Әлеуметтік желі және жастар
Заман ағымы шығар, күнделікті тұрмысымызды әлеуметтік желісіз көзге елестету қиын болып қалды. Оның кері әсері жөнінде де аз айтылмайды. Алайда, жаңашылдықтың жағымды тұстарын да айтып қойсақ артық болмас. Мәселен, қазіргі таңда ғаламтор желісінде әлеуметтік мәселелер жиі талқыланады. Әсіресе, қайырымды іске шақыратын түрлі бейнежазбалар адамзатқа ең керегі жылулық екенін айқын аңғартады. Желідегі түрлі эксперименттер, арнайы түсірілген әлеуметтік роликтер, аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектің көріністері жас жеткіншектерді де бей-жай қалдырмаса керек.
Оған қоса, қазіргі жастар білімдерін де әлеуметтік желі арқылы дамытып жатқаны тағы бар. Себебі, шет тілін меңгеру, ғылыми-тәжірибелік жұмыстар байқауына қатысу, өз мүмкіндіктерін танытуға деген алғашқы қадамдардың бәрі әлеуметтік желі арқылы жүзеге асуда. Түрлі танымдық пабликтер бойдағы қызығушылықты оятып, өзге тұлғалардың іс-әрекеттері шабыт беріп, жастардың көкірегіне сенім ұялатады.
Әлеуметтік желінің жастарға тағы бір жағымды тұсы талғамды қалыптастырады. Бұрынғыдай сән әлемімен танысу үшін түрлі журналдарды іздеудің қажеті жоқ. Мұндағы барлық ақпарат қолжетімді әрі тез танысуға мүмкіндік береді. Мұның өзі жастардың эстетикалық талғамын қалыптастырады.
Әлеуметтік желі сонымен қатар, денсаулық мәселесіне де пайдалы әсерін тигізуде. Мәселен, артық салмақтан зардап шегіп жүргендер үшін, зиянды тамақтанудан қол үзе алмай жүргендер үшін әлеужелінің берері аз емес.
Сонымен қоса, қазіргі жастар уақыттарын текке өткізбей, әлеуметтік желі арқылы табыс тауып, қаржылық сауаттылықтарын да көтеруде.
Олай болса, әлеуметтік желі жастардың санасын улап жатыр деп біржақты баға берген дұрыс болмас. Бәрі де санаға келіп тірелмей ме?..
Сымбат Абайқызы.