Ақпан жауынды-шашынды болады

Ақпан айының ортасында Түркістан облысында жауын-шашын молынан түседі. Таулы аудандарда қар жауып, көктайғақ болуы ықтимал. Сонымен қатар, оңтүстік-батыстан жел соғады.

Бұл апта жауын-шашынмен басталды. Апта соңына дейін облыстың барлық аудандарында жаңбыр аралас қар жауады. Мәселен, ертең 12 ақпан күні облыстың батысында, оңтүстігі мен орталығында, таулы аудандарында жауын-шашын мол түсіп, даланы тұман басады. Қар мен жаңбыр араласып, көктайғақ болады. Сондай-ақ, оңтүстік батыстан секундына 8-13 метр жылдамдықта жел соғады. Тау асуларындағы желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді деп болжанып отыр. Бұл күн райы апта соңына дейін осылай сақталмақ.
Айдың соңына дейін ауаның орташа температурасы мен жауын-шашын мөлшері қалыпты болады деп күтіліп отыр. Бір ай ішінде циклондардың жиі орын алуы әсерінен ауа-райы жауын-шашынды болады, тез еріп кететін қар түседі. Екінші онкүндіктің соңында да қар жауып, бұрқасын болады деп күтілуде. 
Ақпанда жиі тұман түседі. Осы аптада ауа температурасы түнде +5-10°С-қа дейін, күндіз +15-20°С-қа дейін жоғарылайды. Болжамдық теңдеулердің алдын ала есептеу нәтижелері су тасқыны қаупі бар аймақтарды үш санатқа бөлуге мүмкіндік беріп отыр. Тиісінше Отырар ауданында су басу  қаупі жоғары, Сауран, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас, Ордабасы, Қазығұрт және Келес аудандарында су басу қаупі орташа болса, Шардара, Сарығаш, Жетісай, Мақтаарал, Төлеби, Арыс, Созақ аудандарында су басу қаупі төмен. 
Наурыз айында температура көтеріліп, жауынды-шашынды болса, таулы аймақтарда су тасқыны болуы мүмкін. Бұл болжам су тасқыны басталатын орташа күндер негізінде жасалған және алдын ала сипатқа ие. Болжам деректері ағымдағы синоптикалық жағдайларға байланысты нақтыланатын болады. 

Махамбет ЖАЗЫҚБАЕВ,
«Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры.
Пікір қалдырыңыз