Салада өзекті проблемалар аз емес

Облысымызда бұл күндері статистикалық есеп пен үй жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасын сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ветеринариялық іс-шаралар жүргізу барысында 14 мыңнан астам мал дерекқор базасына енгізіліп, есепке алынды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровке ветеринария саласының цифрландырылуы және үй жануарларын бірдейлендіру шаралары, саланың өзекті мәселелері баяндалды. 

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбайдың мәлімдеуінше, ҚР Үкіметі тарапынан ветеринария жүйесін реформалау жүргізілуде. Қазіргі кезде ветеринария саласы бойынша 5 база цифрлық форматта жұмыс істейді. 
Облыста арнайы жұмыс тобы құрылып, олар аудан, қалаларда ауыл шаруашылығы кешенін, жер, ветеринария, ауыл шаруашығы субсидиясы және шаруашылық жүргізуші азаматтардың салық төлеуге қатысты мәліметтерін 4 бағыт бойынша зерделеген болатын. Нәтижесінде салықтан жалтару, мал басын дұрыс көрсетпеу, жерді тиімді пайдаланбау деректері жиі тіркелген. Мал басы бойынша ресми статистика бөлек, нақты шындық бөлек.
Облыс әкіміне осы мәселелерді ретке келтіруге арналған инновациялық мобильді қосымша мен веб-портал таныстырылды. Ветеринария саласындағы проблемалардыі тез, әрі тиімді шешетін, жұмыс барысын автоматтандыратын, шаруаға, ветеринарларға және жергілікті әкімшілік органдарға ыңғайлылықты арттыратын жоба жан-жақты талқыланды. 
Облыс әкімі жауапты басшыларға ветеринария, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдерді тарқату жөнінде нақты тапсырмалар беріп, пилоттық жобанының тиімділігін егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды.
Пікір қалдырыңыз