МӘСЕЛЕ – АТА-АНАДА!

Таяуда «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң баспасөз клубында қазақ балалар әдебиетiнiң хал-күйi және оны мектептерде оқыту мәселесiне арналған «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өттi. Оған Шымкент қалалық бiлiм бөлiмiнiң әдiскерi Гүлжан ТӘЛIПБАЕВА, Шымкент қаласындағы №47 мектеп-гимназияның мұғалiмi Бибiайша БЕЙСЕТАЕВА, Шымкент қаласындағы №23 мектеп-лицей мұғалiмi Зәбира ТӨЛЕШБАЕВА, «Төле би» кiтап үйiнiң директоры Қатира МҰХАМЕДЖАНОВА, Шымкент қаласындағы Фуркат атындағы №37 мектептiң педагог-психологы Роза ОМАШОВА, Шымкент қаласындағы №45 «Аққу» балабақшасының әдiскерi Гүлмира БЕРДIБАЕВА, Шымкент қаласындағы №23 мектеп-лицейдiң бастауыш сынып мұғалiмi Ақерке ӨМIРӘЛИЕВА қатысты. Мәжiлiстi газеттiң бас редакторы Абай БАЛАЖАН жүргiзiп отырды.
Әдебиеттiң ең үлкен проблемасы балалар әдебиетiнен басталады
А.Балажан, «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң бас редакторы: – Өздерiңiзбен ақылдаса, кеңесе отырып, келешекке арнап келелi жиын өткiзу көптен ойымызда жүр едi, соның сәтi бүгiн түскен секiлдi. Бүгiнгi таңда балалар әдебиетi, оның хал-күйi туралы проблемаларды көтерiп жүрген ешкiм байқалмайды. Бiз қит етсе «бүгiнгi жастар кiтап оқымайтын болды» деп оларды күстаналауға дайын тұрамыз. Оның себебiн интернеттен, теледидардан iздеймiз. Иә, бұл проблеманы да ешкiм жоққа шығармайды. Дегенмен, оқырман дайындау мәселесi мектеп партасынан басталмайды ма? Ендеше, әдебиеттiң ең үлкен проблемасы да балалар әдебиетiнен басталуы керек. Бұл мәселе, негiзi, үлкен жиындарда, биiк мiнберлерден айтылуы тиiс едi. Мүмкiн, бiздiң отырысымыз соларға түрткi болар деген үмiтпен өздерiңiздi шақырып отырмыз.
Әдебиет – руханияттың құралы, ал, руханият – ұлттың ұстыны. Ұлтты аман сақтап қалатын ең алдымен руханият. Қазақ отыз екiншi жылы қынадай қырылды. Жартысынан астамынан айрылды. Руханияты мықты болмаса, ол сондай жосықсыз зұлматтан кейiн басын қайта көтере алмас едi. Көтерсе де басын бiрiктiре алмас едi. Руханиятының мықтылығы арқасында мыңыншы рет өлiп, қайта тiрiлдi.
Иә, қазiр «көркем әдебиет оқылмайды» дейтiн проблема бар. Және оның ауылы шындықтан алыс та емес. Керек десеңiз, сол ақын-жазушылардың өздерi де әрiптестерiнiң жазғанын оқи бермейдi. Бәлкiм, заман солай шығар. Тоқсаныншы жылдарға дейiн газет-журналдарда «Оқыдық, пiкiр айтамыз», «Жаңа кiтап жайлы», т.б. тұрақты айдарлар болатын. Сол арқылы қалың оқушы қауымға баспадан жаңа шыққан кiтаптар насихатталатын. Мүмкiн, сондай игi шаралардың арқасы да болар, ол кезде кiтап тиражы кемi 20-30 мың дана болып шығатын. Алдының тиражы 100 мыңға дейiн баратын. (Қазiр ары кетсе 2 мыңнан аспайды. Кiтабын сатуды авторлардың өздерiнiң мойнына артып қойдық, ал, олар оны сата да алмайды. Сiзге келедi, сатамын деп айта алмай, сыйға берiп кетедi. Пойызда кiтабын сататын жалғыз Алпысбай Боранбаев қана...). Кiтап баспаға түскеннен бастап ол қанша тиражбен шығады, қай облысқа қанша данасы кетедi, бәрi жоспарланатын. Жыл сайын Жазушылар одағында жыл қорытындысы жиыны өтетiн. Онда проза, поэзия, драматургия, сын жанрларының бiр жылына шолу жасалатын, соның iшiнде балалар әдебиетiне де арнайы орын берiлетiн. Жазушылардың пленумдарында, съездерiнде балалар әдебиетi жайлы арнайы баяндамалар оқылатын. Онда қанша поэзия, қанша проза кiтабы шықты, балалар әдебиетiнiң сыны қай деңгейде, бәрi қамтылатын. Асқар Тоқмағанбетов, Өтебай Тұрманжановтан берi қарай Қастек Баянбаев, Әдiбай Табылдиев, Қадыр Мырзалиев, Мұзафар Әлiмбаев, Ескен Елубаевтың кiтаптарын оқып өстiк. Сол кезде Әбдiрахман Асылбековтерге дейiн балалар ақыны болып кеттi... Балалар әдебиетiне басымдық берiлетiн, олардың кiтаптары баспаханада ұзақ кезек күтiп жатып қалмайтын.
Ендi бүгiн, айдың-күннiң аманында өз руханиятымызға өзiмiз шабуыл жасап жатырмыз. Ал, ұлтты сақтау үшiн руханиятты, демек, әдебиеттi сақтау керек екенiн көрдiк. «Сол әдебиет бүгiн неге оқылмайды?» деген сұраққа берiлер жауапты негiзiнен жоғарыда айттық, «өмiрiмiздi теледидар басып кеттi, интернет жаулап алды» болып келедi. Шындықты жоққа шығара алмаймыз. Бiрақ осы арада оқырманды кiтап оқуға дайындауды жиыстырып қойғанымыз айтылмай жүр. Бұрын елдiң әдебиетке деген махаббатын «Қобыландыны», «Алпамысты», «Қыз Жiбектi» жатқа айтатын жыршылар оятатын. Қазiр жастар арасында КВН-шiлердiң түкiрiгi жерге түспей тұр. Жетпiсiншi-сексенiншi жылдардағы КВН-нiң табиғаты сәл бөлектеу болатын. Қазiргiдей жұртты қайтсем күлдiремiн деп ешкiм бет-аузын қисаңдатпай, бiр-бiрiмен бiлiм жарыстыратын. Мәселен, екi класс екi команда – бiр жағы Б.Соқпақбаев командасы, екiншi жағы А.Гайдар командасы, т.т. болып жарысатын. Және жауап бере алатын болуы үшiн әр команда қарсы команда атын алған жазушының шығармаларын да түгел тауысып оқитын. Ауылдағы қарапайым мұғалiмдер бүгiнгi аға буынды әдебиетке осылай баулыды.
Ал, тоқсаныншы жылдардағы «өтпелi кезеңнен» бастап, бiз кiтапқа қарауды қойдық, балаға кiтап оқы деудi ұмыта бастадық, рухани қажеттiлiктерден гөрi матери қажеттiлiктерге басымдық берiле бастады. Бiздiң балалар бүгiн не оқып жүр? 5-10 жасында кiтаппен достаспаған бала одан кейiн оған қызыға ма? Неге бiз оларды кiтаппен достастыра алмай жүрмiз? Бүгiнгi басқосуымыз қарсаңында бiз республикадағы 10 шақты баспаға соңғы 5 жылда балаларға арнап қандай кiтап шығарғаны жайлы сұраныс хат жазып, артынан қайта-қайта телефон соғып жүрiп, әрең дегенде үшеуiнен ғана жауап ала алдық.
Мәселен, «Өнер» баспасы 4-5 жол ғана жауап жазыпты. Олардың шығарған кiтаптары – А.Құралұлының «Балалық дүние таным», Ж.Қалжанованың «Бал дәурен – ән дәурен», С.Қалиұлының «Бiз шадыман баламыз», Абайдың «Қара сөздерi», «Абайдың лұғаты», Б.Момышұлының «Өсиет сөздерi». Әрқайсысы 2 мың данамен. «Бiз көп кiтап ұсынамыз, бiрақ мемлекет көмектеспейдi, ал, өзiмiз шығаруға қаржымыз жоқ, сондықтан баспамыздан балаларға арналған кiтаптар өте аз шығады» дейдi...
Г.Тәлiпбаева: – Осы отырған әрқайсысымыздың өз қызметiмiзде жүргенiмiзге кемi 10-15 жылдың жүзi болды. Бiз жыл сайын, әр оқу жылының соңында шығармашылық топты жинап, министрлiк тарапынан келетiн, оқытылатын әдебиет оқулығының тiзiмiне қатысты қай оқулық мектепке қаншалықты қажет деген сұрақты талқылап, өз ұсынымызды жоғарыға жолдап жатамыз. Сонымен қатар, министрлiк бекiтетiн, оқулықтарға сараптама жасайтын топ бар, бiз ол кiсiлер арқылы да «Астанаға барғанда мына нәрсе артық, ал, мына нәрсе жоқ, ол бiзге керек, осыны жеткiзiп берiңiздер» деген сәлемдемемiздi айтамыз. Бiрақ бiздiң ұсыныстарымызға жауап қайтарылмайды және олардың қабылданғанын, iске асқанын да көрмеймiз.
А.Балажан: – Бiз мектепте балаларға қандай ән үйретiп жүрмiз? Бұрынғыдай патриоттық әндер айтыла ма? «Балалар бұзылды, атысатын, шабысатын болды» деймiз. Олар денi дұрыс ән айтпаса, көркем әдебиет оқымаса, атыспағанда қайтедi?
Б.Бейсетаева: – Теледидардан, интернеттен күнi-түнi көретiнi атыс-шабыс болса деңiз... «Балалар әдебиетi – кiшкентайлардың үлкен әдебиетi» деймiз. Бауыржан атамыздың «Бесiк жырын айтпайтын анадан қорқамын, ертегi айтпайтын әжеден қорқамын, шежiре айтпайтын атадан қорқамын» деген әдемi сөзi бар. Мәселе – ата-анада! Мен жоғары сыныптарға сабақ беремiн. Биыл, мәселен, балаларға эссе жаздыру деген тапсырма түстi. Эссе – баланың қандай да бiр тақырып туралы өз түсiнiгiн қалыптастыруы, оны қағазға түсiруi. Мен өз оқушыларыма «Қазiргi жастарға классикалық әдебиеттi оқыту өзектi ме?» деген тақырыпта эссе жазғыздым. Сенесiз бе, оқушыларымнан өзiм күтпеген пiкiрлердi оқыдым... Мысалы, олар «18-ғасырда Еуропада кiмнiң құлы мен кiтабы көп, сол ең бай адам болып саналған. Екiнiң бiрiнiң кiтапқа қолы жете бермеген соң, олар клуб құрып, сол жерде жиналып, оқыған кiтаптарымен, олардың мазмұнымен бөлiскен. Бiрақ бүгiн басты құндылық матери байлық жаққа қарай ойысты. Сол себептi көркем әдебиет оқудың қазiр қажеттiгi жоқ. Бүгiн миллионерлердiң бестселлерi немесе қалай баю жайлы кiтаптар көп оқылады. Бiрақ олар бiр күндiк, бүгiндiк, Шекспир, Толстой, Абайдың шығармалары тәрiздi мәңгiлiк емес» дейдi.
Қызығы, сол балалар бүгiнгi таңда кiтаптың көп оқитын елдер – Англия мен Жапония екенiн айта келiп, оның себебi ақпараттандыру дәуiрiнен дамыған елдердiң бiзден әлдеқайда бұрын өтiп кеткендiгiнде деп түсiндiредi. Яғни кiтап оқуға теледидар мен интернеттен ағылған ақпарат ағыны кедергi келтiруде деген мәселеден олар өтiп кеттi дейдi.
Мен оқушыларыма «әкелерiңiз бiр тойға кем барса да «Абай жолының» 4-томын сатып әкелiп, сiздерге оқытатын болсын! «Абай жолы» жоқ үй – қазақтың үйi емес!» деймiн. Өзiм былтыр немерем 1 жасқа толғанда «Батырлар жырын» сыйлайын деп едiм, кiтап дүкендерiнен таппадым. Ал, грузиндер де Шота Руставелидiң «Жолбарыс терiсiн жамылған батыр» дастаны қыз жасауының басты бұйымы.
З.Төлешбаева: – Бибiайшамен келiсемiн. Бiздiң ұрпақ кiтап оқып өстi. Қазiр жұмысқа келiп жатқан жас мамандар 22-25 жас шамаларында. Олардың өздерi «Батырлар жырын» егжей-тегжейлi бiлмейдi, өзi бiлмегендiктен өзгелерге қалай үйретедi?.. Демек, мәселе тағы да отбасыға келiп тiреледi.
«Мектеп бағдарламасына төңкерiс керек!»
А.Балажан: – Сынып жетекшiсi ата-анамен жұмыс iстегенде қандай тақырыптарда әңгiмелеседi? Оның әңгiмесiнiң iшiне осы кiтап оқу деген мәселе кiре ме?
Б.Бейсетаева: – Бұл мәселе мұғалiмнiң шығармашылық деңгейiне байланысты. Менiң қасымда Гүлмира Шерәлиева деген қыз бар. Сабақ беретiн 8-сыныбын 2-сыныптан алып келе жатыр. 5-сыныпта Б.Соқпақбаевты толық оқытып шықса, 7-сыныпта Сайын Мұратбековтi оқытты. Әр тоқсанда 4 кiтап оқымаса, ол бала бағаланбайды. 8-сыныпта Ш.Мұртазаны оқытуда. Ата-аналарды жинап алып, кiм қандай кiтап оқиды, сауалнама жасайды. Көп ата-ана кiтап оқымайтынын мойындауға мәжбүр... Және кiтапқа баланың атын жаздыртып қояды, мысалы, «Бақдәулеттiң жеке кiтапханасы». Бұл кiтаптар оның ұрпағына қызмет етедi. Сосын ол балаларды эпитетпен, көркем айшықпен сөйлетуге үйретедi. «Тауға бардым, көлдi көрдiм» десе, «қандай көлдi көрдiң – таңғы шықтай немесе көз жасындай мөлдiреген көл ме, жоқ әлде ойран-ботқасы шығып жатқан көл ме?» «Осылай сөйле!» дейдi. Және «ерекше теңеу естiсең, блокнотыңа жазып қой, таптаурын тiлмен сөйлеме, лексиконыңды байыт» дейдi. Оның оқушыларымен сөйлессең ләззат аласың, өйткенi, олар әдемi сөйлеудi дағдыға айналдырған. Яғни көп жерде мұғалiмге қалыптан (стандарттан) шығып жұмыс iстеген өте пайдалы.
Г.Тәлiпбаева: – Мен қазақ тiлi мен әдебиетi жөнiнен әдiскермiн. Бұл екi мұғалiм – Б.Бейсетаева мен Г.Шералиева менiң шығармашылық тобымда. Бибiайша апайдың озық тәжiрибесi таратылған, Зәбира апайдың тәжiрибесi таратылуға дайын.
Б.Бейсетаева: – Күзде Гүлжан Тәлiпбаева ханымның бастамасымен қала бойынша 8-сынып оқушылары арасында С.Мұратбековтiң, 9-сыныпта М.Байғұттың, 10-сыныпта Ш.Мұртазаның шығармалары бойынша байқау өткiздiк. Байқауда аталған жазушылардың кез келген шығармасының кез келген эпизодынан сұрақтар қойылды. Әрi оқушылар шығармадан 3 минуттық үзiндi оқыды. Поэзияға келсек, балалар жас толқын өкiлдерiн бiлсiн деп Қ.Сариннiң, М.Райымбектiң, А.Елгезектiң және Е.Жүнiстiң шығармаларынан байқау өткiздiк. Ол үшiн алдымен ол ақындарды өзiмiз оқыдық.
Менiң жұмыс iстегенiме 30 жыл. Балалар шын мәнiнде көркем әдебиетпен танысуды 5-6-сыныпта бастайды. Рас, ерекше әсер еткен көркем дүниелер болмаса, бұл кезде оқығандарын ұмытып қалады. Баланың негiзгi ой жүгiртiп, сараптама жасап оқи алатын кезi – 8, 9, 10-сынып. 8-сынып – жалпы шолу. Бұл ретте де мектеп бағдарламасы көңiл тоғайтпайды. Мысалы, Қабдеш Жұмадiловтiң туған жер тақырыбына арналған, 8-сыныпта бұрын түгел оқытылатын «Қаздар қайтқанда» әңгiмесi жұлмаланып берiледi. Гүлмира Шерәлиева ол кiтаптың бұрын шыққанын тауып алып оқытып жатыр... Осындай бәрi. 9-сынып түгелдей халық ауыз әдебиетi, ХIХ ғасырдың 1-жартысына келiп тоқтайды. 10-сыныпта ол әрмен қарай жалғастырылып, Қазан төңкерiсiне дейiн келедi. Негiзгi қазақ әдебиетi пәнiнiң бағдарламасы 11-сыныпта күшейедi. Мағжан, Сәкендерден басталып, бүгiнгi күнге дейiн келедi. 2-тоқсан М.Әуезовпен бiтедi. Одан берi қарай мектеп бiтiрушi бала сабақ оқымайды! Мектептегi емтихан мен ҰБТ-ға дайындалады... Ал, бағдарлама қалай жасалған? Қабдеш Жұмадiловтiң «Тағдыр» романына – 1 сағат, Зейiн Шашкиннiң «Доктор Дархановына» – 1 сағат, Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтiң «Қан мен терi» – 1 сағат, «Парызы» – 1 сағат. Оқылуы тиiс дүниелер шолу ретiнде бiр сағаттан ғана.
«Баламалы оқулықтар» деген бар. «Арман тобы» басып шығарады. Оның iшiнде көркемдiк деңгейi төмен шығармалар берiледi, ал, олардың авторы ... берiлмейдi. Мектепте бала Темiрхан Медетбектiң «Көк түрiктер сарынын» оқу керек қой! Олжас Сүлейменовтi, Мұхтар Шахановты, Серiк Ақсұңқарұлын, Ақберен Елгезектi оқуы керек. Қорыта айтарым – мектеп бағдарламасына төңкерiс керек!
Г.Тәлiпбаева: – Сол «Арман тобының» оқулықтары жөнiнде қанша шырылдадық, қанша ұсыныс жаздық, бiрақ, соның ешқайсысын қабылдамай, қазақ сыныптарына берiп жатыр...
З.Төлешбаева: – Кеңес өкiметiнiң қатаң идеологиясы салдарынан Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында ұлы ақынды әкесiне қарсы қоймап па едi?! Қазақ халқының мүддесiн көздейтiн идеология жоқ бүгiн. «Балама оқулықтар» о баста орыс сыныптары үшiн деп едi, кейiн қазақ сыныптарына да берiлiп кеттi. Тiл оқулықтары ғой, жатқан ботқа! Тараулардың өзi араласып жүр. «Бiр жерде қызыл қар, бiр жерде жасыл қар жауыпты» дейдi. Дұрыс, қызық шығар? Бiрақ оны берудегi мақсат не? Мен оқулықтарда берiлетiн әр тақырыпты нағыз мамандар қызу талқылап барып кiргiзген дұрыс деп санаймын. Бiр сыныпқа бiрнеше кiтап ұсынылады. Оның қайсысын оқыту керек? Бiзден пiкiр сұрайды, бiз оны жазып жiберемiз, сонымен тәмам. Ертең бiреу тендердi ұтып алады да, сол оқулық бiзге келедi...
Қазақ әдебиетiнiң 5-7-сынып оқушыларына арналған оқулықтарының сапасы жөнiнде көп әңгiме айтуға болады. Ең өзектi мәселе мен үшiн – осы.
А.Балажан: – Дүкендерде қазақ тiлiндегi кiтапты кiм сатып алады?
Қ.Мұхамеджанова: – Бiздiң кiтап дүкенi «Атамұра» баспасына қарайды. Одан бөлек кiтапты iрiсi бар, ұсағы бар 40-50 баспадан, Астанадан, Ресейден аламыз. Бiзде балаларға арналған кiтаптар көп. 100 бала кiтап алуға келсе, соның 10-ы ғана қазақ мектебiнiң оқушылары мен ата-аналары. Сол 10 пайыздың өзiнiң басым көпшiлiгi Шымкенттегi №65-мектеп пен №23-мектептiң оқушылары. Бiз «қай мектептен келдiң?» деп сұраймыз ғой. Басқа мектептен келген бала мен ата-ананы өзiм әлi көрген жоқпын. Немесе жекеменшiк мектепте оқитын баланың ата-анасы. Олар баладан ақша аямайды.
А.Балажан: – Мектепке апарып кiтап саудасын жасауға бола ма?
Қ.Мұхамеджанова: – Жоқ, бiзге ондай рұқсат берiлмеген. Кiтапты апарып сатқанмен, сауда жасап қарық қылмаймыз. Шынын айтайық, жол кiремiз де өтелмейдi. Мектеп кiтапханалары 20 жылдан берi кiтап алған емес. 45 жыл жұмыс iстеген адам ретiнде қай мектептiң кiтапханасында қандай кiтап барын жатқа айтып бере аламын...
Г.Тәлiпбаева: – Шымкент қалалық оқу бөлiмiнiң бастығы Жанат Тәжиева ханым «балаларды қайтсек кiтап оқуға тартамыз» деген мәселе бойынша үлкен жиын өткiзген болатын. «Бисмилла» деп үздiк мәтiндерге байқау жариялап, маңдайы озықтарын кiтапша етiп шығарып қойдық. Сосын үздiк эсселерге байқау жарияланды. Министрлiктен эссеге 100 тақырып келдi, оны әр мектепке 5 тақырыптан бөлдiк.
Б.Бейсетаева: – Бiз әр халықтың бiр жақсы жағын, мысалға орыстардың баласының бiлiмiне, кiтабына ақша аямайтын қасиетiн бойымызға сiңiрейiк. Жазушы Б.Нұржекеевтiң мына пiкiрi маған қатты ұнады: «Еуропада 70 жылдан берi соғыс жоқ. Себебi, оларда кiтап оқу мәдениетi қалыптасқан. Ал, араб елдерiнде азамат соғысы жүрiп жатыр? Неге? Өйткенi, оларда кiтап оқу мәдениетi, дәстүрi қалыптаспаған». Мiне, кiтап оқымаған адамның дүниетану көкжиегi тар болатынының дәлелi.
А.Өмiрәлиева: – Бұрын бiздiң мектепке Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кiтапханасының қызметкерлерi жиi келiп тұратын. Кiтапханада өтетiн iс-шараларға бiз де қуана-қуана баратынбыз. Қазiр бұл ұжым келмей кеттi. Бiрақ қасымыздағы А.Гайдар атындағы кiтапханада қазақша кiтаптар көп. Соған балаларды ертiп барып тұрамын. Кiтапханашы Роза апай тоқсан соңында «мына балаң мынанша кiтап қарыз» дегенiнен кiмнiң қанша кiтап алғанын бiле қоямын. Сол балаларға тоқсанды қорытқанда жеңiлдiк жасаймын...
Орыстар баласын жетелеп кiтапханаға апарады, қайта-қайта кiтап алып үйретедi, сол арқылы оның кiтапқа қызығушылығын оятады. Бiзде сол нәрсе жоқ. «Тұр ғой үйде, қанша кiтап керек» дейдi...
Г.Тәлiпбаева: – Балалардың әдебиетке қызығушылығын арттыру – бәрiмiзге ортақ мәселе. Өткенде тосыннан бiр мектепке барып қалдым. Стенд жасап қойыпты. Соған кез келген бала қандай кiтап оқыды, қай кейiпкер ұнады, жазып, жапсырып кетедi екен. «Сабағы нашар» деген балалардың өзi белсендiлiк көрсетiп жатқан көрiнедi. Яғни осы жолда түрлi әдiс-тәсiлдер жүзеге асырылып жатыр.
Б.Бейсетаева: Мұғалiмнiң бәрi бiрдей емес қой. Олардың iшiнде де, жаңа айтылғандай, өз мамандығына адасып барып қалғандар да бар. Жұмысқа тұрайын деп келiп, директор филология жайлы сұрап қалғанда, «ол не?» деп таң қалған жас маманды қабылдағаны жайлы бұйрығын мектеп басшысы сол сәтте жыртып тастаған оқиға да болған өмiрде... Әр мектептi жылына пәленбай бала бiтiредi. Олардың барлығын Гүлмира Шерәлиева оқытып жатқан жоқ қой...
Әбеке, сiз басқаратын газет «Ата-аналар отауы», «Әжелер ертегi айта ала ма? «Ата шежiре шерте ала ма?», «Бiз кiтап оқимыз ба?» деген тақырыптарға қоғамға қозғау салатын мақалалар берiп, оқырмандар пiкiрiн көптеп жарияласа жақсы болар едi.
Теледидардан кiшкентай балаларға ұйқы алдында ертегi оқып беретiн хабарды тiрiлтейiк. Сосын облыстық iшкi саясат басқармасымен бiрлесiп, айына бiр рет теледидардан да кiтап оқуға қатысты хабар берiлiп тұрса. Оған бiз де жәрдем берер едiк.
Кiшкентай кезiмде атам «Батырлар жырын» маған қайта-қайта оқытатын. Сосын не түсiнгенiмдi сұрайтын. Бүгiн байқап отырсам, сол арқылы менiң кiтапқа деген құмарлығым артып қана қойған жоқ, менiң кiтап оқу техникам қалыптасты, жылдам оқимын, менiң сөйлеу мәдениетiм қалыптасты, «бiр төбенiң тозаңын, бiр төбеге қосатын» тұлпарлардың шабысын көз алдыма елестету арқылы менiң ойлау қабiлетiм мен қиялым дамыды.
Сондықтан, бiз баланы кiтапқа баулуды балабақшадан бастауымыз қажет. Неге қырғыздар балаларына кiшкентай күнiнен «Манасты» жаттатады? Бiз де балабақшада «Жиделi-Байсын жерiнде, Қоңырат деген елiнде, Байбөрi деген бай бопты, Төрт түлiгi сай бопты» дейтiн «Алпамыс батыр», «Хан жайлаған Қаратау, Би жайлаған Алатау, Онан да өтiп жол шектi-ау. Баялышты құмайттан, Бүлдiргендi шыңайттан, Тобылғылы Нұрадан, Сексеуiлдi жырадан, Одан да жалғыз жол шектi» деп келетiн «Қобыланды батыр», «Қабағы тастай түйiлiп, Қыран құстай шүйiлiп, «Аллалап!» Тарғын шабады. Ай бетiнен кiредi, Күн бетiнен шығады, Қойға тидi бiр бөрi, Бөрiктiрiп қырады. Талай қалмақ құлады. Ер қайратын сынады. Тарлан атты бұлады. Айқасқан жауы артық көп, Қай уақытта тынады?» деп келетiн «Ер Тарғынды», 7 буыннан тұратын жаттауға өте оңай жырларды балабақшада жаттатуымыз қажет. Бұл – менiң ұсынысым!
Г.Бердiбаева: – Әр оқу жылына арналып шығарылатын әдiстемелiк нұсқаулықта жас ерекшелiгiне қарай бала қандай ертегi, әңгiме тыңдауы, қандай тақпақ жаттауы керектiгi жоспарланып қойылған. «Батырлар жыры» ересек топтардың бағдарламасына кiргiзiлген. Қазiр драма да қосылды. Ертегi бiр оқу кезеңiнде оқылса, екiншi кезеңде талқыланады, үшiншiсiнде балаларға рөлге бөлiнiп берiледi. Екi жыл бұрын «Даналық әлiппесi» деген қобдиша енгiзiлдi. Онда 15 кiтап пен «сиқырлы қалам» бар, көптеген автордың өлеңдерi, ертегiлер, батырлар жыры, жыраулар шығармасы қамтылған. Бағасы да қымбат – 26 мың теңге. Қаламды қай ертегiге апарып тоқтатасыз, сол ертегiнi кәсiби әртiс мәнерлеп оқып бередi. Сосын оны талқылаймыз. Мен өзiм сурет арқылы тақпақ жаттату авторымын. Балалар әлi әрiп бiлмейдi ғой. «Ақын тақпақта не жазыпты?» деп сұраймын. «Өзендi, тауды, күндi жазыпты» десе, «онда соны сурет етiп салайық» деймiн. Тақпақтағы аю, қоян болып оқимын. Мұның бәрi тақпақ жаттауды оңайлатады. «Кiм тез жаттайды, соған суреттi сыйлаймын» деймiн. Балабақшаға келетiн кiтаптардың суреттерi әдемi, көркем, сапалы болсын.
Г.Тәлiпбаева: – Қазiргi кiшкентай балалар өте ақылды. Менiң бiр құдашам жалғыз баласын апармаған жерi қалмады. Себебi, психолог оған «балаңызды аямаңыз, олардың бойында күшi тасып тұр, түрлi үйiрмеге бере берiңiз» дептi. Шынында да, кiшкентай демей «Батырлар жырын» оқыта бергенiмiз жөн. Ендiгi мәселе – халық ауыз әдебиетiн балабақшадан баланың санасына аямай құя беруiмiзде болып тұр.
А.Балажан: – Осы ата-аналар, тiптi бастауыштағы балалардың әжелерi де қартайып отырған жоқ, әрi кетсе алпыстың о жақ, бұ жағында...
З.Төлешбаева: – Менi бiр рет әжелер байқауына қазылық етуге шақырды. Бiрiншi бөлiмде ертегi айтулары керек едi, өте қызықсыз өттi. Ешқандай дайындалмаған, «ұят болады-ау» деген ойдан мақрұм. Рет саны алтыншы әже «Ер Төстiктi» айтамын» дегенде, «Құдай, оны қашан айтып болады?» деп шошыдым. Әлгi әже ертегiнi бiраз бастады да, «қалғанын өздерiң оқып алыңдар!» деп аяқтады. Әжелер мақал-мәтелдi де, шаш өрудi де қарық қылған жоқ. Тамақты үйден iстеп әкелген, оны үйiнде кiм iстегенiн Құдай бiлсiн! Тек әнге, биге келгенде бәрi құлпырып сала бердi. «Мынау Төреғали Төрәлiнiң әнi, мынау – ананың, мынау – мынаның...» Байқауды қорытуға сөз бергенде мен «Үйде немереге қарамайтын, тек тойда жүретiн әжелер екенсiздер» дедiм...
Р.Омашова: – Әжелердiң бәрi қазiр сериал көредi ғой. Кейбiр әже көретiн сериалы басталса, теледидардың алдына ешкiмдi жолатпайды. Немерелерiнiң бәрiн қуып жiбередi...
Ал, негiзi рухты азамат болуға баланы ең бiрiншi ата-ананың өзi баулуы қажет. Олар баланың санасына ұлттық салт-дәстүрдi кiшкентай сәби кезiнен ұялата беруi тиiс. Ал, әр мұғалiм өзi дәрiс оқып тұрған тақырыбын терең де жан-жақты қозғап, кейiпкердiң өмiрбаянынан мысалдар келтiрiп, балаға шығарманы жалаң баяндап қоя салмай, оларды жетелеп, оқушылардың өздерiн сол тақырыптың iшiне кiргiзiп, қызығушылығын оятуға тырысқан кезде күткен нәтижесiне тезiрек қолы жетедi.
Ол үшiн әр мектепте «Оқырмандар клубы» болғаны жөн. Ол жерде әр бала әр ай соңында ұстаздарымен бiрге де, бөлек те өз ой-пiкiрлерiмен бөлiсiп, өз көзқарасын қорғап, дәлелдеудi, қарсы жақтың уәжi үстем болса, оны дұрыс қабылдауды үйренедi. Мiне, сонда оқушылар мен ұстаздар арасында айтыла беретiн «керi байланыс» орнайды. Бiздiң мектепте сондай клуб 17 жылдан берi жұмыс iстеп келедi.
Б.Бейсетаева: – Әже деген атқа лайық болуға бәрiмiз де дайындалуымыз керек. Университеттегi ұстазымыз Сапархан Мырзабеков «әлди, әлди, ақ бөпем» десең, баланың тiлi «әлди» деп, «алди, алди» десең «алди» деп шығады дейтiн. «Ертегi айтатын әже бар ма?» деген сұрақты халықтың ортасына тастап, қозғау салып жiберейiк. Және бұл мәселеге қайта-қайта оралып отырайық.
Бiзде бұзық баланың құқығы қорғалады да, мұғалiмнiң құқығы қорғалмайды
А.Балажан: – Бүгiнде «жасөспiрiмдер қылмысы» деген ұғым қалыптасты. Онымен күресудiң бiрiншi амалы тағы да – баланы әдебиет арқылы мейiрбандыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелеу ғой. Бiр дерт бiр дерттi тудырып жатыр... Ақерке апай, бастауыш мектептегi ахуал жайлы сiз айтыңызшы.
А.Өмiрәлиева: – Бар мәселе – ата-анада. Мен сыныптағы 35 баланың ата-анасына 35 түрлi кiтап алғызамын. Оның бәрi сыныпта тұрады. Неге? Ата-ана баласын мектепке әкеледi де, бәрiн бiздiң мойнымызға артып қойғысы келедi. Мiне, осындай ата-аналардың өздерiн тәрбиелеу қажеттiгi туып тұр. Жоқ, бiз бiрiншi кезекте бiлiм беретiн ошақпыз, ал, баланың тәрбиесiн ата-ана алдымен өз мойнына алуы керек.
Б.Бейсетаева: – Бiз 25 жылдық «өтпелi кезеңнен» ендi өтiп болдық қой. «Қайтсем тамақ тауып беремiн, қайтсем баспана тауып беремiн» деген кезеңнен өттiк. Бiлесiз бе, бүгiнгi жап-жас ата-ана баласына бiр нәрсе бола қалса, мектепке келiп, ұстазға айқайлайды. Былтыр сондай жағдай болып, «не қарап отырсың, мына бала неге жылап барды үйге, iстей алмасаң кетпейсiң бе?!..» деген 25 жастағы келiншектiң сөзiне шыдай алмай Шара есiмдi апайымыз зейнетке бiр жыл қалғанда жұмысты тастап, кетiп қалды... Ал, ол кiсiнiң сыныбын алуға мұғалiмдер таласатын! Газ жоқ, жарық жоқ кезде дүниеге келген, 25-30 жастағы бүгiнгi ата-аналардың өздерiн тәрбиелеу керек болып тұр!
Балалар төбелесiп қалса, 50-55 жастағы ата-ана мектепке «мына немелердi татуластырып жiберейiк» деп келедi. 25-30 жастағы ата-ана әлгiндей. Бәрi емес, әрине. «Мен қазiр арыз жазамын, мына орныңда бiр күн де отырмайсың!» деп күш көрсете келедi! Бастауышта әр сыныпта 45 бала отыр. Олардың тiлiн табу, ата-анасының айқайына шыдау деген... Бiз бастауыш мектеп мұғалiмдерiне басымызды иемiз.
А.Өмiрәлиева: – Жаңағы 25-30 жасар, өзiн интеллигент сезiнетiн әке өткенде «балам төбелесiп қалса, сенi бiр ұрғанды сен екi ұр, аямай «сдача» бер деп айтам!» дейдi. «Мұныңыз қандай тәрбие? Ертең ол өзiңiзге «сдача» бередi» дедiм. Кейiн жасы қаншада екенiн қарасам, сол, жұрттың бәрi ала дорба арқалап кеткен кезде ол 12-13-те болған екен. Әке-шешенiң оған қарауға шамасы келмеген ғой.
Б.Бейсетаева: – Бiз қазiр «арамтамақтар қоғамын» тәрбиелеп жатырмыз. Жоғары сыныптың баласы каникулда әке-шешесiне жәрдем берсе, «бала еңбегi қаналып жатыр» деп кейбiр үкiметтiк емес ұйымдар, әсiре белсендiлер шу шығарады. Ал, ол бала күшiн қайда сыйғызарын бiлмей жүр... Атақты шетелдiк миллионердiң көпшiлiгi 10-12 жасынан бастап газет сатып, аяқ киiм тазалап, еңбектiң парқын бiлiп өскен ғой. Ал, бiзде 16 жастағы бала жұмыс iстей қалса, «Ата-аналар комитетi» деген бар, «Бала құқығын қорғау комитетi» деген бар, басқалар бар, олардың iшiнде кiм отырғанын бiр Құдай бiледi, шу шығара жөнеледi. Ұлттық тәрбиемен мүлдем қабыспайтын бiр қойыртпақ дүниеге батып бара жатырмыз... Қаланың баласы ары кетсе қоқыс жәшiкке қоқыс төгiп келедi, одан басқа түк те iстемейдi. 17-18 жасқа дейiн жұмыс iстеп үйренбеген бала одан кейiн үйрене алмайды. Өткенде бiр оқушы мұғалимасына «апай, жүйкеңiздi сақтаңызшы, 40-қа дейiн менi әкем бағады, 40-тан кейiн балам бағады» дептi...
Бiзде бұзық баланың құқығы қорғалады да, мұғалiмнiң құқығы қорғалмайды. Мұғалiмнен жеген таяқтан өлген баланың моласы жоқ. Мұғалiмнен аяқ тартып өскен баланың алды Президент аппаратында, басқа да лауазымды жерлерде отыр. Қане, кiмнен кем?! Ал, қазiр балаға қол көтеру былай тұрсын, дауыс көтере алмайсың!. Мен оқушыны ұрып тәрбиелеу керек деп отырған жоқпын, бiрақ қазiр қит етсе жас ата-аналар мұғалiмнен оқушының алдында кешiрiм сұрауды талап етiп тұрып алады. Мұғалiмнiң қорғансыздығы да ештеңе емес, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесi мәселесi бетiмен кетiп барады. Бүгiнгi тәрбиенiң «нәтижесiн» 20-25 жылдан кейiн, бала әке-шешесiмен соттасып, олардың тұрған үйiн тартып алатын болған кезде көре бастаймыз... Мiне, шын қорқатын, нағыз ойланатын мәселе осы!
РЕДАКЦИЯДАН: 2000 жылы жарық көрген «Тайм» журналында «Адамзат тарихына ең үлкен ықпал еткен адам» деп танылған Мұхаммед пайғамбардың «Ұстазың – ата-анаңнан артық» деген сөзi бар. Бұдан артылдырып не айтарсың?! Себебi, ата-ана баланы өмiрге әкелгенiмен, оған терең бiлiм мен жақсы тәрбие бере алмауы, яғни, қазақы жалпақ тiлмен айтсақ «адам ете» алмауы мүмкiн. Ал, бұл жақсы ұстаздың қолынан келедi. Ендеше, бiр жағымыз АТА-АНА деген ардақты атқа, екiншiмiз ҰСТАЗ деген ұлық мәртебеге лайық болуға тырыссақ, болашақтың ТҰЛҒАЛАРЫН өсiрiп шығара алармыз деген үмiттемiз... Балаға кiтап оқуды үйретейiк!
Өмiрзақ АҚЖIГIТ, «Оңтүстiк Қазақстан».
Суреттердi түсiрген Қайсар ШЕРIМ.