Ақбикеш ару, кеш бізді!

Сонау VІІІ ғасырда қарт Қаратаудың соңғы сілемдеріндегі биік төбе басына қаланған Дешті Қыпшақтың соңғы көзі, тарихымыздың жауһар ескерткіштерінің бірі – «Ақбикеш» мұнарасының бір бүйірі тұтас опырылып құлап түсті. Түсінген жанға бұл бүкіл қазақ даласы күңіренген күн болды. Тоғыз ғасыр бойы аялап сақтаған мұнараның бір күнде құлауы біздің салғырттығымызды, немкеттілігімізді паш еткендей.

Деректерге сүйенсек, жылқының қылы мен ешкінің жүнін араластырып иленген лайдан тұрғызылған мұнараның әу бастағы биіктігі 24 метр болған. Жауын-шашын сан ғасырлар толассыз мүжігендіктен оның биіктігі аласарып, 13 метрге түскен еді. Көп жыл бойы мұнараға жөндеу жұмыстары жүргізілмеді.
Созақ аудандық әкімдігінің бастама көтеруімен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен реставрациялық жөндеу жұмыстары ұйымдастырылды. 2007 жылы мұнараны сақтап қалу үшін 33 миллион теңге бөлінгенін білетінбіз. Алайда, бұл қаражат басқа мақсатқа жұмсалған. Осыдан соң мемлекет қорғауына алынған мұнараға Мәдениет министрлігі 30 миллион теңге бөліп, қайта қалпына келтіру жұмысын қызыл­ордалық «ҚазҚайтаЖаңарту» мекемесі жүргізген еді. Олар өзбекстандық жұмысшыларды жалдаған болатын. Кейін жергілікті құрылысшылар да қайта қалпына келтіру жұмысына атсалысқан. Құрылысшылар мұнара сыртын лаймен қалың етіп сылап шықты. Қайта қалпына келтіру жұмысының сапасыз болғаны жөнінде кезінде аз әңгіме айтылған жоқ. Тау шыңында онсыз да суық жел азынап тұрады. Соған қарамастан құрылысшылар қалпына келтіру жұмыстарын қыста жүргізген. Көп кешікпей сылақтың бір бөлігі опырылып түскенде «ҚазҚайтаЖаңарту» Қызылорда филиалының директоры Нұрболат Мұратбеков «алдағы уақытта жеке есебімізден қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз» деп уәде берген болатын. Өкініштісі сол, уәдесін орындауға үлгере алмады.
Біз көне ескерткіштерді сақтаудың жолдарын шетелдіктерден үйренейік деп қанша айтқанымызбен, оларға ілесе алмаймыз. Дегенмен, ең қарапайым амал – мұнараның төрт жағына төрт қада қағып, төбесін шатырмен жапсақ та мұнараны жауын-шашыннан қорғап қалуға болар еді-ау. Бірақ, асыл жауһарымызды сақтап қалуға ниет пен құнт болмағаны өкінтеді.
Кешегі аласапыран жылдары қазақ даласында солақай саясаттың кесірінен талай қымбат мұраларымыздың қиратылып кеткенін білеміз. Қалай дегенде де бұған сол заманның адамдары кінәлі. Жауапкершілік те солардың мойнында. Олай болса, келешек ұрпақ мына салғырттығымызды бізден сұрайды. Не айтамыз? Қандай уәж бар?
Бүгінгілердің немкеттілігінен, салғырттығынан бүкіл Дешті Қыпшақ даласы аруын жоқтап күңіренуде.
Ақбикеш ару, кеш бізді!
Пікір қалдырыңыз