Мөлдір бұлақ – ел болашағы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазару күніне» орай халыққа үндеу жасап, онда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акция аясында республика аумағында «Мөлдір бұлақ» бастамасын жүзеге асыруға шақырды. Аталған жоба аясында бұлақтардың көзін ашу, тал егу, жағалаулар мен су айдындарын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

 

Жалпыұлттық референдумда қабылданған Жаңа Конституцияда азаматтардың табиғатқа қамқорлықпен қарауы ұлттық дүниетанымның басты қағидатының бірі ретінде айқындалды. «Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аула мен айналаны таза ұстаудан ғана тұрмайды. Оның мәні әлдеқайда ауқымды. Ол азаматтардың алдымен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Кейін әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс тапса керек. Сондықтан да Мемлекет басшысы күллі жұртты тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға тұрақты шақырып келеді. «Бәріміз күш біріктірсек, елімізді биік белестерге жетелеп, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз» деді Президент.

Экологиялық акция аясындағы іс-шаралар биыл қайта жалғасты. Игі шарада облыс жұртшылығы да белсенділік танытып жүр. «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында бірқатар аймақта бұлақ көздері тазартылды. Мәселен, Қазығұрт ауданындағы тау баурайындағы Атбұлақ елді мекенінде Ақбура әулие бұлағының айналасы толық тазартылды. Осындай игі істер басқа да аймақтарда жүзеге асты. Сайрамда «Мөлдір бұлақ» бастамасы аясында ауқымды сенбілік өтіп, Қарасу ауылдық округінің Ақбастау ауылындағы бұлақ көзіне санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілген. Белсенділер бұлақ көзінен бөлек, оның төңірегіндегі қураған ағаштарды кесіп, маңайдағы қоқысты сыртқа шығарып, айналаны түгел ретке келтірген. Созақ ауданындағы акция барысында Аша тауынан бастау алатын, Жартытөбе ауылының аумағына дейінгі 50-ден аса бұлақ көздері аршылған. Өзен бойына тал көшеттері отырғызылып, аумақ көгалдандырылған. Ал, Арыста «Мөлдір бұлақ» ұранымен өткен тазалық шарасында өзен жағалауы тазартылған.

Бүгінде сенбілікке деген тұрғындардың көзқарасы өзгере бастады. Қазір көпшілік тазалық мәдениетін қалыптастыруға үйреніп келеді. Халқымыз «Бұлақ көрсең – көзін аш» деп бекер айтпаған. Табиғатты аялау, оның ішінде су көздерін қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы аманат.

«Мөлдір бұлақ» – тек қоршаған ортаны қорғау шарасы ғана емес. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыратын маңызды бастама.  

Президент оны ұлттық болмысымызға қатысты мәселеге, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастамаға теңеді. Экологиялық акцияның түпкі мақсаты мен идеясы ары қарай жалғасатыны сол кезден-ақ белгілі болған. Еліміздің таза, көрікті болғаны біреу үшін емес әрине, ең алдымен өзіміз үшін керек. Тазалық мәселесі (мейлі оны экологиялық мәдениет деп атайық) әрбір тұрғынның жүрегіне терең бойлағанда ғана біз рухани тазарарымыз хақ.

 

             Айтмұрат БАЙЫМБЕТ.

 

 

  

Пікір қалдырыңыз