Сел мен көшкіннің алдын алады
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында «Қазселденқорғау» мекемесінің жаңа диспетчерлік пунктін ашты. Мұнда табиғи қауіп-қатерлерге тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Ауданда сел, көшкін және қар көшкіні қаупі бар 34 аймақ анықталған. Бұл аумақтарда 426 нысан орналасқан, 1,5 мыңнан астам адам тұрады.
Ауданда 19 сел, 14 көшкін қаупі бар және бір қар көшкіні қаупі бар аймақ тіркелген. «Қазселденқорғау» мамандары Жігергенсай және Өгем өзендеріндегі гидрологиялық жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бұл өзендерде екі тұрақты бақылау бекеті жұмыс істейді. Мәліметтер тәулігіне үш рет, ал, жағдай күрделіленген кезде әр екі сағат сайын беріледі. Жиналған деректер қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, халықты селден, көшкіннен қорғау шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Жаңа пункт Қазығұрт ауданындағы қауіпті табиғи процестерді тұрақты бақылауға алуға мүмкіндік береді.