«Ақын жүрек тіршілікке тіл қатқан...»
Өткен аптада Леңгір қалалық мәдениет сарайында Қазақстанның құрметті журналисі, Төлеби ауданының құрметті азаматы, ақын Орынбасар Сүттібаевтың туғанына 70 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Аудандық кітапхана мен газет редакциясының ұйымдастыруымен өткен тағлымды басқосу қаламгердің жарқын бейнесін жаңғыртып, артында қалған мол мұрасын дәріптеуге арналды.
Басқосуда Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлегенов сөз сөйлеп, қаламгердің мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау қажеттігіне тоқталса, айтыскер ақын Жезмарал Байтуова өзінің арнауын орындап, жырдан шашу шашты. Орынбасар Үсіпбайұлын еске алуға арналған кеш әнмен де өрілді. Бұл күні ақынның сөзіне жазылған «Әкем – әнім», «Қазығұртым – киелім», «Леңгір қалам» атты әндер шырқалды.
Іс-шара барысында ақынның «Қазықтал» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Еске алу шарасында ақынның замандастары, әріптестері мен студенттік шақтағы достары жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, марқұмның адамдық болмысы, шығармашылық жолы, әріптестік қарым-қатынасы туралы тебірене әңгімеледі.
Қаламгер есімін жас ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында кеш аясында мектеп оқушылары арасында көркемсөз оқу байқауы ұйымдастырылды. Үш кезеңнен тұрған сайысқа қатысқан жеткіншектер Орынбасар Сүттібаевтың өлеңдерін жатқа оқып, ақынға арнаған арнауларын ұсынды.
Ақжан ИМАНӘЛИЕВА.