Телефонқұл

Соңғы кезде өзімнің телефон шырмауына түсіп кеткенімді анық байқап жүрмін. Тамақтанып отырғанда, асүйде жүргенде, қоғамдық көлікте, тіпті ұйқыға жатқанда да қолымнан ұялы телефоным түспейді. «Бес минут көре салайын» деген оймен әлеуметтік желіге көз жүгіртемін де, көрер таңды көзбен атырамын. Қайбір күні көптен ойымда жүрген бір кітапты оқып шығу үшін парақтап отырғанмын, қай кезде қолыма түскені белгісіз, қайтадан телефонға қадалып отырмын. WhatsApp, TikTok, instagram, Facebook секілді әлеуеттік желілер тұрақты мекеніме айналып кеткен. Жақында бір әріптесіме осы жағдайымды айтып едім, «оның несіне таң қаласыз, қазір адамдар жүз пайыз желіге байланған ғой» деп салды. Расында әріптестің сөзінде шындық бар. Тіпті бізге «тым құрығанда дастарқан басында әңгіме айтып отырсаңдаршы» деп ұрсатын әкем де соңғы кезде ата-бабамыздың ғибратты әңгімелерін WhatsApp желісі арқылы ортақ топқа жіберіп отырады. Қашан көрсең де немерелерімен бірге телефонға телміріп, бастарын түйістіріп отырғаны.
Жақында жақын ағайынымыздың үйіне барған едім. Ағамыз есіктен емен-жарқын қарсы алып, төріне шығарды. Жеңгеміз дастарқанын әзірледі. Бәрі жақсы, тек амандық-саулық сұрасуымыз көпке ұзамады. Әлден соң отбасы мүшелері тегіс телефонға үңіліп кетті. Үстел басында жалғыз қалып кеткендей болып, ыңғайсыз жағдайда қалған соң, мен де ұялы телефоныма үңілдім.
Бұрындары той, жиындарда туыстармен бас қосып, арамыздан бір ағайынымыз көрінбей қалса, бір-бірімізден жағдайын сұрастырып жататын едік. Қазір ортақ топтан кімнің қайда жүргенін біліп отыратын болдық. Той үстінде отырып бейнекөрініс түсіріп, жан-жаққа жіберіп жатамыз. Байырғыдай шүйіркелесіп, әңгіме айтып, арқа-жарқа болмайтын болдық. Телефон арқылы хабарын біліп отырған соң, күнде көрісіп жүргендей болып қалады екенсің.
Ол аз болғандай, соңғы кезде қонаққа барған үйімізден Wi-Fi іздейтін болдық. Wi-Fi демекші, бірде жол жағалап келе жатсам бір топ бала үлкен қарағаштың көлеңкесінде үймелеп отыр екен.  Жақындап барып, не істеп отырғандарын сұрасам, біреуі тұрып «мына жерде Wi-Fi бар. Құпиясөзі де жоқ, өзі тегін. Күнде осы жерге жиналып ойнаймыз» деп мен білмейтін ғаламтордағы бір ойынды айтып тұр.  Біз бала кезімізде асық атып, доп қуып, ләңгі теуіп жүруші едік, бүгінгінің балаларына дейін телефонға телміріп кеткен. Қимыл-қозғалыс жоқ, көз майын тауысып, алақандай телефонда әлемді шарлап отыр.
Ия, бүгінде телефон ой-санамызды түгел жаулап үлгерді. Бұрындары жас келіндеріміз бен қыздарымыз ақ жаулықты аналарымыз бен әжелерімізден сабақ алатын. Бүгінде телефон арқылы түрлі курстар мен сабақтар алып жүр. Оның пайдасы мен зиянын екшеп, зерделеп жатқан да ешкім жоқ.
Тіпті екі ауыз сөздің басын құрап, ойын жеткізе алмайтын кейбір пысықтар телефонда данышпансып, ақылсынып, ақша тауып жүргеніне де куәміз. Қайдағы бір мәнсіз көрінісімен мыңдаған көрермен жинап, әлеуметтік желінің жұлдызына айналып жатқандары да бар.
Әрине, бүгінгі қоғамды ғаламторсыз елестету қиын. Ұялы телефонның пайдалы жағы да аз емес. Дегенмен, жастарымызды ғаламтордың зиянды, тіпті қауіпті кеселінен аман сақтап қалу басты міндетіміз болуы керек. Ол үшін тәрбиені өзімізден бастағанымыз дұрыс-ау. 

Бақдәулет ПАЛҚОЖАҰЛЫ.
Сарыағаш ауданы.
Пікір қалдырыңыз