Қалыйма ЖАНТӨРЕҚЫЗЫ, облыстық мәслихат депутаты: «Мені әлсіздердің жайы көбірек алаңдатады»
Қай кезеңде де қазақ әйеліне артылар жауапкершілік жүгі жеңіл болмаған. Ол бірінші кезекте дүниеге ұрпақ әкеледі, дүниеге әкелген ұл-қызды тәрбиелеу де негізінен соның иығына артылады. Мұның өзі түптің түбінде ұлтты тәрбиелеу болып шығады. Қазір заман өзгерген. Ерінің тапқанын ұқсатып жаратып отыру кешегі күннің шаруасы болатын. Қазіргі қым-қуыт заманда отбасын асырау үшін әйелге де ерлерше әрекет ету керек болып қалды. Содан да болу керек, бүгінгі қазақ әйелі барынша белсенді. Олар билік саласында да, бизнес саласында да, өндірісте де, шаруашылықта да, саясатта да нәтижелі жұмыстарымен ерекшеленеді.
Саясатта жүрген қазақ әйелдерінің ішінде «АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВАНЫҢ бүкіл іс-әрекеті қалың көпшіліктің көз алдында өтіп жатыр. Бірде төраға орынбасары ретінде партияның ұйымдастыру жұмыстарының ішінде жүрсе, енді бірде оны қалың сайлаушыларының арасында жүргенін көресіз. Оны тіпті ұлттың салт-дәстүрі мәселесі де бей-жай қалдырмайды. Әйтеуір бос күні жоқ. Қолы бір қалт еткен сәтте сұхбатқа шақырғанбыз. Бүгін сол сұхбатты газет оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.
– Қалыйма Жантөреқызы, кей адамдар саясатты қызмет деп түсінеді, енді біреулер тағдыр таңдауы деп жатады. Ал, сіздің саясаттағы сапарыңыз қалай басталды?
– Иә, мен саясатқа ойламаған жерден, кәсіпкерлік саласында жүріп келдім. Соған қарағанда тағдыр деген дұрыс болар, бәлкім.
Әкемнің әкесі Тұңғышбай мен арғы аталарымыз Созақтың Күмістісі мен Саржазын қатар жайлап, елімізде алғашқылардың бірі болып алтын өндірген әулет. Қызыл өкімет ірі байларды кәмпеске жасамай тұрып-ақ аталарымды «қара тізімге» ендірген екен. Аты-жөндерін өзгертіп жіберген бе, өкінішке қарай, қанша ізденсек те олар туралы еш дерек таба алмадық, жаза кескенде қайда алып кеткені де белгісіз. Сол бір зұлмат кезеңде әулеттен бес-алты жастағы ойын балалары әкем Жантөре мен ағасы Дүйсек, әпкесі Назым ғана тірі қалыпты. Иә, мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының тікелей ұрпағымын.
...Отрабат деген кішкене ғана бекетте теміржолшының отбасында дүниеге келдім, сегіз баланың үшіншісімін. Мені кішкентайымнан нағашы әжем бауырына басты. Алайда, әкем «бөрікбас қызымды өзіме беріңдерші» деп мектепке баратын жылы қайтып алыпты. Ауылымызда бастауыш мектеп қана болғандықтан төртінші сыныптан бастап қайтадан әжемнің қолына келдім. Содан мектепті бітіргенше әжемнің аялы алақанында болдым. Бүгінде саясатқа араласып, азды-көпті табысқа жетсем, соның бәрі әжемнің тәрбиесінің арқасы деп ойлаймын. Әжем өте сыйлы, кісіге сөзін өткізе алатын ықпалды кісі еді. «Битас бидің кемпірі, би апа» деп елдің бәрі құрметтейтін.
Нағашы атам Битаста заманында керуен ұстаған, дәулетті кісі болыпты. Тақуа, мешіт ұстап, қажылыққа жаяу барып келген. Кеңес өкіметі орнағанда ол да қуғын көріп, Қырғызстан асыпты. Жалалабад–Ош (қазіргі Ош облысы) жақтағы Қайрағаш деген ауылға қоныстаныпты. Бұлар келген кезде ол жақта да ашаршылық басталып кеткен екен. Үлкендерден Битас би бар малын, дәулетін ортаға салып, сол кезде бір ауыл қырғыз-қазақты аман сақтап қалыпты деп естіп өстік. Қырғыздармен 20 жылдай тату-тәтті өмір сүріп, Сталин қайтыс болған 1953 жылы нағашы атам елге оралуды көздейді. Науқас меңдеген ол екі отбасын ғана өзімен алып қалып, көзі тірісінде бар ағайынды елге қайтарады. «Менің сүйегім осында қалады. Мені ақтап-арулап жерлеп болған соң сендер де елге қайтыңдар» депті. Қырғыз ағайындар атамызды биік төбеге жерлепті. Басына қам кесектен кішкене сағана тұрғызыпты. 2018 жылы Битас атамыздың басына зияраттап барып қайттық. Арада қанша жылдар өтсе де сағананың бірде-бір кесегі мүжілмеген. Сол маңнан бұлақ шығып, шатқалдан үлкен құбыр тартылып, сол бұлақтың суымен бүкіл ауыл егін салып отыр. Қырғыз ағайындардың айтуынша, қабір басына бір түп қара ағаш ешкім екпей-ақ өзі өсіпті. Бүгінде сол ағаш адамның құшағы жетпес алып бәйтерекке айналып, жайқалып тұр. Зияратшылар Битас атамның басына шырақ жағып, әлгі қара талға шүберектер байлап тастаған. Атамызға «Қатым» бағыштаттық. Бір таң қалғаным, кішкентай ғана ауылда сол кезде жасы жүзден асқан жеті қария бар екен. Ол кісілерді ел «битасшылар» деп айтады екен, бәрі де тақуа жандар. Кезектесіп оқып Құран аударды. Жасы жүзден асқан қариялардың Құранды көзілдіріксіз заулатып оқып отырғандарын көріп, еріксіз таң қалдым. Қырғыздар ауыл әкімін айыл соты деп атайды екен. Айыл соты естеліктерімен бөлісті. «Би ата дүниеден өтер алдында барша дамоллаларды жинап, Құранның құдіретімен жын-шайтандарды Қашғар асырып жіберген. Содан бері бұл ауылда арақ ішілмеген, ұрлық-зорлық, кісіге қиянат жасалмаған. Дүниеде мұндай рухани таза айыл сирек» деді айыл соты бізбен әңгімесінде. Расында Қайрағаштың ауасы да, аурасы да ғажап! Ош деген жердің бірі қиыры ғой. Қасымда жасы тоқсанға келген анам бар, жарықтық соншама ұзақ жолды екі-ақ күнде еңсеріп, түк те шаршамастан зияраттап қайтты. «Битас би бастаған қазақтың жақсылығын ұмытсақ, Құдайды ұмытқанымыз. Ашаршылық сіздерде ғана емес, бізде де болған. Битас атаның керуенінің күнжәрәсін талғау етіп, тірі қалдық. Ұрпақ өрбітіп отырғанымыз әуелі Алла, содан кейін сол кісінің арқасы» деп бізді қатты құрметтеп шығарып салды қырғыз ағайындар.
Партия аппаратына келгенге дейін кәсіпкерлікпен айналыстым. Ұсыныс ойламаған жерден болды. Мектепте жүргенде белсенді едім, жиындарда көзге түстім бе, білмеймін, әйтеуір сырттай дауыс беріп, мені партия филиалы төрағасының орынбасарлығына сайлап жібереді. Баста мен оны қоғамдық жұмыс деп ұғыппын. Жұмысқа келмей жүрдім. Ол кезде облыстық партия филиалын Шалатай Мырзахметов басқаратын. Бір күні Шалатай аға «қарындасым-ау, біз саған сенім арттық. Сен енді бюро мүшесісің. Неге жұмысқа шықпайсың?» деп қоңырау шалып тұр. Саясаттағы жолым осылай басталған.
– Өте белсендісіз, депутатсыз, осындай тұлға болып қалыптасуыңызға әсер еткен кім немесе қандай жағдай?
– Мектепте жақсы оқыдым, жоғары оқу орнында белсенді, үздік студент болдым. Бала күнімде әжем мені бетімнен қақпады, еркін өсірді. Мына нәрсе болмайды деп айтпайтын. Ол кісі өте талғампаз жан еді. Өмірде көрген қиындығы да аз емес, бірақ тәуекелшіл жан болатын. Осы қасиеттерін менің бойыма сіңіріп кетті.
Саясат деген бүгін пайда бола салған жоқ, саясатты біреу ойлап тапқан жоқ. Саясат деген – адамдардың ой-пікірі, ниеті, қоғамның дамуына ықпал ететін жандардың нақты ойы, іс-әрекеті, қажет жерде заңнамалық тұрғыда қоғамның, мемлекеттің қалыптасуына қосатын үлесі, мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға, дамуына атсалысу қадамы. Ежелден солай. Партиялар билік пен бұқараның арасындағы алшақтықты азайтуға әрекет етуші, халықтың үнін билікке жеткізуші. Қоғамның ілгерілеуіне үлкен күш салып отырған қоғамдық ұйымдар деп партияларды айтар едім. Міне, жиырма жылдың жүзі болды, партия қызметі аясында елге қолымнан келгенше қалтқысыз қызмет етіп келемін.
– Сізді осы елдің азаматы ретінде, депутат ретінде ерекше толғандыратын мәселе қайсы?
– Партияға келмей тұрғанда, бір оқиғаға тап болдым. Оны «Қошқаратадағы қыз» деген әңгімемде егжей-тегжейлі жаздым. Бұл туындыда Шымкент қаласындағы Қошқарата өзенінің бойында өмірден күдер үзген, өзінен жиренген қызды аман алып қалғаным, оның тағдырына араласқаным баяндалады. Осы оқиға мені қатты ойландырды. Ол әңгімеде күйеуіне ерегісіп, ажырасып, «сенсіз де бір күнімді көрем» деп қайырымсыз қала тіршілігіне қойып кетіп, байқамастан енді бой жетіп келе жатқан қызын бір пәлеге душар етпеуші ме еді, кейіпкерім. Сондықтан, әйелдер ажырасуға асықпаса екен деймін. Ажырасты ма (әсіресе қызы бар келіншектер), басқа жанмен отау құрғанда ойланса екен деймін. Себебі, қоғамда «өгей әке» синдромы, жақындарынан зорлық көрген бейкүнә қыз балалардың тағдыры деген мәселе ушығып тұр. Мұндай жағдайлардың көпшілігі түрлі себептермен «жабулы қазан – жабулы» күйінде қалады. Ал, арам пиғылын іске асырған зорлықшы тайраңдап жүреді. Мені әлсіздердің, қоғамға үні жетпей жатқандардың, «тасада қалған тағдырлардың» жайы қатты алаңдатады. Мұның бәрі қайдан шықты? Мейірімсіздіктен! Мені толғандыратын мәселе – ана мен баланың жайы. Кейде мен осы партияға әйелдердің проблемасын шешу үшін келген шығармын деп те ойлаймын. «АМАNАТ» партиясы филиалы Әйелдер қанатының Түркістан облысы бойынша жетекшісімін. Мұнда қоғамдағы әйелдер проблемаларын 10 басым бағыт бойынша шешуге әрекет етеміз.
Біз нарықтық қатынастарға көшкелі көп құндылықтарымыздан айырылып қалдық. Бар мәселені материалдық игілікпен өлшейтін болдық. Дүниенің соңынан кеттік. Жас ұрпақты бұрынғыдай еңбекке баулуды тоқтатып қойдық десек те болады. Қазір біздің қоғамда мейірімнен басқаның бәрі бар! Ата-анаға баланың, балаға ата-ананың мейірімі түспейді. Рухани жүдеп барамыз. Бұл проблемалардан шығу үшін бізге аталы сөз айта алатын және оны заңмен тұжырымдай алатын ықпалды билік керек. Идеологияны ұлттық тәрбиемен ұштастыра дамыту керек. Жақында партия хатшысы Шолпан Таңатқызы Каринованың қатысуымен партия филиалы жанынан «Бөрте» әйелдердің көшбасшылығын ілгерілету мектебін аштық. Қазір онда белсенді 100 әйел білімдерін жетілдіруде. Түркістан телеарнасында «Әйел аманаты» бағдарламасы тұрақты түрде көрсетіледі. Әйелдердің өзекті мәселелері жетерлік, тек шынайы жанашырлық керек.
– Әуел бастан әлеуметтік мәселелерді – ана мен бала мәселесін қолға алдыңыз ба?
– Иә, алғаш келген жылдардан-ақ аналар мен балалардың мәселесіне ден қойдым. 2007 жылы облыстағы 5 балалар үйінде 585 баланың денсаулығын медициналық тексеруден өткізуді ұйымдастырдым. Он педиатр дәрігерді арнайы шақырттым, олар екі аптадай Шымкентте жатып балаларды тексерді. Бөбектер үйінен бастап, бүкіл балалар үйінің тәрбиеленушілерін тексердік. Тексеру нәтижесінде 17 баланың құлағы ауыр еститін болып шықты, оларды квотамен Астанаға, Алматыға апарып емдеттік. Бізге сол кезде педиатрия институтының директоры Сәуле Диханбаева көп көмек берді. Тағы біраз баланың көздері дұрыс көрмейтін болып шықты. Алматы көз аурулары ауруханасының бас дәрігері Ботагөз Тұрсынқұлова білікті мамандарын жіберді. Емдеттік. Зерделей келе түсінгеніміз, бұлардың барлығының да аналары нәрестенің дүниеге келгенін қаламаған. Міне, әңгіме қайда жатыр! Психологияда «не желанный ребенок» деген ұғым бар. Іштей қарсылық болғандықтан ол сәбилер мына жарық дүниені көргісі келмей, содан көру қабілеттері нашарлайтын көрінеді... Аңдаусызда көтеріп қойған сәбиін түсіремін деп қыздар неше түрлі дәрі ішеді, бірақ, көрер жарығы бар бала бәрібір өмірге келеді, алайда, көзі, есту мүшелері зақымданып туылады екен. Қыздар туралы да көп зерттедім. Олардың бәрі бірдей жұрт ойлағандай жезөкше емес! Көпшілігі оңы мен солын әлі танып та үлгермеген, жап-жас, үлбіреген үкідей қыздар. Неге бұлай болды? Қайтсек қыз баланың тәрбиесін жөндей аламыз? Ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелейтін болашақ аналардың тәрбиесін қалай қолға аламыз деген көкейде арман болды. Ана біткен қызға сырлас болу керек. Қызға анадан жақын ешкім жоғын елдің бәрі біледі. Қызымның жүріс-тұрысы өзгере бастаса «шыли қадалып алмайын, өзінің де ақылы бар ғой» деп қоя салған болмайды. Қызыңды құшақтап бауырыңа бассаң, ол да саған еріп, бүкпесіз сырын ашады. Сонымен не керек, балалар үйіндегі 17 ауру баланың денсаулықтарындағы кінәрәттарды емдеуді дер кезінде қолға алғандықтан олар оңалып кетті. Өмірімде өзіме ең бір риза болған кезім осы шығар.
Облыс орталығы Түркістанға көшті. Праймеризге түстім, облыстық мәслихатқа депутат болып сайландым. Облыстық мәслихаттың VII-шақырылымының рейтингісі бойынша ең үздік депутат атандым. Онда да осы ана мен балаға қатысты ең өзекті мәселелерді көтеріп, көп талқысына салып отырдым. Ораңғай ауылында «Шұғыла» оңалту орталығының ашылуына ықпал жасадым. VIII-шақырылымда партия тізіміне іліндім, атқарушы билікке жолдаған 43 депутаттық сауалымның 41-і қаржылық тұрғыдан қолдау тапты.
– Қаңтар оқиғасы кезінде түнде көшеге шыққан жалғыз облыстық мәслихат депутаты болған екенсіз, осы мәселені таратып айтып бересіз бе?
– 2022 жылы 3 қаңтарда жұмыста отырғанмын. Ымырт үйіріліп бара жатқан уақыт еді. Өзіміздің «Қоғамдық саяси-ахуал» деген жұмыс чатымыз бар-ды. Сол чатқа «Алматыда пәлен, Шымкентте түген адам, Кентауда 200-дің үстінде халық алаңға жиналып жатыр екен» деген мәлімет келді. Мен сайлауға Кентаудан түскен депутатпын ғой, барайын деп шештім. Сөйттім де уақыт өткізбестен Кентауға тартып кеттім. Бара қалалық әкімдікке бас сұқтым. Барсам сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов отыр екен. «Сізге Орталық аппараттан айтылды ма?» деді таңданысын жасыра алмай. «Жоқ, өзім келдім. Мен осы қаладан сайланған депутатпын, елмен дидарласайын деп келдім, бұл менің азаматтық позициям» дедім. Кентауға екі күн қатарынан келдім, тұрғындарға басу айттым. «Неге бардың, майып етсе қайтесің?» дегендер де болды, әрине. Несіне тайсаламын, олар да мен сияқты адамдар ғой. Бір әйелдің жанына барып «сіздің талабыңыз қандай, алаңға не үшін шықтыңыз?» дедім.
– Сұйытылған газ арзан болуы керек. Соны талап етеміз!
– Сұйытылған газ неге керек, көлігіңіз бар ма?
– Жоқ.
– Онда неғып жүрсіз, мұнда? Сізге осыны талап ету сонша маңызды ма?
– Жұрттың бәрі айтып жатқан соң, алаңға шығып жатқан соң шықтым.
Диалог осылай өрбіді. Әр адаммен жеке-жеке сөйлесіп, жағдайды жете түсіндіріп, мәселені ушықтырмай басуға ықпал еттім. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Жалпы, барлық іс-әрекеттер елдің тұтастығын сақтау үшін, ел бірлігі үшін істелінуі керек деп ойлаймын.
– Кентау қаласынан сайланған депутатсыз. Кенді шаһардың проблемалары қалай шешілуде?
– Кентау қаласының проблемалары назарымнан түскен емес. Қайбір жылы Кентаудағы көп жылдардан бері өзекті болып келе жатқан №5 жылу энерго орталығының проблемасын көтеріп, алғашқы 739 млн. теңгені облыстық бюджеттен бөлдірттім. Бұл нақты әрекеттің басы ғана еді. Сол кездегі Кентау қаласының әкімі Рашид Аюпов қарсы болды, «ТЭЦ-ті мүлдем жауып, бүкіл көп қабатты тұрғын үйлерді автономды жылу жүйесіне қосуды ұсынамын» деп өз ойын өткізгісі келді. Алайда, іле-шала Екібастұзда келеңсіз оқиға орын алып, ол қоғамдық резонанс тудырды. Депутаттың қолынан барлық проблеманы бірден шешу келе бермейді, кейде партияны араластыруға тура келеді. Дәл осы мәселе бойынша да Кентау Жылу Энерго Орталығының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар қажет болды, бұл мәселеге тікелей «AMANAT» партиясы араласты. Партия төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов Кентауға арнайылап келіп, тұрғындармен кездесті. Проблема ең ірі жоба ретінде партияның Сайлауалды бағдарламасына енгізілді, нәтижесінде сметалық құны 13,7 миллиард теңгені құрайтын Жылу Энерго Орталығының қазандықтары жөндеуден өтті, 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйесі ауыстырылды.
Бүгінде кентаулықтар партияға дән риза. Дер кезінде дабыл көтергеніме, проблеманы партия басшылығына жеткізе алғаныма қуандым. Қазір Жылу-Энерго орталығында жұмыс істейтіндердің бәрі мені таниды, жақсы көреді.
Байылдыр айналма жолының да жиырма жылдан аса уақыт жыры бітпеген болатын. Тиімсіз жол деп талай жыл қаржы бөлінбей келе жатқан, бірақ жыл сайын сол жолда бірнеше рет жол апаты орын алып тұрды. Былтыр 70 млн. теңге бөлініп, Байылдырдың айналма жолы іске қосылды. Былай қарасаң көп қаржы да емес, бірақ, проблема көтердің бе, оны әріптестеріңе дөп басып, дәлелдей білуің қажет. Одан бөлек, Байылдырда газ құбырын тартуға 334 млн., Кентау газ құбырларына 500 млн., Оранғай газ құбырларына 640 млн. теңге қаржы бөлдіртуге де ықпал еттік. Отырар ауданындағы Сырдарияның жағасын мекен еткен елді мекендерде лейшманиоз ауруы меңдеп тұр. Партия жанындағы денсаулық бойынша кеңесте осы мәселені қарауға ықпал еттім. Бұл жөнінде ғылыми-лабораториялық зерттеулер жасалатын болады. Аталған жобаға облыстық денсаулық сақтау басқармасы 50 млн. теңге қарастырды.
Бұлардан бөлек, мүгедек балаларға арналған Оранғайдағы оңалту орталығының құрылысына 3 млрд. 309 млн. теңге көлемінде қаржы бөлдірттім. Өткен жылы 50 орынды оңалту орталығы ашылды. Осылайша, қамкөңіл аналардың арманын орындауға қадам жасалды.
Былтыр жазда Кентаудағы 280 орынды мемлекеттік «Жұлдыз» балабақшасын сенімгерлік басқаруға беру туралы мәселе көтерілді. Мен бұған бірден қарсы болдым. Себебі, бұл балабақшаға баратын балалар тек қарапайым адамдардың, өндіріс орындарында істейтін жұмысшылардың балалары еді, олар табыс көздері мол адамдардың қатарына жатпайды. Тұрақты комиссияда, сессияда нақты дәлелдер келтіріп, балабақшаны қорғап шықтым. Осы үшін кейбіреулерге ұнамай қалғанымды да білемін, бірақ жүйелі сөз жүйесін табатыны белгілі ғой, тіресіп тұрып табандылық таныттым. «Қане, кім қарсы?» деген сұрақты сессияда отырған әріптестеріме қойдым, ешкім қарсы келмеді. «Сенімгерлікке өткен мекеменің оңғанын көрмедім. Балабақшаға қаржы қарастыруды, оны күрделі жөндеуден өткізуге ықпал етуіңізді сұраймын» деп едім, облыс әкімі Н.Көшеров мені қолдап, бір-екі ай өтпей жатып-ақ 476 млн. теңге қаржы бөлдіртті. Қазір ол балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
– Облыс орталығы Түркістан қаласының дамуы да депутаттардың назарынан тыс қалмақ емес. Сіз бұл мәселеге қаншалықты үлес қосып жүрсіз?
– Өз басым «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң» бойынша Мәжілісте құрылған жұмысшы тобының мүшесі болғанымды мақтан етемін. Түркістандықтар таяу болашақта аталмыш заңның игілігін көретін болады.
Жұртшылықтың есінде болар, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы нақты ғимараты болмаса да Шымкенттен Түркістанға көшіріліп, кітаптары біраз уақыт жертөледе жатты. Кітапхана ұжымы жетім баланың күйін кешті, сәл болмағанда Фараб әмбебап кітапханасына қосылып кете жаздады. «Екі миллионнан астам халқы бар облыстың дербес балалар кітапханасы болмағаны қалай?» деп тағы да шырылдауға тура келді. Балалар кітапханасының Фараб кітапханасына қосылып кетпеуіне бар пәрменіммен кірісіп, Мәдениет министрлігіне, ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттық сауалдар жолдадым. Депутаттардың республикалық форумында вице-премьер Қ.Бозымбаевтың алдында осы мәселені көтердім. Шүкір, нәтижесінде, балалар кітапханасы өз статусын сақтап қалды. Облыстық бюджеттен 500 млн. теңге қаржы бөлініп, ғимарат сатып алынды. Бұған кітапханашылар қауымы қатты қуанды. Жалпы, депутаттық сауалды жолдау бар да, оның орындалуы, қолдау табуы бар. Атқарушы биліктің алдында ұсынысыңды қорғап, дәлелдей білуің керек, олардың көзін жеткізе білуің керек. Бұл депутаттан кәсібилікті талап етеді.
Ұлттық тәрбиенің мәйегі Ясауи руханиятын балалардың бойына сіңіру мақсатындағы депутаттық сауалым да қолдау тауып, «Бала Ахмет» анимациялық фильмі түсірілді. Мұны да ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесім деп білемін.
Жуырда Әйелдер қанатының атынан Кентаудағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын колледжде облыстық деңгейде «Шексіз мүмкіндік» атты семинар өткіздік. Биыл облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі 272 бала орталау мектепті бітіріп жатыр, соларды колледждерге, 61 бала 11 сыныпты бітіреді, оларды ЖОО-ларға орналастыру керек. Облыстық білім басқармасына партия тарапынан ресми хат жолданды.
Жалпы менің депутаттық сауалдарым 97 пайызға орындалды. Алайда, бұл «жұмыс осымен бітті» дегенді білдірмейді. Бізді алда әлі халық үшін атқарылатын талай жұмыс күтіп тұр.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Кентау қаласы, Сайрам, Отырар аудандары мен Түркістан облысының құрметті азаматы. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.