Серікқали БАЙМЕНШЕ: «Ағайынның аралас-құраластығын нығайтты»

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бөлімін және халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық комиссиясының аударма бөлімін басқарған филология ғылымдарының докторы Серікқали БАЙМЕНШЕ жуырда облысымызда болып, әріптестерімен кездесті, «Мезгіл мінезі» атты жаңа кітабының тұсаукесерін өткізді. Біз осы қолайлы сәтті пайдаланып, журналист-ғалыммен тілдесіп едік.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бөлімін және халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық комиссиясының аударма бөлімін басқарған филология ғылымдарының докторы Серікқали БАЙМЕНШЕ жуырда облысымызда болып, әріптестерімен кездесті, «Мезгіл мінезі» атты жаңа кітабының тұсаукесерін өткізді. Біз осы қолайлы сәтті пайдаланып, журналист-ғалыммен тілдесіп едік.– Серікқали Ердіғалиұлы, сіздің Мәскеуде ұзақ жыл тұрғаныңызды жақсы білеміз. Осы аралықта Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының құрметті мүшесі бола жүріп, қазақ тілінде шығатын газетке де атсалысқаныңызбен хабардармыз. Бәрі қалай басталған еді, өзі?
– Мәскеуді мекендеген қазақтар 1990 жылы «Қазақ тілі» қоғамы құрылғаннан кейін қазақша газет шығару жайын ойластыра бастайды. Алайда, түрлі себептермен бұл істі бастап кету мүмкін болмайды. 2005 жылы «Қазақ тілі» қоғамының төрағалығына мәдениет қайраткері Әбуислам Тұрсынбаев келгеннен соң ғана бұл іс қолға алынды. Яғни 2006 жылғы 22 наурызда Мәскеуде «Қазақ тілі» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Бір жылда газеттің 12 нөмірі шығып, жалпы таралымы 11 мың 800 дана болды. Бұл қазақ халқының тілдік, мәдени мүддесін шекара асырып қорғаған ерекше басылым еді. Осы жерде Ресейдегі ұлтжанды азаматтардың еңбектерін де атап өту керек. 
Мәскеудегі елшілікте, елшіліктің қонақүйінде, кейбір жоғары оқу орындарында, мекемелерде, ұйымдарда «Қазақ тілі» газетінің жаңа нөмірлері жарқырап жататын болды. Еліміздегідей үлкендердің бас қосуы көп бола бермейтін Мәскеуде үйден жиі шыға қоймайтын ақсақалдардың өзі «Қазақ тілі» қоғамына газетті іздеп келетін. Сол ағалардың арасында ақжүрек Қайдар Құмарбекұлы өзі сұранып, газет нөмірлерін жер-жердегі қандастарға жеткізіп берудің қамына кірісті. Газет тағдыр айдап Ресейде тұрақтап қалған, адасқан қаздай алыста жүрген Алаш балаларының рухын оятып, елден жырақта жүрген үлкен-кішіні күрт серпілтті дей аламын. 
Мәскеуде қазақша газеттің шығуы Ресейдегі қазақ диаспорасы арасында белгілі бір мақтаныш сезімін туғызғанын көзіміз көрді. Сегіз жыл бойы үздіксіз шыққан газетті «Қазақ тілі» қоғамы алғашқы күннен Ресей қазақтарының 
35 өңірлік қоғамдық ұйымына жеткізіп тұрды. «Қазақ тілі» газетінің шығуы, өңірлерге кеңінен таралуы ресейлік қазақтардың өзара тығыз араласуына, бір–бірімен ұдайы байланыс жасап отыруына, кейбір қазақ жастарының қалам алып, шығармашылықпен айналыса бастауына елеулі әсер етті, жақсылыққа, тілектестікке, бауырмалдыққа, өзара түсіністікке өріс ашып берді.
«Қазақ тілі» газетінің алғашқы нөмірінен бастап, шын ниетімен көмектесіп, қаржылай көмек беріп, мақала жазып, материалдардың мазмұнын арттыруға атсалысып, қандастар арасында көптеп таратып, жас басылымның әрі қарай қалыптасып кетуіне зор үлес қосқан Жәнібек Елекбаев, Әбуислам Тұрсынбаев, Орынбасар Қуандықов, Тұрсынай Оразбаева, Қайдар Құмарбеков, Омар Айшах, Абылай Оспанов, Болат Әбілдин, Сәуле Әшірбекова, Серік Тойғамбаев, Нышанәлі Қожамұратов, Ерболат Абдулов, Жанна Оспанова сынды ұлтжанды азаматтардың есімін Ресейдегі қандас ағайын әрдайым жадында ұстайтынына кәміл сенемін.
– Сіздің кәсіби журналист екеніңізді жақсы білгендіктен сұрап отырмын, енді осы жерде айтып өтіңізші, газет қандай өзекті  тақырыптарды қамтыды?
– Газетте «Қазақ тілі сабақтары – Уроки казахского языка» айдарымен жарияланатын тіл үйрету топтамасы жарық көріп тұрды. Бұл басылымның жұртшылық арасында кең таралуына үлкен септігін тигізді. Аталмыш топтаманы алғашқы бір жыл бойы филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Асқар әзірледі. Одан кейін бұл жұмысты филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Мұсабекова жалғастырды. Ресей қазақтарының «Қазақ тілі» сынды төл басылымын төрге оздыруға мүдделі болғанын растайтын құжаттар жеткілікті. Өңір-өңірде тұратын отандастарымыз өздерінің арман-тілегін, ұсыныс-пікірлерін газетке жолдап, барша ағайынның назарына ұсынып, істеп жатқан істері туралы жұртшылықты хабардар етіп, бұрынғы қай кездегіден де тығыз араласа бастады. Бұл газеттің мазмұнын байытты, тақырыбын кеңейтті.
Мәскеу жамағи мешітінің имамы Марат Аршабаев «Мұсылманшылық әдептері» айдарын, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Жанна Оспанова «Заңгер бұрышы – Уголог юриста» айдарын жүргізіп отырды.  2007 жылы сәуір айында «Қазақ тілі» газетінің шыға бастағанына бір жыл толуы атап өтілді. Жиынға Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі қатысып, сөз сөйледі. 
Газет Ресей еліне де танымал қазақ қайраткерлері туралы үнемі жазып отырды. Айталық, «Момышұлы және Мәскеу» деген мақаланы алайық. Осы мақалада «Қазақ тілі» қоғамы мүшелерінің белсене қатысуымен жарық көрген «Легендарный батыр» жинағының Қазақстан елшілігіндегі тұсаукесер–таныстырылымы туралы әңгімелейді. Осы таныстырылымға генерал И.В.Панфиловтың қызы Майя Панфилова мен Бауыржан Момышұлының Мәскеуде тұратын перзенті Елена Бауыржанқызы қатысты.  
Сонымен бірге  газетке Астрахан қаласында Құрманғазы Сағырбаевқа ашылған ескерткіш жайлы, Қаныш Сәтбаевтың Мәскеуде тұратын қызы Жәмила Қанышқызы туралы мақалалар жарияланды.
Тағы бір тың жаңалық, Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетіндегі «Өңіртану» мамандығы бойынша білім алатын бірінші курстың бірнеше студенті екінші шет тілі ретінде қазақ тілін үйренуге талпынғаны. Олардың барлығы да өзге ұлт өкілдері еді. 
– Анығында, газетті алғашқы күннен кәсіби газетшілер емес, қоғам мүшелері шығара бастаған екен. Осы тұста  Сіздің газетке қосқан үлесіңіз туралы білгіміз келеді.
– Қандас бауырлардың өтініші бойынша тыңға түрен салған әуесқой газетшілерге газет жұмысын жоспарлау, жарияланымдардың форматы, тақырыбы, жағрафиясы, тұрақты авторлар тарту, мақаланың мазмұны мен стилі, басылымды полиграфиялық безендіру мәселелері жөнінде алғашқы кәсіби шеберлік сабақтарын өткізе бастадым. Бұған қоса «Қазақ тілі» газетіне тұрақты автор ретінде қатысқанымды ілтипатпен еске аламын. Сіздердің жерлестеріңіз, белгілі ақын Тұрсынай Оразбаева кәсіби журналист ретінде газеттің мазмұнды шығуына көп тер төкті. Редактор Орынбасар Қуандықов та танымал журналист.
Түптеп келгенде, «Қазақ тілі» газеті Ресей қазақтары өмірінің жаңалықтарын жариялап, қоғамдық ұйымдарды өзара байланыстырып, қандас ағайынның аралас-құраластығын нығайтуға зор ықпалын тигізді. Бұған қоса елшіліктің тыныс-тіршілігінен де хабардар етіп, Қазақстан хабарларын жариялап тұрды, қазақтың тарихы мен рухани тұтастығын басты тақырыпқа айналдырды. Осы жерде айта кетейін,  Мәскеудегі диаспоралар арасында қазақтар мен әзербайжандардың ғана өз газеті болды. Басқа жұрт бізге қызыға қараушы еді.
– Сырлы сұхбатыңыз үшін Сізге көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан 
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

1 пікір

  • WIZARD GEO COORDINATES RECOVERY HACKER
    WIZARD GEO COORDINATES RECOVERY HACKER

    HOW DO I RECOVER MY LOST CRYPTO FROM A SCAMMER? CONTACT // GEO COORDINATES RECOVERY HACKER There is an expert hacker that can help you in recovering all the money lost to scammers online. GEO COORDINATES RECOVERY HACKER It recently worked for me and I now have peace of mind after the huge recovery of all my lost funds. I’m truly grateful for their service and I recommend their service to everyone who needs to recover their stolen crypto funds. I will advise you to contact them with the details below. Email: geovcoordinateshacker@gmail.com Website; https://geovcoordinateshac.wixsite.com/geo-coordinates-hack Telegram @Geocoordinateshacker

Пікір қалдырыңыз