Жезқазғандықтар оны өз ұлымыз дейді

Пернебай Сапар,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінде жасы жетпістен асқан Балтабай қария саналы ғұмырын еңбекке арнаған жан. Өмірден көргені мен көңілге түйгені мол кейіпкеріміздің өткен күндері әрі қызықты, әрі мағыналы. 
«Мен 1951 жылдың 18 қарашасында Түлкібас ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келгенмін. Ол кезде аудандағы жалғыз аурухана Түлкібаста ғана болыпты. Ауруханаға баратын уақыт тапшы, сондықтан ауылдың әйелдері жұмыс басында, егісте, үйде, мал бағып жүріп-ақ босана беретін. Мені де шешем Алмагүл мал қорада шөп жинап жүріп босаныпты. Қапелімде қолына ештеңе түсе қоймаған соң, әкем Науат кіндігімді балтамен кескен екен. Сондықтан есімімді Балтабай деп қойыпты» дейді кейіпкеріміз. Балтабай Ынтымақұлы екі әулеттің ортасында тел өскен. Қазақтың өзге ұлтта кездеспес бауырмалдығы мен сабақтастығының нағыз дәлелі.
«Әкем марқұм 1945 жылы соғысты Берлинде аяқтап, елге оралған соң колхоз бастығы қызметін атқарған. Айтқанынан қайтпайтын, өр мінезді, әңгіменің майын тамызатын, өткен күндердің естелігін жаңылмай айтатын, жады мықты кісі еді. Басшымын деп кергіп отырмайтын. Елмен бірге егін орып, шөп шауып, мал бағып жүре беретін. Бірінші әйелі Орыншадан көрген тоғыз құрсақтың бірде-біреуі тұрмапты. Екінші әйелі Алмагүлден Алшынбай, Балтабай, Жұматай, Оразтай есімді төрт ұл тарадық.
Менің арғы атам Үсіпбайдың кіндігінен Науат, Ынтымақ, Айзада, Бақтыбек есімді үш ұл, бір қыз өрген. Ынтымақ тәтем соғыстан келген соң Алша есімді қызбен отау көтереді. Бірақ, араларында бала болмаған соң, үш айлығымда мені бауырына басады. Содан бері мен «Ынтымақ- ұлымын», ол кісіні тәте деуші едім. Алша шешем өте мейірімді, балажан, реңді кісі еді. Бар тапқанын аузыма тосып отыратын» дейді ол.
Кейіпкеріміздің тәтесі Ынтымақ 1943 жылы соғыстан жараланып келген соң, Шымкент қаласындағы мұғалімдер институтын үздік бітіреді. Өз қаражатымен төрт жылдық мектеп салдырып, оның ауласына түрлі жеміс ағаштары мен терек, бақша дақылдары мен гүлдер отырғызып, жайнатып ұстаған ұстаз болыпты. 15 ауылға су құбырын, электр жүйесін тартуға да көп еңбегі сіңіпті. Өмірін бала тәрбиесіне арнаған Ынтымақ ақсақал «Оқу ісінің озаты» және «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атанған. Бүгінде есімі елге белгілі профессор, кеше ғана марқұм болған Мекемтас Мырзахметов, елімізге әйгілі спорт шеберлері, ұстаз, ғалымдар Сайлау мен Мадияр Ералыұлы, техника ғылымдарының кандидаты Үсіпбек Мақай- ұлы, профессор Мүсірепбек Құрманәлиев секілді біршама азаматтар сол кісінің шәкіттері болған деседі.
Балтабай ағамыз жас кезінде зоотехник болуды армандаған екен. Бірақ, мектеп бітірген соң зооветеринарлық институтқа түсе алмай, құжаттарын политехникалық институттың гидромелиоративтік факультетіне сырттай оқуға тапсырады. Ол былай болған: Алматыда жүргенде ауылдағы «военкоматтың» іздеп жатқанын естіп, «әскерге кетсем, өмір бақи оқи алмай қалармын» деп ойлапты. Сол себепті комсомолдық жолдамамен Теміртау қаласындағы металлургия комбинатына аттанады. Ол кезде аталмыш комбинатта жұмыс істейтін жастарды ВТУЗ-дың (политехникалық институт) кешкі бөліміне сынақсыз қабылдайтын. 
«Теміртауға барғанымның бір себебі оқуға деген құмарлық болатын.
Онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген жастар жиналған. Комбинаттың партия ұйымының хатшысы бірде бәрімізді жинап, бұл салада комбинаттың тарихын, қазақ жастарының жетіспейтінін, белсенді жастардың болашағы жайлы сөз қозғады. Осылайша мен әйгілі «Қазақстан Магниткасына» қабылдандым. Комбинаттың ТЭЦ-ПВС цехына турбина машинисінің көмекшісі болдым. 
Бірақ, бәрібір, Отан алдындағы борышымды өтеуіме тура келді. Көп ұзамай әскерге алынып, Ресейдің Пермь қаласынан бір-ақ шықтым. Ол жерде №54504 әскери бөлімшесінде «ракета батареясын зарядтау» бөлімінде қызмет еттім. Әскери борышымды аяқтауға небәрі 5-6 ай қалғанда қатты ауырып, дәрігерлердің шешімімен елге қайттым» дейді Балтабай аға.
Кейіпкеріміз Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Жамбыл қаласындағы аяқ киім фабрикасында жұмыс істейді. Жұмыс істей жүріп Шымкент қаласындағы жаңадан ашылған автомеханика техникумына оқуға түсіп, техник-механик мамандығын алып шығады. 1976 жылы жолдамамен жаңадан құрылған Жезқазған облысының байланыс басқармасына жұмысқа кетеді.
Жас маман болса да үлкен сенім артылып, байланыс басқармасына қарасты облыстық автобазаның бас инженері болып тағайындалады.«Біздің автобаза Қарағандыдан жаңадан бөлініп шыққандықтан, машиналардың көбісі ескі болатын. Ал, байланыс бөлімінің жұмысы жартылай әскери тәртіпке ұқсас болғандықтан таңғы сағат 6-дан түнгі 23.00-ге дейін, барлық машина базаға келгенше қатаң бақылауда болады. Ол кезде әрбір құжат пен хат-хабар, газет-журнал тұрғындарға кешікпей, дер кезінде жетуі керек болатын. 200-300 шақырым қашықтықтағы кеңшарлар мен қыстауларға ауа райының қолайсыздығына, жаздың ыстығы мен қыстың аязына қарамай пошта жеткіземіз. Сол кездегі автобазаның бастығы Ыдырыс Әжіғұлов ағамызбен он жыл иықтаса жұмыс істедім. Автобазаның ғимаратын гаражына дейін өз күшімізбен тұрғыздық» дейді қария. Ол жұмыс істеп жүріп политехникалық институттың автомобиль шаруашылығы факультетінің кешкі бөлімін бітірген. 1987 жылы кейіпкеріміз Ұлытау ауданындағы байланыс бөлімінің басшысы болып тағайындалады. «Жаңа жұмысым ауыр болды. Ауданның совхоз- аралық байланыс жүйелері әбден тозған, бағаналары жарамсыз. Екі кеңшардың кабельдері үнемі үзіле береді. Сегіз кеңшар, шалғайдағы екі қыстақ байланыссыз қалған жағдай да болды. Жергілікті тұрғындардан аудандық атқару комитетіне түскен шағымдар әбден шаршатты. Мән-жайға қанығып алған соң, басшылықтан жиырма күн мұрсат сұрадым. Өзімнің тікелей араласуыммен жұмысты бастадық. Ұлытау, Амангелді, Шеңбер, Терісаққан бағытындағы істен шыққан бағаналар мен сымдарды қайта ауыстырдық. Ұлытау, Қаракеңгір, Алғабас бағытындағы кабельдерді, шалғайдағы екі қыстақтың он жылдан бері жұмыс істемей тұрған бағаналарын, аудан орталығының радиожүйесін қайта жаңартып, іске қостық. Жиырма екі күнде жөндеу жұмыстарын аяқтап, рапорт бердім. Сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Сағадат Дүйсебеков жұмысыма риза болды» дейді Балтабай аға. Балтабай Ынтымақұлының басқа да атқарған игі істері көп екен. Сол кездегі «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы бойынша төрт отбасылық екі коттедж салып, мекеменің озат жұмысшылары мен көп балалы отбасыларға табыстағаны өз алдына бөлек тақырып. Жерлесіміз іскерлігінің арқасында көптеген жауапты жұмыстар атқарған. Және өзіне тапсырылған міндеттерді толық орындап, қандай жағдайда да орынды шешім қабылдап отырған. Байланыс басқармасында бөлім бастығы, «Қазақмыс» комбинатына қарасты шахта механикасын жөндеу зауытында директордың орынбасары, Сәтпаев қаласының «Техника жөндеу және сату стансасы» (СТО) мекемесінде директор қызметтерін атқарған. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қария Құдай қосқан қосағы Сәуле апамызбен бірге төрт қыз өсіріп, немере сүйіп отыр. Балтекең поэзияға жаны құмар кісі болып шықты. Кейінгі ұрпаққа ой саларлық біршама өлеңдері «Өмір өткелдері» кітабында жарық көрген. Алдағы уақытта тағы да шығармаларын топтастырып, кітап шығаруды жоспарлап отыр.

Пікір қалдырыңыз