«Ерте қамданғанның еңбегі еш кетпейді»

Марокко шегірткесінің күбіршелеріне күздік зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Түркістан облысында биыл химиялық өңдеуден 529 мың гектар аумақты өткізу жоспарланып отыр. 

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауапты басқарма басшыларымен жиын өткізіп, жұмыс жоспарын пысықтады. Қазіргі таңда залалданған аумақтар 65 топқа бөлінген. Бұл 9 аудандағы 57 ауыл округін қамтиды. 
Мәжіліс барысында бөлінген аймақтарға мамандарды бекіту, анықтаушылар тізбесін нақтылап, әдістемелік дайындықтан өткізу, сонымен қатар химиялық өңдеу жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. 
– Мемлекеттік тапсырыс аясында атқарылатын жұмыстан бөлек, салалық инспекциялар, болжам орталығы және жергілікті атқарушы органдар күшейтілген жұмыс режиміне дайын болулары керек. Ерте қамданғанның еңбегі далаға кетпейді. Қаңтар айының соңына дейін құжаттардың барлығы заң аясында реттеліп, ақпан айында анықтаушыларды дайындықтан өткізуді бастау қажет. Аудан,  қала әкімдіктерімен келісе отырып, анықтаушылар тізімін бекіту ісі толық орындалмаған. Жұмысты уақтылы орындамаған басшылардың жауапкершілігі қатаң сұралатынын тағы да ескертемін, – деді Нұрбол Тұрашбеков. 
Зиянкестермен күрес шараларын 15 күнде аяқтау үшін қосымша 843 маман, 117 автокөлік жұмылдыру көзделуде. Сондай-ақ, химиялық препараттардың тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс барысында басшылыққа алу үшін ғалымдармен пікір алмасу келісілді.
Пікір қалдырыңыз