың. 1916 жылы басталған ұлт-азаттық көтерiлiсi, азамат соғысы (1918–20) салған лаңдардың жалғасы дәулет жиғандардың малын тартып алып тәркiлеумен, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қайраткерлерiн қуғындаумен, 1931–1933 жылдардағы қазақ халқының тең жартысын қырғынға ұшыратқан, қолдан жасалған аштықпен жалғасты. Одан әрi «халық жауларын» әшкерелеу арқылы ату, айдау, Ұлы Отан соғысы салған қасiрет, ақыр аяғы тың игеру саясатының қазақ жерiне әкелген орасан зор экологиялық апатына ұласты. Сонымен қатар Елбасы ерекше атап көрсетiп отырғандай, бәрiмен ұдайы қат-қабат бiрге орын алған қазақтың тiлi мен мәдениетiн құрдымға кетiрудi көздеген рухани апаттардың өлшемiн сөзбен айтып жеткiзу оңай емес.

Елбасының тарихи жадыны жаңғырту үшiн айтылған осы ойларының әрбiр түйiнi кейiнгi ұрпаққа сабақ боларлық даналық мектебi. Құлдық қасiреттiң, бодандық қамыттың не екенiн бiлмейтiн жас ұрпақ өсiп келедi. Алайда, бұл ұрпақ өткен тарих тағлымынан ғибрат алып, ғасырлар бойы күрестiң жемiсiмен келген жеңiстi баянды ету жолындағы қиындықты жеңiп, мәңгiлiк ел болуды мақсат еткенде ғана халық арманы жүзеге асады.

Елбасы «Бiз тарихтың сабағын айқын түсiнуiмiз керек. Революциялар дәуiрi әлi бiткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлi өзгердi. Бiздiң кешегi тарихымыз бұлтартпас бiр ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуiне мүмкiндiк беретiнiне көзiмiздi жеткiздi. Бұдан сабақ ала бiлмесек, тағы да тарихтың темiр қақпанына түсемiз» деп ескертедi. Ұлт Көшбасшысының кемел ойларының бәрi бiз үшiн ғибрат пен өнеге.

Қара жамылып, қаба сақал қойып, «тақуа» болып көрiнгенiмен қантөгiс жасаудан шiмiрiкпейтiн экстремистердiң ұлт болып ұйысуымызға төнген қатер екенiн тарихтан тағлым ала отырып, бағамдауға болады. Демек, Президент «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «мың өлiп, мың тiрiлген» халқымыздың өткен тарихынан тағлым ала отырып таяу жылдардағы мiндеттердi де белгiлеп бердi. Қателiк жасауға, көштен қалуға хақымыз жоқ. «Туған жерге ту тiккен» халқымыздың алдында ұлы мақсаттар, биiк асулар тұр. Тарих өлшемiнiң аз ғана уақытында өзгерiп, бүкiл әлем жұртшылығы алдында абыройы асқақтап келе жатқан халқымыздың ұлттық сана биiгiнде самғап, өркениет көшiнiң алғы сапында тұруға ұмтылатын кезi келдi.

Нариман Нұрпейiсов, филология ғылымдарының кандидаты, Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институты филология және тарих факультетiнiң деканы. Шымкент қаласы.

Пікір қалдырыңыз