Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ: Адами капиталды дамыту – стратегиялық бағыт

Таяуда  өңірімізге  іссапармен ҚР Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҚР ҰҒА академигі  Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ  келген болатын. Академикпен арнайы жолығып, референдумда халық қолдауына ие болған жаңа Конституцияның басты жаңалықтары неде екенін, оның стратегиялық маңызы мен мәнін және іссапар мақсатын сұраған едік.

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, сұрағымызды іссапар мақсатынан бастасақ…
– Өзіңіз атап өткендей, 15 наурызда халқымыз өз таңдауын жасап, ел дамуы үшін жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Білім-ғылым саласының өкілі ретінде жаңа Конституцияда Қазақстан адами капиталды, білім, ғылым және инновациялардың дамуы – мемлекеттің стратегиялық қызметінің негізгі бағыты болып айқындалғанын тарқата айтып,  насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің оқытушы-профессор құрамымен және студенттерімен кездестік.  Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған  халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға  да қатыстық.
– Тәрбиелік-тағлымдық мәні зор жиынға қатысқан екенсіз. Ендігі әңгіменің бағытын жаңа Конституцияға қарай бұрсақ. Ұлттық құрылтайдың ғылым-білім бойынша спикері ретінде айтыңызшы, осы сала бағыты жаңа Конституцияда қалай көрініс тапқан?
 – Жаңа Конституция жобасының преамбуласында білім, ғылым және инновация елдің дамуының басым бағыттары болып көрсетілген. Басты бағыты дегеніңіз еліміз алдағы уақытта осы салаға ерекше көңіл аударатынын көрсетеді. «Білім мен ғылымды екінші орынға қойған ел ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген қағидат бар. Сондықтан білім әрқашан алдыңғы  қатарда болуы тиіс.
Елімізде орта білім тегін берілетініне мемлекет кепілдік болып отыр. Мұның өзі елімізде білімге басымдық берілетінінің басты мысалы. Конституцияның үшінші бабының екінші тармағында адами капитал, білім, ғылым, мәдениет елдің дамуының стратегиялық мақсаты деп анық көрсетілген. Ендеше, осы мақсаттарға жету үшін қай-қайсымыз да аянып қалмауымыз керек.  
– Конституциядағы  орта білімге қатысты негізгі жаңашылдықтарды атап өтесіз бе?
– Жаңа конституциялық нормалар мемлекеттік оқу орындарында сапалы білім беруге, орта білімнің қолжетімділігі мен деңгейін арттыруға бағытталған  әрі оған мемлекет кепілдік береді. Жаңа Конституцияда білім сапасын арттыру стратегиялық басымдық ретінде бекітіліп, 33-бапта білім алу құқығының мемлекеттік кепілдіктері күшейтілген. Құжаттың кіріспесі мен негізгі баптарында білім, ғылым және инновацияны дамыту, орта білім беру жүйесін жетілдіру және адам капиталын нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгенін тағы да қайталап айтсақ, артық болмасы анық.
Мұны біз, сайып келгенде, Қазақ-
станның одан әрі дамуындағы аса бір қажетті фактор деп қабылдағанымыз абзал. Жалпы алғанда, жаңа Конституция білім беру жүйесін заман талабына сай жаңартып, сапалы білімге деген құқықты нығайтудың құқықтық негізі болмақ.  Педагогикалық әдеп қағидаларын сақтау, білім беру ұйымдарында құқықтық мәдениетті арттыру мақсаты айқын көзделген.
– Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев үш жылда мемлекетімізді цифрлы елге айналдыруды мақсат етіп қойып отыр. Жаңа Ата Заңдағы елімізді  цифрлы елге айналдыру мақсатын жүзеге асыруға арналған нормаларға аз-кем тоқталсаңыз…
– Жалпы, бұл басты құжат еліміздің азаматтарынан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, сондай-ақ, жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде қабылданғанын  жұртшылық жақсы біледі.
Жаңа Конституцияда маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Қазақстан – әлемдегі цифрлы 10-TOП ел қатарына енгенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазғанын жақсы білесіз. Цифрландыруға байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді.
«Жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдарының, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі»  делінген 21-бапта. Мұны әрбір азамат білуі тиіс.
– Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде Халық кеңесі институтының құрылуына байланысты не айтасыз?
– Қызылордада өткен бесінші Ұлттық құрылтай отырысының мінберінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық кеңесін құруды ұсынды. «Бұл бастама билік пен қоғам арасындағы байланысты жоғары деңгейге көтеруді көздейді.  Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады» деген Президент енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды. «Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын» деді Мемлекет басшысы.
Демек, Халық кеңесі классикалық өкілді органнан да, кәдімгі қоғамдық кеңестен де өзгеше болады. Оның басты ерекшелігі – жалпыұлттық деңгейдегі саяси-сараптамалық платформа ретінде жұмыс істейтіндігінде. Яғни бұл институт бір жағынан халықтың үнін еститін, екінші жағынан стратегиялық шешімдерге ықпал ете алатын аралық буын рөлін атқарады. Мұнда қоғамдық пікір белгілі бір ортада не әлеуметтік желідегі эмоциялық реакция деңгейінде қалып қоймай, нақты жауапты мінберлерде көтеріледі. Бұл, әсіресе, өңірлерде азаматтық белсенділікті арттырып, халықтың саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге де септеседі.
Қорыта айтсақ, адами капитал дамыған жерде сапалы ұлт қалыптасатыны анық.  Жаңа Конституция осы  стратегиялық мақсатқа жетуге кепіл болары сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
    
Сұхбаттасқан  
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз