Бір палаталы Парламент: ол қашан жүзеге асады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында екі палаталы Парламенттен бір палаталы жүйеге көшу туралы бастама көтерді. Алайда, бұл реформаны асығыс жүзеге асыруға болмайтынын, оны бір жыл бойы қоғамда, сарапшылар ортасында және қазіргі Парламентте талқылау керектігін айтты. Егер халық қолдаса, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізіліп, Конституцияға өзгеріс енгізілуі мүмкін. «Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сенат 1995 жылы елімізде саяси жағдай күрделі сипат алып тұрған шақта Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қаланып жатқан кез еді.
Сенат депутаттарының негізгі міндеттеріне не кіреді? Біріншіден, Төменгі Палата, яғни Мәжіліс қабылдаған заңдарды қарау, мақұлдау немесе кері қайтару. Екіншіден, Президенттің ұсынуымен Жоғарғы соттың судьяларын сайлайды немесе қызметтен босатады, Бас прокурорды, ҰҚК төрағасын, сондай-ақ, Президент ұсынған басқа да жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім береді. Үшіншіден, сыртқы саясат және қауіпсіздік саласында халықаралық шарттарды ратификациялайды немесе күшін жояды, елдің қорғаныс қабілетіне қатысты заңдарды бекітеді. Республикалық бюджетті қабылдау мен оның орындалуын бақылау, Үкімет жұмысының есебін тыңдау секілді міндеттерге де Жоғарғы Палата – Сенат араласады.
Төменгі Палата – Мәжіліс те заң жобаларын қарап, қабылдайды. Десек те, Мәжіліс қабылдаған заң жобалары кейін Сенаттың қарауына, мақұлдауына немесе кері қайтаруына тағы жіберіледі. «Қос палатаның жұмысында бірін-бірі қайталаушылық жиі ұшырасады, оның үстіне екі палата аппаратын ұстау үшін де қыруар қаржы жұмсалады, тағдыркешті мәселелерді шешуде, тиісті заң жобаларын қабылдауда бір палата атқара алатын шаруаны екіншісіне қайталатып не қажеті бар» дейді жалғыз палаталы Парламентті жақтаушылар.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Парламент бір палаталы болса, оның спикері Президенттен кейінгі мәртебеге ие болады. Тіпті, оған бұрынғы президенттің де таласуға мүмкіндігі бар. «Депутаттарды тек партиялық тізім арқылы сайлау жоспарланып отыр. Бұл Парламентті Президентке толық тәуелді етіп сақтап қалудың амалы. Мұндай жағдайда Парламентте тек билікке жақын партиялар үстемдік етеді. Олардың жұмысын Президент Әкімшілігі қадағалап, реттеп отырады. Яғни бәрі «қолмен басқару» стилінде жүреді» дейді Сәтпаев.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те бір палаталы Парламент жүйесі қабылданса партия басшысының рөлі артып, ықпалы күшейе түсетінін айтады. «Егер мандаттарды бөлу тәртібі бұрынғыша қала берсе және бір партия жалпы мандаттардың үштен екісінен астамын алса, әрі сол партия төрағасы өзі Парламентке келіп, спикер болуды шешсе, ол бүкіл мемлекеттегі шешуші тұлғалардың біріне айналады» дейді саясаттанушы.
Белгілі болғанындай, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз жұмыстарымен айналыса береді. Сенат та жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал, саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуға уақыты жеткілікті болады.
Бір палаталы жүйе дегеніміз – заң шығарушы органның бір ғана палатасы болады. Барлық заң жобалары осы бір палатада талқыланып, қабылданады. Депутаттар әдетте халық санына немесе партиялық тізімге сүйене отырып сайланады. Бұл жүйе кішігірім елдерде немесе унитарлық мемлекеттерде жиі кездеседі. Деректерге ден қойсақ, қазір әлемдегі жалпы саны 190 ұлттық парламенттің 78-і қос палаталы, 111-і бір палаталы жүйемен жұмыс істейді.
САЯСАТ БӨЛІМІ.