Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...
Күләш АХМЕТОВА
Еститіндей соңғы рет сөздеріңді,
Айыра алмай деміңнен өз демімді,
Босата алмай қолдарым қолдарыңды.
Жібере алмай көздерім көздеріңді.
Ұзақ тұрдық есіктің алдында біз,
(Көне ме екен осылай тағдырға әр қыз?)
Ессіз есік ашылды,
әрең басып
Кеттің жалғыз.
Сілейіп қалдым жалғыз.
Бейне бүгін болғандай жаңа ғашық,
Азап сезім ақылдан барады асып.
Сыртта жаңбыр құйып тұр
Амалсыздан
Сен кетерсің нөсерге араласып.
Шыныменен қаңырап қала ма әлем?
Майдандасып от сезім санаменен,
Бір көрейін сыртыңнан деп жүгіріп
Терезеден қарадым далаға мен.
Шын сүю де біреуді күнә ма анық?
Жоқ, күнә емес, жүректі сынамалық.
Көзімде жас, бейнеңді көрсетпейді,
Әйнектен де ақ жаңбыр жылап ағып.
Нағыз жаз бұл —
найзағай мол шатырлар,
Қауызында гүлдердің қанша әтір бар!
Көше — теңіз, бетінде ала-құла
Жүзіп бара жатқандай қолшатырлар.
Терезеде, көзімде тамшы қалсын,
Мөлдірлікті жоғалтпай, аршып алсын.
Қош бол, жаным!..
Жоқ! Есік қағылып тұр,
Кете алмаған жаңбырда сен шығарсың!..
...Төксін жаңбыр, сырғасын тақсын өрік,
Жаңбырда ғой бостандық, бақ, шын ерік.
Үнсіз ғана отырмын жаныңда енді
Сені және жаңбырды жақсы көріп.