«Қазір ақынның аузын буып отырған ешкім жоқ»

Ақын Дәурен Ақсақаловтың есімі бүгінде айтыссүйер қауымға жақсы таныс. Ол – оралымды ойларымен, тұшымды түйіндерімен, шымшыма шумақтарымен, тапқырлығымен көрерменнің көңілінен шығып жүрген  талант. Біз таяуда отырарлық ақынға арнайы жолығып, көкейімізде жүрген сұрақтарымызды қойған едік.

– Дәурен, сен айтыста көбіне ауыл тұрғындарын толғандырған, шешімін таппай жүрген мәселелерді көтересің. Сахнада айтқан сын-ескертпелердің шешімін тапқаны болды ма?

– Айтыс сахнасы – халық үнін жоғарыға жеткізетін маңызды алаң. Ондай үлкен алаңда үнің тиісті жерге жетуі үшін сөзің салмақты, уәжің орынды болуы керек. Заманның өзі ақыннан дарынымен қоса дипломат, өлеңімен қоса өжет, талантымен қоса танымал болуды талап етіп отыр. Сонда ғана үнің естіліп, жырың тыңдалады. Оның үстіне, ақын елде жоқ проблеманы көтермейді. Халықты алаңдатқан, толғандырған маңызды мәселелерді өткір шумақтармен өрнектеп, өлең түсінетін адамның өңменінен өтетіндей етіп жеткізеді. Сол арқылы қоғамның зарына үн қосып, мәселенің мазмұнын салмақты етіп саясаткерлердің назарын аударуға тырысады. Әйтсе де, «Мен айттым, енді қай шенеунік орындайды екен» деп қарап отыруға тағы болмайды. Мысалы, мен Отырар ауданының тұрғынымын, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесімін. Сондықтан айтыста өзім көтерген мәселенің аудан деңгейінде орындалуына атсалысуға мүмкіндік бар. Бірде айтыста көтерген мәселені аудандық аурухана басшылығына айтып жүріп, ақыры орындаттық. Біздің ауданда МРТ аппараты жоқ. Ал, КТ аппараты болғанмен, бұзылып тұр деген желеумен бірнеше жылдан бері қолданылмай тұрғанын білетінбіз. Тиісті басшылардың құлақ етін жеп жүріп, ақыры аудан тұрғындарының игілігі үшін сол аппаратты іске қосуға атсалыстық. Қазір ол жұмыс істеп тұр. 

Біздің ауданның топырағы тұзды. Ауыз суымыздан да кермек дәм шығады. Сау адамды ауыртатын сол суды ауруханамыздағы науқастар да тұтынатын еді. «Ауру – астан» демекші, өзі ауырып жүрген адамға ондай су ішкізбеуін талап етіп жүріп, ауруханадағы барлық бөлімге ауызсу фильтрін орнатуға мұрындық болдық. Қазір сала басшыларына науқастардың кереуеті жанына жедел шақыру (SOS) батырмасын орнату туралы мәселені ескертіп жүрмін. Негізі оны мыңдаған көрермен жиналған айтыс сахнасында айтпай-ақ бітіруге болады. Тек осындай проблемалар еліміздің көп аудандарында кездесетінін білген соң айтпай тағы болмайды. 

– «Көп сөзім мен өлеңім ішімде өліп жатыр» дейсің бір сұхбатыңда. Айтсам-ау деп айта алмаған өкінішің көп пе?

– Оны шер мен шемен деуге келмес. Бес-алты жыл бұрын берген бір сұхбатымның ішінен журналистер осы сөйлемді алып, өмірден баз кешкен ақынның әңгімесіне ұқсатып тақырып етіп қойған ғой. Бірін айтуға шеберлігіміз, бірін айтуға шешендігіміз жетпей қалатын кездерде ішімізде қап қоятын ойлар болмаса, аузымызды буып, сөзден тыйып отырған ешкім жоқ.

– Сені сахнада көбіне «Бекарыстың інісі» деп жатады. Бекарысқа деген ерекше құрметің әр шумағыңнан байқалып тұрады. Ал, өзіңнен кейінгі жастардың аға буынға деген құрметі қалай?

– Бекеңе ғана емес, жалпы аға буынға құрметіміз ерекше. Ол кісілерің алды – ақсақал, арты ел ағасы болып жатыр ғой. Біз олардың өнердегі жолының оннан бірінен өткен жоқпыз. Сондықтан ағаларымызға іні боп ізет танытудан басқа іс келмейді қолымыздан. Ал, жас буынға мінездеме беруге әлі ерте шығар. Себебі, жастардың ақындығы да, адамдығы да, білімі де, біліктілігі де толысу үстінде. 

Айырмашылық – айтыс өнеріндегі стильдерінде. Қазір Аманжол ағамыздың, Бекарыс ағамыздың, Ораз, Мелс ағалардың мектебі қалыптасып, сол кісілердің айтысын, айтысу әдіс-тәсілін меңгерген жас ақындар додаға түсіп жүр.

– Өңірдің саяси, әлеуметтік мәселесін, елдің кем-кетігін, жетістігі мен кемшілігін білетін, осыны тереңнен қозғап жүрген ақын, азамат ретінде Сізді, әсіресе, қай мәселе көбірек толғандырады?

– Өзге облыстарға шықсақ, ойша өз өңірімізбен салыстыратынымызды несін жасырайық?! Біздің өңір қазір қарқынды даму үстінде. Бірақ, статистика біздің облыстағы кедейлік деңгейі басым дейді. Өндіріп, өкіртіп жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарын көрмеген соң ол дерекке сенесің. Әр ауданда тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған өндіріс болса ғой, шіркін! Мысалы, қазір ойланып отырсам, зауытта жұмыс істейтін бір ғана танысым бар екен. Оның өзі ширек ғасыр бұрын іске қосылған «Заречное» кен орны. Жаңа өндіріс ошағы емес.

Осы көп істе біздің аяғымызға оралғы болып отырған нәрсе – жемқорлық-ау. Естігіміз келмесе де ел аузынан, көргіміз келмесе де көз алдымыздан сондай жаңалық жиі шығатынына қынжыласың. 

Аудандардағы денсаулық сақтау мекемелерінің жай-күйі, халықтың денсаулығы ойландырады. Жаңағы МРТ деген аппаратты әр ауданға алып беруге, әр ауылға «Жедел жәрдем» көлігін сатып әперуге қаржы жоқ па бізде? Тіпті, жері мен суы тұзды, экологиялық аймақ саналатын біздің ауданда бүйрек ауруын емдейтін нефролог дәрігер жоқ екен. Сұрастырсақ, оған облыстан штат берілмейді дейді. Диализ қабылдайтын, қан қысымымен ауыратын адамдар бізде көп, өте көп. Соның себебін зерделеп, ем-шарасын үйлестіруге не кедергі? Бейіндік дәрігер жетіспейді деген проблема дәл қазір аудандарда өзекті мәселеге айналды. Басқа-басқа, адам өміріне немқұрайлы қараған соң, сапасыз құрылыстарға не деп шағым айтамыз?!

– Ел басқарып жүрген бірер азаматты жырға қосқаныңды білеміз. Жалпы, жақсының жақсылығын айтқанның өрескелдігі жоқ.  Бірақ, «Бекер мақтаппын-ау» деп өкініп қалған кезің болды ма?

– Жұртына жағымды тұсы, ілкімді ісі болса, жақсының жақсылығын уақытында айтып та жүрген жөн деп санаймын. Барын салып істеген жұмысына жұртының жақсы баға бергенін кім де болса қалайды ғой. Әрине, сырын білмей сынауға да, мақтауға да асықпаған жөн. Алайда, басшы ғана емес, қызметкеріңе де, кімге болса да сынмен қатар лайықты жақсы бағасын берген де дұрыс шығар. 

Тұлпар сүрінгендей, жігіттің де бір жаңылар кезі болады. Ондайда «лап бергіш, ...өті айналғыш, қайта ойланғыш» деп Абай атамыз айтқандай, пікірінен лезде айнып шыға келетіндер көп. Бірақ, ер жігіттің басына не келіп, не кетпейтінін де ескергеніміз абзал ғой.

– «Елдің демографиясы оңалмаған соң, оңтүстіктің халқын солтүстікке көшіріп жатырмыз. Ал, сенің жүрісің мынау» деп ешкім ұрыспай ма саған?

– Ұрысады. Жұрт ұрысып жүр, Дәурен де тырысып жүр, аға!

– Сен сахнадағы қарсыластарыңа көбіне әзілмен шабуылдайсың. Айтыста орынсыз әзілдеп, сөзден тосылған кезің болды ма?

– Рас, айтысты әзілмен бастағанды дұрыс көремін. Солай айтысып отырып та көптің көкейіндегі проблеманы айтуға болады. Ал, кейде айтысың өте сәтсіз шығып жатады. Болжап біле алмайтын, сахнаға тәуекел деп барып шығатын өнер ғой бұл. Осы жолы қатырамын деп шығып, тығылатын жер таппай қалатын кездер де болады. Елдің қошеметіне елітіп, жайбарақат жайғасып, сахнадан кеткің келмей қалатын сәттер де болып тұрады.

Мен үшін қиын (әлде ауыр) болды дейтін айтыс... Иә, есімде. Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай өткен айтыстың екінші күні. Финал. Қарсыласым – әйгілі Мұхтар Ниязов. Айтыс таңертең сағат 10.00-де басталған. Түнімен дайындалып едім. Қас қылғанда, ұйықтап қалыппын. Оянсам, түскі 12.30. Ол сәтті жауыма да тілемеспін. Телефоныма отыздан аса қоңырау түскен. Естімеппін. Шапанымды киіп, көшеге жүгіре шығып, таксилетіп «Конгресс-Холлға» жеткенім сол, Жүрсін Ерман көкеміз Мұхтар екеумізді хабарлап жіберді. Сахнаға шықпаған екеуміз-ақ қалыппыз. Жеткеніме қуанып, сахнаға шығып, жайғасып отырдым. Оразамды да ашпағанмын, жуынып та үлгермегенмін, жүгіріп келгенім тағы бар, сөз бастағаннан аузым кеуіп, сөйлем түгілі, сөзге тілім келмей қалды. Микрофоннан сәл алыстап, ішімнен бісмілләмді айтамын. Болмайды. Тіл жібітер нәр таппай жұтынып отырып, бірінші кезекті әрең бітіргенмін. Екінші кезегім келгенше шай ұрттап, әрең өзіме келгенмін. 

– «Ақынсың ғой, қызыма өлең шығарып берші», «баламның туған күніне арнау айтшы» дегендей жүйкеге тиетін «өтініштерден» қалай құтыласың?

– Оның жүйкеге тиетінін білсеңіз, сіз де өлең шығаратын болдыңыз ғой. Қолым тимейтінін айтамын, сылтауым үйлеспей жатса, шығарып та беремін. Ол кісілерді де түсінуге тырысамын, басқа амал жоқ.

– Отырар – ұлылардың Отаны ғой. Енді жүз жылдан соң Дәурен Ақсақалов солардың арасында қай қатардан орын алады?

– Қиын сұрақ екен. Өз ұрпағымыз ұмытпайтындай өмір сүрсек – сол да аз олжа болмайды.  Құдай өмір беріп, халықтың жадында қалатындай жанға айнала алсақ, қанекей!

– Былайғы жұртқа ақындар домбырасын қағып-қағып жіберіп, екі шумақ өлең айтып-ақ қалтасын толтырып жүргендей көрінеді ғой. Ақындықтан басқа  өнерің, кәсібің бар ма?

– Жаңа түскен келіннің бетін ашамын, егер ол кәсіп деп саналса. Бірақ, тойға асаба болмаймын. Тұрақты жұмысым бар. Болды, бары осы. Менікі ел қатарлы қарапайым тіршілік қой. 

– Бүкпесіз ой, ашық пікір, әдемі сұхбатың үшін рахмет! Сөз өнерінің биігінде қалуыңа тілектеспіз!


Сұхбаттасқан Пернебай САПАР,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз