Үндістаннан үшінші орынмен оралды
Дзюдо мен қол күресін шебер меңгеріп, спортты жанына серік еткен мақтааралдық Дилором Дыханова жақында Үндістан елінен үлкен жеңіспен оралды. Ол қол күресі бойынша өткен жарыста жүлделі үшінші орынды иеленіп, қола жүлдегер атанды.
Дилором бүгінде «Қазақ зағиптар қоғамының» Мақтаарал ауданы бойынша филиал төрайымының орынбасары болып қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Зағип жандарға демеу беріп, түрлі мәдени-әдеби және спорттық іс-шаралар өткізуге мұрындық болып жүр.
Үндістаннан жүлделі оралған Дилором Дыханованы Мақтаарал аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Жандарбек Татеев бастаған жанкүйерлер салтанатты түрде қарсы алды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты. Атакент кентінің әкімі Ерлан Тұрымбетов те спортшыға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, оны «Қазақ зағиптары қоғамының» Мақтаарал ауданы бойынша филиалы төрайымы Сапаркүл Иланова мекеме атынан құттықтап, заттай сыйлық тапсырды.
Дилоромға біз де «жеңіс жеңіске ұлассын!» демекпіз.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.