Аптаптың беті қайтқандай...
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Шіліңгір шілденің аптап ыстығына байланысты әртүрлі теңеу бар. Бірақ, соның бәрінен ең сәтті шыққаны жазушы Дулат Исабековтің «Дермене» повесіндегі «Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түс» деген теңеуі дер едік. Иә, жаздың қазіргі жағдайына байланысты осы теңеу еріксіз еске түседі.
Сенімді дерек көздері Еуропа елдерінде аптап ыстықтан он мыңнан астам адам қайтыс болғанын жазып жатыр. Жантүршігерлік бұл жағдайдан кейін басқа елдер де сақтық шараларын күшейтіп, арнайы мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. «Stan.kz» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, аптап ыстықтан еліміздегі үш өңірде жол жабындысының балқығаны байқалған. Бүлінген жолдар біздің Түркістан облысында да тіркеліп отыр. «Жоспарлы тексеру барысында Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында цементбетон жабынының жергілікті температуралық деформациясы тіркелген алты учаске анықталды. Әрбір учаскеге жедел түрде жол бригадалары мен арнайы техника жұмылдырылды» делінген “ҚазАвтоЖол” мекемесі таратқан ресми мәліметте.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 51 жол маманы және қажетті арнайы техника тартылған. Жедел әрекет етудің нәтижесінде барлық ақаулар жөнделіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген.
Синоптиктердің болжамы бойыннша, шілденің екінші он күндігінде Түркістан облысында ауа температурасы 49 градусқа дейін көтерілген. Соның салдарынан бұл мезгілде «Жедел жәрдем» қызметіне жүгінгендердің де саны да әдеттегіден айтарлықтай көбейген. Денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметтерге қарағанда, соңғы екі аптада «Жедел жәрдемге» жиырма мыңнан астам шақырту түсіп, күн өтуден зардап шеккендер саны екі есеге артқан. Сондай-ақ, ішек-қарын инфекциясын жұқтырғандар да аз емес. Мамандар бұл мезгілде тез бүлінетін тағамдарды тұтынғанда барынша сақ болуды ескертеді.
Қырық күн шілде маусым айының 25-не кіріп, тамыз айының 5-не шығады. Яғни, дәл қазір шіліңгір шілденің нағыз күшіне мінетін шағы. «Қазгидромет» РМК Түркістан облыстық филиалының хабарлауынша, шілденің үшінші он күндігінде ауа температурасы +32°C,+43°C шамасында болады. Кей жерлерде өткінші жаңбыр жаууы ықтимал, ал, апта соңына қарай күн күрт ысып, температура +43°C-қа дейін көтеріледі. Филиалдың метео болжау бөлімінің қызметкері Жанат Жәрменованың айтуынша, бұл аптада ауаның орташа температурасы біршама бәсеңдейді. «Шілденің үшінші онкүндігінде ауа температурасы күндіз +41+46, түнде+27+32 градус, ал, таулы аудандарда түнде +22 градус, күндіз +36 градусқа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің екінші жартысында ауа температурасы төмендеп, күндіз +29+34, түнде +17+22 градус шамасында болады.
Қалай айтқанда да «қара қарғаның миын қайнататын» шілдеде сақтық шараларын барынша күшейткен жөн.