Өркенің өссін, «Оңтүстік»!

Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан төрінде «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Негізін Сұлтанбек Қожанов қалаған ғасырлық басылымның тарихында Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Нәзір Төреқұлов, Иса Тоқтыбаев, Бейсембай Кенжебаев сынды Алаш қайраткерлерінің қолтаңбалары сайрап жатыр. 
Оңтүстік қаламгерлерінің қарашаңырағы саналатын газеттің 100 жылдық тойының алғашқы күнінде облыс орталығы – Түркістан шаһарында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы ашылды. Редакция ұжымы шараға алыстан ат терлетіп келген қонақтармен газетте әр жылдары қызмет атқарған ардагер журналистермен бірлесіп осында 100 түп ағаш көшетін отырғызды. Киелі Түркістанның топырағына шаншылған жас шыбықтар болашақта жасыл желекке айналып, қалаға сән беріп, тұрғындары мен қонақтарына сая болар деген сенімдеміз. Айтпақшы, дәл осы күні редакция ұжымы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, арнайы мал шалып, әруақтарға Құран оқытты.

Ал, ағаш отырғызылған жаңа аллея басында газеттің бас редакторы Абай Балажан жиылған жұртшылыққа, БАҚ өкілдеріне газеттің арғы-бергі тарихынан аз-кем әңгіме қозғап, оның «Оңтүстік Қазақстан» деген атын Бейсембай Кенжебаев қойғанын, өлкелер құрылып жатқан сәтті пайдаланып «Ленин жолы» атауын «Оңтүстік Қазақстан» деп өзгертуі рухани ерлікпен пара-пар екенін, осы газетті ашқан, осында қызмет атқарған, редактор болған, тілші ағаларымыздың көпшілігі отызыншы жылдардың репрессиясына ұшырағанынан мағлұмат берді.
Газеттің негізгі тойы келесі күні Түркістанның «Фараб» әмбебап кітапханасында «Оңтүстік Қазақстан» – тарих толқынында» атты ғылыми-практикалық конференциясымен басталды. Онда филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдолла Садықов және филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бекжігіт Сердәлі баяндама жасады. Баяндамашылар ғасырға толған үлкен басылымның арғы-бергі тарихынан сыр шертіп, тың деректерімен бөлісті. Осыдан кейін мерекелік тойға келген жұртшылық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне – 100 жыл» атты арнайы дайындалған фотокөрмені тамашалады. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, шежірелі «Оңтүстіктің» өткен-кеткен тарихына қанықты. Ал, көрмедегі газеттің шаңырақ көтерген тұсынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихынан сыр шертер сырлы суреттер көрермендердің қызығушылығын тудырды. 
Жүз жылдық тойдың басты шарасы – салтанатты жиын кітапхананың үлкен залында жалғасты. Дүбірлі тойға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді және өзінің осында қызмет істеген жылдарын еске алып редакция қызметкерлерін өз атынан да құттықтады. 
– Басылымның өткен жолы – тұтас қазақ журналистикасының мерейлі белесі. «Алаш» ардақтыларының бастамасымен құрылған іргелі газет алғашқы сандарынан-ақ ел мүддесінің бірегей жаршысына, халықтың рухани тірегіне айналды, – деген ол бірқатар журналистерге Президенттің Алғыс хатын табыстады.
Мерейтойға арнайы келген Парламент Сенатының депутаты Әлішер Сатыбалдиев Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауларын жеткізді. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі Дархан Сатыбалды басылымның тарихында қолтаңбасы қалған ардагер қаламгерлердің, зиялы қауым өкілдері мен қаламы қарымды журналистердің ел алдындағы еңбегіне тоқталды. 
– Сіздерді бүгінгі мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! «Оңтүстік Қазақстан» газеті – өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Әрқайсысы қазақ руханиятына бір-бір уық болып қадалған ақиық ақындар, көрнекті жазушылар, қоғам қайраткерлері осында қызмет етіп, түлеп ұшты. «Газет– халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай, облыстың айнасы ретінде танылған басылым қоғамға қызмет ету міндетін абыроймен орындап келеді. Жаңа дәуірі басталған, жаңарған Түркістанның жаңашыл бағытын жұртшылыққа жеткізіп жүрген қарашаңырақ басылымға деген құрметіміз жоғары. Оқырмандарыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, әр күндеріңіз шуақты болсын! – деген облыс әкімі шығармашылық ұжымның бірнеше өкілін Алғыс хатпен марапаттады. Редакцияға су жаңа жеңіл автокөліктің кілтін табыстады.
Сондай-ақ, жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бірқатар журналистерге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін, Құрмет граматосы мен Алғыс хатын табыстады. Бұдан соң облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, «Аманат» партиясы облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева қарашаңырақ басылымның журналистерін айтулы мерекемен құттықтап, белді қызметкерлерін грамота, сыйлықтармен марапаттады. Шараға арнайы қатысқан құрметті қонақтар да ізгі лебіздерін жеткізді. 
Айта кетейік, бір ғасырда «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 30-дан астам білікті журналист басшы болды. Бүгінде 21 мың 650-ші саны жарық көріп отырған басылым Оңтүстіктің ғана емес, елдегі тарихы терең газеттердің бірі саналады.


Пікір қалдырыңыз