Қысқа-нұсқа

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі су қоймаларының жағдайымен танысты. Министр Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен «Көксарай» су реттегіш нысанының техникалық жағдайы мен өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарды салу және реконструкциялау бойынша жоспарланған жұмыстар таныстырылды.
Министрліктің Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Екі нысан «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн. текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша Түркістан қаласы аумағында ағын су мәселесін шешу жоспарланған.
* * *
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Үкіметаралық Өкілетті кеңес төрағасы Мухитдин Шимшек пен аталған университет ректоры Жанар Темірбекованы қабылдады.
Кездесуде университет пен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түсу, жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлары талқыланды.
Екі тарап Түркістанды туризм орталығына айналдыру, Түркістанда Түркология саласындағы ғылыми-зерттеу орталығының ғимаратын салу, жылына 8 миллион зияратшы мен турист келетін Конья қаласының тәжірибесін енгізу мәселелерін сөз етті.
* * *
Түркістанда Қазақ-Корей бірлескен университеті ғимаратының құрылысы жалғасып жатыр. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашу тапсырмасына орай қолға алынған.
Таяуда облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс барысын қадағалап, нысанның қазіргі жай-күйімен танысты.
Мердігер компанияға ғимараттың биыл жаңа оқу жылына дейін толық дайын болуы тиіс екенін ескертті.