Арал толып келеді

KAZINFORM. Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы Сырдария өзенінің 22 шілде күнгі су шаруашылығы жағдайын жариялады.
Бүгінгі күні Шардара су қоймасындағы су көлемі – 3 млрд. 392 млн. текше метр. Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына тасталып жатқан су көлемі – 550 текше метр.
– Көксарай су реттегішінде 23,01 млн. текше метр су бар, төменге су тасталып жатқан жоқ. Қызыл­орда облысының шекарасына Көктөбе су бекеті арқылы секунд сайын 525 текше метр су келіп жатыр. Каналдар арқылы су толық берілуде. Оның көлемі секундына 381,66 текше метр, – деді инспекция басшысы Зейнулла Қазтоғанов.
Арал теңізіне жыл басынан бері 1 млрд. 025 млн. текше метр су түскен.
– Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдары Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіп отыр, – деді инспекция басшысы.
Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізіне қосымша 1,2 млрд. текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыңыз