Шәмші музейі осындай болса...

Қазақ ән өнері алыптарының бірі, «вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқов – халқымыздың рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ерек дарын. Оның әндері бірнеше буынның жүрегінен орын алып, ұлттық мәдениеттің алтын қорына енді. Сондықтан Шәмші Қалдаяқовқа арналған музей тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, композитордың шығармашылық әлемін танытатын рухани орталыққа айналса деген арман бар.

Бүгінде Отырар ауданындағы Шәмші Қалдаяқов ауылында композитордың  2020 жылы ашылған музей үйі жұмыс істеп тұр. Мұражай ғимараты Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ұстаның қара шаңырағының үлгісімен салынған. Көпшіліктің қолдауымен бой көтерген бұл музейде композитордың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталуда.

Экспозицияда композитордың балалық шағы, отбасы, өнерге келуі, шығармашылық ізденістері мен әйгілі әндерінің дүниеге келу тарихы нақты деректер арқылы көрсетілген. Оның жеке заттары, қолжазбалары, фотосуреттері, марапаттары мен музыкалық аспаптары келушілердің ерекше қызығушылығын тудырады. Сонымен қатар Қалдаяқ ұстаның өз қолымен жасаған тұрмыстық және ұсталық бұйымдары да көпшілік назарына ұсынылған.

Қазіргі таңда музей аудан орталығындағы «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейі» мекемесінің филиалы ретінде жұмыс істейді. Жыл сайын келушілер саны да артып келеді. 

Дегенмен, уақыт музей ісіне де жаңаша көзқарасты талап етеді. Қазіргі заманғы музейлер келушіге тек ақпарат беріп қана қоймай, тарихи тұлғаның өмір сүрген дәуірін сезіндіре алуы тиіс. Сондықтан болашақта Шәмші музейі жаңа технологиялармен жабдықталған, интерактивті мүмкіндіктері мол мәдени-ағартушылық орталыққа айналса деген тілек бар.

Мәселен, арнайы мультимедиялық экрандар арқылы келушілер Шәмші әндерін тыңдап, олардың шығу тарихымен танысар еді. Цифрлық архивтерде композитор туралы естеліктер, сирек фотосуреттер, бейнежазбалар мен аудиоматериалдар жинақталса, музейдің ғылыми және танымдық маңызы арта түседі.

Сондай-ақ музейде шығармашылық кездесулер, музыкалық кештер, көрмелер арнайы дәрістер мен танымдық бағдарламалар тұрақты өткізіліп тұрса, бұл жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятар еді. Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған арнайы экскурсиялар мен музейлік сабақтар да үлкен нәтиже берері сөзсіз.

Шәмші Қалдаяқов ауылының географиялық орналасуы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Елді мекен Түркістан қаласын Арыс, Қазығұрт, Сарыағаш, Жетісай аудандарымен және көршілес Өзбекстан Республикасымен байланыстыратын маңызды жолдың бойында орналасқан. Осы бағытпен Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне зиярат етіп өтетін көптеген туристер жолай Шәмші музейіне де арнайы ат басын бұрып өтетін жағдай жасалынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сондықтан келешекте ауылдың кіреберіс тұсынан заманауи талаптарға сай, кең әрі технологиялық мүмкіндіктері жоғары жаңа музей кешені бой көтерсе деген тілегіміз бар. Бұл тек ұлы композитордың рухына көрсетілген құрмет қана емес, Түркістан өңірінің туристік әлеуетін арттыратын маңызды мәдени нысан да болар еді.

Шәмші Қалдаяқовтың туған жеріндегі музей ұлттық музыка тарихының маңызды орталығына айналуға тиіс. Ол өткенді дәріптеумен қатар, жас ұрпаққа рухани тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын мәдени мекеме болғаны абзал.

Қорыта айтқанда, Шәмші музейі – жәдігерлер қоймасы ғана емес, қазақ ән өнерінің кешегі алтын дәуірінен сыр шертетін, ұлттық рухты асқақтататын, білім мен мәдениетті тоғыстыратын заманауи рухани орталық болса деген тілек бар. Осындай музей ғана халқымыздың сүйікті композиторының өлмес мұрасын лайықты дәріптеп, келер ұрпаққа толық жеткізе алады.


Серік ОЛЖАТАЕВ,

Шәмші Қалдаяқов музей үйінің меңгерушісі.

Отырар ауданы.


Пікір қалдырыңыз