Шәкірттерінің осалы жоқ

Сәбит Қалдыбаев,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мектеп – жас ұрпақты тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен. Ал, сол мектептің негізгі тірегі, жүрегі – білімді де, білікті ұстаз. Қырық жылдан аса уақыт бойы шәкірт жүрегіне жол тауып, ұстаздық еткен Жайлыбай  Пирманов жуырда зейнеткерлікке шықты. Ол Еңбекші ауылдық округіндегі Абай атындағы №17 жалпы орта мектебінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы болып абыройлы еңбек етті. 

Жайлыбай Қалданұлы 1983 жылы мектепке ұстаздық қызметке келгенге дейін «Мақтаарал» совхоз-техникумын бітіріп, механик мамандығын алып шыққан. «Коммунизм» кеңшарында токарь, қауіпсіздік жөніндегі инженер болып жұмыс істеп, шыңдалды, мол тәжірибе жинады. 1981-1983 жылдары әскери борышын өтеді. Әскери бөлімде құпия бөлімнің аға хатшысы, СРЦ  операторы, телефонист-планшетист қызметтерін мінсіз  атқарды. Қарулы Күштер қатарында жүріп ысылды, тәртіп пен жауапкершілікті терең сезіне білді. 
Жас жеткіншектерге алғашқы әскери даярлық пәнінен сабақ беруді бастаған кезінде шаруашылықта, әскерде қызмет еткені көп пайдасын тигізді. 1992 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогика институтын «Тарих және қоғамтану пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім алды. Жас ұрпақты патриоттық рухта, Отанын, елін сүйетін азамат етіп тәрбиелеуге аянбай атсалысты. Еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім саласының озат қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тақты. Облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен және Б.Момышұлының  «Батыр шапағаты»,  Б.Момышұлы атындағы ІІ-ІІІ дәрежелі «Отан қорғаушыға құрмет» белгісімен, «Генерал  Сабыр Рахымов», «Армия генералы С.Нұрмағанбетов», сондай- ақ «Халық ағарту ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін», медальдарымен «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың қолынан Алғыс хат  алды. 
Оның шәкірттерінің осалы жоқ. Мәселен, Б.Сәтиев деген шәкірті Ресейдің Пенза қаласындағы жоғары әскери артиллериялық институтты бітірген білікті маман, Н.Ағжанов Ақмола облысы, Шортанды қаласындағы Қорғаныс министрлігінің кадет корпусының түлегі, Д.Қадырбай әскери академияны қызыл дипломмен бітірген, әскери бөлімше командирі. Олар әрдайым: «Біздің осындай биіктен көрінуімізге  себепші  болған рухани демеушіміз, ұлағатты ұстазымыз Жайлыбай  ағайымызға дән ризамыз» дейді. Қаншама жасты патриоттық рухта тәрбиелеп, олардың адал, шыншыл, шымыр азаматтар болып өсуіне үлесін қосқан ардагер ұстазды ауылдастары үнемі құрмет тұтып, мақтан етеді.  

Мақтаарал ауданы. 
Пікір қалдырыңыз