Өрт қауіпсіздігі мәселесі – ерекше назарда

Сәрсенбі күні өткен Үкімет отырысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов халықтың әлеуметтік осал топтарын өрттен қорғау жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Өрттердің басым бөлігі жөндеу көрмеген пештерден, дер кезінде тазартылмаған мұржалардан және тозығы жеткен электр сымдарынан туындайтыны, кей жағдайда электр желілері мен газбен жабдықтау көздеріне рұқсатсыз қосылу да төтенше жағдайларға әкеп соғатыны атап өтілді. Әсіресе, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының баспаналарына ерекше назар аудару қажет. Осындай үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу жағдайлары жиі тіркеледі. Сондықтан оларға өрт датчиктерін тегін орнату тапсырылған болатын. Бұл ретте, Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында датчиктерді орнату жұмыстарын күшейту қажет. 
«Осыған байланысты, өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп, бір апта мерзімде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғын үйлердің тізімін жаңартуды тапсырамын. Анықталған кемшіліктерді жою шараларын қабылдай отырып, үй-үйді қайтадан аралап шығу керек. Жалпы өрт датчиктерін орнату жұмыстарын күшейткен жөн. Өңір әкімдіктері тиісті қызметтерге қажетті қолдау көрсетіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне датчиктерді сатып алу және орнату үшін қаражат қарастыруы қажет» деп атап өтті Премьер-министр.
Жиынға Түркістан облысының әкімі онлайн режимде қатысты. 
Түркістан облысында жылу беру кезеңіндегі өрт қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жалғасуда. Соңғы үш жылда өңірлік өртке қарсы қызметке 25 жаңа техника сатып алынды, 16 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.
Оның айтуынша, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін тағы 11 бекет ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, Леңгір қаласы мен Оранғай ауылында өрт сөндіру бөлімдері пайдалануға берілді. Нәтижесінде 158 елді мекеннің 363 мың тұрғыны өртке қарсы қорғаныспен қамтылатын болады.
«Соңғы үш жылда облыс тұрғындарын газдандыру деңгейі 85%-дан 90%-ға дейін өсті. Табиғи газды беру кезінде автоматты газ сигнализаторлары орнатылады. Барлық аудандар мен қалаларда 17 газ инспекциясы құрылды. 18 мың кәсіпкерлік нысанына және 290 мың тұрғын үйде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Зерттеу барысында 282 мың тұрғын үйде түтін мұржалары тазаланып, 205 мың газ дабылы жабдықталғаны анықталды» деді облыс әкімі.
Пікір қалдырыңыз