«Жаңа буын бәрібір өз тарихын жасайды»

Райымбек  Сейтметов  атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртісі Нұржан Iзтаев  1981 жылы Кентау қаласына қарасты Ащысай елдi мекенiнде дүниеге келген. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін кино және драма актерi мамандығы бойынша бітірген. Содан бері оның өнер саласында еңбек етіп келе жатқанына 25 жылға жуықтапты. Елге «Алдараспан» театрының әртісі ретінде танылған актермен мамыр мерекелері қарсаңында сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Нұреке, сіздің алғашқы рөлдеріңіздің бірі Жөкен қарт еді. Жиырма жастағы жігіт жетпістегі қарияның рөліне қалай келді? Әңгімені осыдан бастасақ...

– Бала күнімізде ауылда қариялар көп еді. Көшеде жолығып қалғанда сәлем берсең: «Тәрізіңнен танып тұрмын, Оралбектің баласы емеспісің?» деп түп-тұқияныңа дейін таратып беретін шежіреге жүйрік, зейіні зерек ақсақалдарды көріп өстік. Одан бөлек, жиын-тойларда әкеміз үлкендердің қолына су құйдырып, «Бата – бастан, су – аяқтан» деп үйретті. Қолда шылапшын, құманда жылы су, иығыма сүлгі асынып, үлкендердің қолына талай су құйдым. Сонда қариялар: «Жағың түспей жамандық көрме», «Мақсатыңа жет», «Алла жолыңды ашсын», «Тәңір тілеуіңді берсін» деп бата беретін. Байқап отырсыз ба, біреуінің айтқанын екіншісі қайталамайды. Жалпы, ауыл адамдары сөзге шешен, мақал-мәтелге жүйрік келеді.Үйдің кенже баласы болған соң, дастарқанның шетінде қылтиып отырамын. Үлкендер сонау соғыс кезінде өткен балалық шақтары туралы, туған жеріміздің аң-құсын, өлең шөбін, бұрынғы өткен жағдайлар мен елдің есінде қалған оқиғаларды әңгіме етеді. Маған солардың әр сөзі ертегі, аңыздай естілетін. 

Кейін, небәрі жиырма жасымда Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Ақ босағаң – арың!» атты драмасында Жөкен қартты ойнадым. Қойылымның режиссері, өзімнің ұстазым Сая Қасымбек апайым маған басты рөлді тапсырғанда, шынын айтайын, қатты қиналдым. Жаспын, даусым да жіңішке, шағын денелі жігітпін. Жөкен қарттың күрделі бейнесін сомдау маған оңайға түспеді. Бірақ, ауылдағы қариялардың сөйлеген сөздері, отырған отырыстары, әңгіме барысындағы сөз ырғақтары, жүрістері, тіпті, бас ұстап, құлақ кесіп бергендегі қимыл-қозғалыстарына дейін көріп өскен баламын ғой. Сол кісілерден жиынтық образ жасап, Жөкен қарттың бейнесіне кірдім. Тынымсыз еңбегімнің нәтижесі жаман болмаған сияқты, осы рөлім үшін «Көрермен көзайымы» деген номинацияны иелендім. 

Жалпы, менің өнердегі баспалдағым өте қызық, жас кезімде қарияларды, билерді, абыз ақсақалдарды сахналап едім, қырықтан асқан соң жас балалардың рөлінде ойнап жүрмін.

– Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Жұмекен Нәжімеденовтің «Хат тасушы» драмасында баланың рөлін ойнадыңыз. Жалпы, ақынның шығармашылығымен таныссыз ба?

– Жұмекен Нәжімеденовтің «Хат тасушысы» әлі кәмелетке толмаған, қолына қару ұстамаған, бойынан балалығы арылмаған жасөспірім ғой. Алғашында ауылға хат алып келген сайын көңілі көтеріліп, елге қуаныш сыйлағанына, жылы сөз естігеніне мәз болып жүрді. Уақыт өте келе ауылға «қара  қағаздар» келе бастады. Сол кезден бастап оның балалық шағы ұрланды. Әрбір қаралы қағаз жүрегін мұздатты. Оны көрген адамдар жиырылып тұратын болды. Әлі кішкентай бала болса да қоғам оны шеттетті, әрбір қайғылы хабар оны жеккөрінішті етті. «Менің сөмкемде хаттар емес, соғыста өлген жауынгерлердің сүйегі жатыр. Маған оңай дейсіңдер ме? Мен әрбір ананы жесір, әрбір баланы жетім еттім» деп мұңаятыны бар сол хат тасушының. Бұл күрделі образға кіру маған өте қиын болды.

Қойылымға дайындалу барысында Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін, романдарын, одан бөлек, соғыс жайлы  басқа да шығармаларды оқып шықтым. Сол заманның, сол дәуірдің психологиясын, тұрмыс-тіршілігін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, олардың күйзелісін, қайғысын түсінуге тырыстым. Шама-шарқым келгенше көрерменді сендіруге ұмтылдым, нәтижесі жаман болмаған сияқты.

Жалпы, мен әр рөлімде қатты қиналамын. Кейбір әріптестерім кез-келген рөлге икемделе кетеді ғой. Маған келгенде образдарым «қашып» кетеді. Сондықтан ұзақ дайындаламын, іздеймін, өзіме керекті элементті тапқанша жаным тыным таппайды.

Кезінде ұстазым Райымбек Сейтметов «Еңлік–Кебектегі» Жапалдың рөлін берді. Жапал сырт көзге тау-тасқа секіріп ойнап, қозы бағып жүрген алаңсыз бала секілді көрінеді. Оның жүрегі таза, екі ғашыққа шынымен жаны ашып, соларды уайымдап жүреді. Райымбек ағамыздың режиссерлік шешімі бойынша ел арасындағы дау-дамайдың себебі, ғашықтардың жүрекжарды тілегі осы Жапалдың аузымен айтылады. Осы рөл маған ауыр тиді. Жапалдың жан тазалығын жеткізу оңайға түспеді, соған орай ұстазым да өзінің қатаң тезіне салды. Нәтижесінде Жапал рөлін лайықты алып шығып, Райымбек аға қолымды алып, ризашылығын білдірді. Осы қойылыммен Қызылордаға барған гастрольдік сапарымда мүйізі қарағайдай аға-апаларым да алғыс айтып жатты. 

– Сіз жалпы саны алпысқа жуық рөлде ойнаған екенсіз. Бірақ, жұрт сізді негізінен «Алдараспан» театры арқылы таниды. Бағыты бөлек екі театрдың ортасында жүру қиын емес пе?

– Жоқ, қайта шеберлігіңді шыңдауға көмектеседі. «Алдараспан» театры – эстрада-миниатюра жанрындағы театр. Ол ұжымның да өзіндік тәртібі, талабы бар. Жалпы, сатира саласы өте қиын. Халықты күлдіру оңай емес. Бір өңірде өтімді болған әзілің келесі өңірде кәдеге аспауы мүмкін. Сондықтан әр өңірдің диалектісіне, әлеуметтік, психологиялық ерекшелігіне сай бейімделуге тура келеді. Бір концертте бес рөлде ойнасақ, бес образға кіруге тура келеді. Бұл да үлкен тәжірибе. Театрдың жанры комедия болғанымен, ол қойылымдардың да айтары, ойы, түйіні бар. Сондықтан «Алдараспан» театры да мен үшін үлкен мектеп.

– Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Райымбек Сейтметов секілді алыптармен бірге қазақ өнерінің тұтас бір дәуірі көшті. Келешек ұрпақ өнердегі өз тарихын дәл осы алыптардай жасай алады деп ойлайсыз ба?

– Сонау Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова апаларымыздан бастап кешегі Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов ағаларымыздың әрқайсысы өз алдына бір тау ғой. Кез-келген жас актер Асанәлі, Райымбек болғысы келеді. Олар қазақ кино-театр өнерінің тарихына есімдері алтын әріппен жазылған абыздарымыз. Райымбек ағамыз шешендік сөздерді, жыр-дастандарды, Абайдан бастап, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, тағы да басқа қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқитын. Ол кісі сөз алғанда көпшілікті үйіріп, тыңдаушысын ұйытып әкететін қасиетті кісі еді.

Әрине, абыздарымыздың өмірден озғаны өкінішті, олармен бірге қазақ өнерінің тұтас бір дәуірі келмеске кетті. Бірақ, қалай болғанда да жаңа буын, жас ұрпақ та өз тарихын жасайды. Әшірбек Сығай ағамыз «біз арабты, немісті, ағылшынды, түрікті, орысты, жалпы, әлемдегі халықтың бәрін ойнадық. Әлемдік деңгейдегі классиканың барлығын қазақшаладық. Бірақ, басқалар қазақты ойнады ма екен, ойнаған жоқ қой. Соған қарағанда біз басқалардан артықпыз-ау» деуші еді.

 Театр – тірі организм, синтездік өнер, ол заман ағымымен ілгерілей береді. Қазақ театры да сол ағыннан қалмайды, уақыт өткен сайын дами береді деп сенемін.

– Отбасыңыз жайлы бірер сөз...

– Жұбайым Кәмшат Әштекова да өнер адамы, өзімнің әріптесім, екеуміз бір театрда жұмыс істейміз. Екеуміз де өнер адамы болғандықтан ортақ тақырыбымыз, әрине, көбіне театр, өнер, драма туралы болады. Театрдағы репитицияны үйге келіп талдаймыз. Кейде режиссер айтпаған ескертпені, сынды, әріптестерім байқамаған кемшілікті жұбайымнан естіп жатамын. Ол да өзі ойнайтын рөлді зерттеп, тиянақтап отырады. Рас, кейде пікіріміз үйлеспей, көзқарасымыз келіспей жатады. Бірақ, екеуміз бір бағытты ұстанған, мүддесі ортақ жандар болған соң тез түсінісеміз. Алла берген төрт перзентіміз бар. Өз басым өнер адамдарының бір-бірімен отбасы құрғанын дұрыс санаймын. Себебі, өнерде жүргендерге, әсіресе, қыздарға қиын. Қаншама талантты, дарынды қыздарымыз тұрмысқа шыққан соң, отбасының кикілжіңіне, отағасының қас-қабағына қарап, өнерді тастап кетті. Өнер адамын ең алдымен Құдай қосқан қосағы түсінбесе, ол өмір – өмір емес, азап қой әншейін, солай емес пе?!

– Соңғы сұрақ болсын, «соңғы кезде той көбейіп кетті» деген пікірге қалай қарайсыз?

– Жалпы алғанда, «Қазақ – тойшыл халық» деген сайын не болса соны тойлай бергенді қолдай бермеймін. Ал, қазақы мәдениеттен алыс, би жарысқа шығып, еденге аунап жататын жын-ойнақты мүлде қабылдай алмаймын. Бірақ, қазақтың ежелден келе жатқан үйлену тойы, беташар, ата-ананың мерейтойы секілді қуанышты жиындарына қарсы емеспін. Бұл қазақтың әлімсақтан бері келе жатқан дәстүрі ғой.

Ашығын айтсақ, кейінгі кезде ағайын-туыс той-томалақта, қаралы жиында ғана бас қосатын болып жүр. Бұрынғыдай есігіңді айқара ашып, кез-келген уақытта қонақ кіріп келетін заман қалып барады. Күнкөрістің қамымен жүрген адамдардың бос жүріске уақыты да жоқ. Сондықтан елеулі мерекені, өмірде бір келетін қуанышты тойлаған дұрыс деп ойлаймын.

Өз басым тойға шақырту келсе, театрдағы жұмысыма, спектакльге  кедергі жасамайтын болса ғана барамын. Егер жаныма ауыр, күрделі рөлге дайындалып жатсам асабалықтан бас тартамын. Бірақ, бұл мүлде асаба болмаймын деген сөз емес. Біздің басты күнкөрісіміз той бизнесі болғандықтан, сирек те болса той басқарып тұрамын. Себебі, бір жалақымен жан бағу мүмкін емес қой.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!


Сұхбаттасқан Пернебай САПАР,

«Оңтүстік Қазақстан».


Пікір қалдырыңыз