Он айда оң өсімге қол жетті
Биылғы 10 айда Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпін берілді. Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі алдын-ала есеп бойынша 4 трлн. теңгеге жетті. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 110%-ды құрады (ҚР-105,3%). Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуды тапсырды. Инвестиция тарту жұмысын күшейту керектігін айтты. Түркістан өңірінде осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде кіріс көздері ұлғайып, өндіріс орындары көбеюде, – деді Дархан Сатыбалды.
Аймақта өнеркәсіп өнімі көлемі 8,8%-ға артып, 960 млрд. теңгеден асты. Оның ішінде қайта өңдеуге барынша басымдық берілуде. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 463 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 113%-ға артты. Өсім негізінен тау-кен (105,2%), тамақ (103,5%), жеңіл өнеркәсіп (105,9%), машина жасау (106,7%) және жиһаз (1,6 есе) өндірістері есебінен орын алды.
Өңірде өндірісті дамыту үшін энергетика тапшылығын шешу және индустриалды аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, Үкіметке электр энергия бағасын төмендету бойынша ұсыныс енгізіліп, қолдау тапқан. Сонымен бірге энергетика тапшылығын шешу мақсатында 1,9 трлн. теңгеге жалпы қуаты 2,7 ГВт болатын 7 ірі жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде Сайрамда қуаты 1000 МВт болатын стансаның құрылысы басталып кеткен.
Шағын өнеркәсіптік парктің әлеуеті зор
Түркістан облысында алғаш рет «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда.
– Әлемдегі экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттердің тарихына қарасаңыз, өркениетке жету жолы өндірістен басталған. Егер біз де салаға серпін беретін заманауи кәсіпорындарды құра алсақ, экономикалық тәуелсіздікті де нығайта түсеміз. Ең бастысы, сол зауыт пен фабрикада еңбек ететін елдің санасы өзгеріп, еңсесі тіктеліп, отандық тауар айналымының үлесі артады. Сондықтан біз облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын ашқанымызды ерекше атап өткім келеді. Жоба аясында 308 млрд. теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынады. 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Бюджетке жылына 2 млрд. теңге салық түседі. Қазір 10 нысан салынып, 8 кәсіпорын ашылып, 712 жұмыс орны құрылып үлгерді, – деді Дархан Сатыбалды.
Аталған аумақта жаңбырлатып суару қондырғыларын шығаратын кәсіпорындар ашылды. Жиһаз, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар қолданысқа берілді. Бұрын тек шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиялары бүгінде Түркістанда шығарылуда. Өндірістік паркте ашылған компаниялардың су үнемдеу технологиялары еліміздің өзге өңірлеріне де сатылып жатыр.
10 айда 888,5 млрд. теңге...
Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облысқа жыл басынан 888,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал, жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды.
– Облысқа инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Аустралия, Өзбекстан, Қатар және Оңтүстік Корея елдеріне түркістандық кәсіпкерлердің сапарын ұйымдастырып, алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде шетел капиталының қатысуымен жалпы құны 910 млн. АҚШ долларын құрайтын 6 инвестициялық жоба басталды. Бұдан бөлек, қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компанияны шақырып, 301 млрд. теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды, – деді Дархан Сатыбалды.
Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды. Аймақта «Өнеркәсіптік жылыжай кешені», «Алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт», «Өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығаратын зауыт», «Каустикалық сода, пвх, кальций карбиді, әк- цемент шығаратын зауыт» жобалары жүзеге асуда. Сонымен бірге фосфорит кендерін өңдеу және мұнай өңдеу зауыттары салынуда. Алдағы уақытта түркістандық зауыттар өз елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз ететін болады. Одан бөлек, алдағы уақытта индустриалды аймақтарда тұрмыстық техника, өсімдік майы, газ қондырғылары, лифт құрастыру, әскери палатка, санфаянс, сэндвич панелі және сусындар өндіретін зауыттар ашылады.
Облыста энертегика, агроөнеркәсіптік кешен, өндіріс және қайта өңдеу, туризм салаларында маңызды 145 инвестициялық жобалар пулы дайындалды. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, кірістер қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғаяды. Бүгінгі күні жалпы құны 86 млрд. теңге болатын 31 инвестициялық жоба іске қосылып, 1300-ден астам жұмыс орны ашылды.
Су үнемдеу технологиясы – басты көрсеткіш
– Біздің өңірдің басты ерекшелігі – халықтың 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – өңірдің маңызды саласы. Біз ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал мен өсімдік өнімін терең өңдеу бағытында жұмыс жүргізудеміз. Өздеріңізге белгілі, елімізде жыл сайын ағын су тапшылығы байқалады. Түркістан облысына қажетті судың 70 пайызы көрші мемлекеттен келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығында заманауи су үнемдеу технологиясын ендіріп, жаңа дақылдар мен сорттарды өсіруге басымдық береміз. Су үнемдеу технологиясын 216,3 мың гектарға енгізіп, суармалы жерлердің үлесін 40%-ға жеткізу жоспарымыз да бар. Биылдың өзінде бұл технология жалпы 50 мың гектарға дейін жеткізілді. Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағытында жалпы құны 11,7 млрд. теңгені құрайтын 3 өндіріс орындарын аштық, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығында өнім көлемі 958 млрд. теңгені құрап, өсім 105,8 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі бойынша облыс республикада жетекші орында тұр. Бұл бағытта нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында 2024-2027 жылдарға жалпы 507 млрд. теңге болатын 105 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы арқылы 8 мыңнан астам (8 346) жұмыс орны қалыптаспақ. Аймақта «BNK Group LTD» компаниясының құны 7 млрд. теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты, құны 4,1 млрд. теңге болатын «14 мың гектар тамшылатып суару өндірісі», «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорнының құны 650 млн. теңгені құрайтын жылына 9 мың гектар тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісі толығымен іске қосылған. Оған қоса 40 мың гектарға шетелдік инвестордың құны 2 млрд. теңге болатын тамшылатып суару өндірісі келесі жылы жүзеге асырылады.
Мақта-тоқыма кластерін дамыту басталды
– Түркістан облысы – республикада мақта өсіретін жалғыз аймақ. Биыл 106 мың гектарға мақта егілді. Дегенмен, дәстүрлі әдісті қолданғандықтан оның өнімділігі де төмен болып отыр. Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Яғни мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады. Түркістан қаласында мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Жоба құны – 147 млрд. теңге. Зауытта 4 000-нан астам жұмыс орны ашылады, – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы өңірде мақта кластерінде 9 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Толық іске қосылғанда 40 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 50 мың тоннаға жуық дайын өнім өндіріледі. Бюджетке миллиардтаған салық түседі. Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, өнімділік көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетеді деп межеленіп отыр. Аймақта мақта егуде су үнемдеу технологиялары қолданылуда.
Мақталы аймақтарда егістікті әртараптандыру бағытында да жұмыс басталған. Аймақта жүгеріні терең өңдейтін «Крахмал-сірне» зауыты салынуда. Жоба құны – 36 млрд. теңге. Жоба толық іске қосылғанда жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік береді. 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылады деп күтіліп отыр.
Ет экспорты – бірінші орында
– Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде көшбасшы саналады. Экспорттағы ірі қара мал етінің 80%-ы, яғни 6,9 мың тоннасы, қой етінің 75%-ы өңірімізге тиесілі. 4,7 мың тонна қой еті экспортталды. Аустралия елінің тәжірибесін қолданып, ет кластерін дамытуды жоспарлап отырмыз. Заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жобаны іске асыру көзделуде. Бұл бағытта 55 млрд. теңге көлемінде инвестиция салынып, 600 жұмыс орны құрылды. 35 мың тонна өнім шығарылады, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Аймақта сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша
2 ірі тауарлы-сүт фермасы жобасы жүзеге асырылды (12,6 мың сүт ). Жобалардың құны –
7,8 млрд. теңге.
50 мектептің құрылысы жүріп жатыр
Түркістан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 343 млрд. теңгеге жетіп, өсім 131 пайызды құрады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, аудан, қалаларда арендалық және ипотекалық баспаналар салынуда. Нәтижесінде кезекте тұрған 5 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешілмек.
Сонымен бірге әлеуметтік нысандар жұмысы қарқынды.
– Облыста демографиялық өсім жоғары. Қосымша 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған проблеманы шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізілуде, – деді Дархан Сатыбалды.
Мектептердің 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Нәтижесінде мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмек. Биыл алғаш рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 193 мектеп ағымдағы жөндеуден өтсе, 107 мектептің жылыту жүйесі газға ауыстырылды. 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды. 330 мектеп жоғары жылдамдықты «Starlink» спутниктік интернет технологиясымен қамтылды.
Өңірімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысан соғылуда. Бұдан бөлек 4 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен бірге мәдениет, спорт және өзге де әлеуметтік нысандар салынуда.
АӘК алушылар саны 2 есе азайды
– Республикадағы көп балалы отбасылардың ауқымды бөлігі біздің облысымызға тиесілі. Еңбекке қабілетті жастардың үлесі мол. Сондықтан біз жұмыс орындарын ашу мәселесін назарда ұстап отырмыз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар, өндіріс орындарын ашу арқылы тұрғындар еңбекке тартылуда. Жүйелі атқарған жұмыстың арқасында соңғы екі жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 2 есеге дейін, яғни 92,4 мың адамға немесе 53%-ға төмендетуге қол жеткіздік. 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 198 мың адам болса, бүгінде 92,4 мың адамды құрап отыр. Жұмыс орындарын ашу – біздің негізгі бағытымыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылған.
Жуырда Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич Түркістанға келіп, шетелге жұмыс күштерін дайындайтын арнайы орталықтың ашылуына қатысты. Бұл орталық Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды.
Шетелдік туристер саны артты
Түркістан облысының туристік әлеуеті жыл сайын көтеріліп келеді.
Өңірде туризм саласының 3 негізгі бағыты айқындалған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Жыл басынан бері облысқа 400 мыңнан астам турист келді. Табиғи аумақтарға келушілер саны 124 мың адам болса, шипажайға келушілер саны – 135 мың адам, қонақүйге қонушылар саны – 210 мың адам. Сонымен қатар тарихи орындарға 810 мың адам саяхаттаған. Е-qonaq жүйесіндегі дерекке сәйкес биылғы 10 айда аймаққа 19 мың шетелдік турист келген.
Туризм саласына жыл басынан бері 63 млрд.теңге инвестиция бағытталды. Туристерге қосымша өнімдер және жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынды. Түркістан қаласында 2,5 гектар аумақта «Қолөнер қалашығы» және 99 гектар жерге атшабар салынуда.
Жыл сайын елді мекендегі емдік-сауықтыру ұйымдарының саны өсуде. 2023-2025 жылдар аралығында жоба құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын 6 емдік-сауықтыру ұйымының құрылысы жүргізілуде.
Ауыл халқы қажетті инфрақұрылыммен қамтылуда
– Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта ауқымды жұмыс жүруде, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыста жалпы 2,1 млн. тұрғын (2 млн. 97 мың адам) немесе халықтың 97,9%-ы ауыз сумен қамтылған (737 елді мекен). Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 98,6%-ға жетеді. Екі жылда 187 мың тұрғын ( 91 елді мекен) табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн. 820 мыңға немесе 84,9%-ға жетеді (557 елді мекен).
Биыл 1161 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 560 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94%-ға жеткізіледі.
Құрылғанына 90 жыл болған (1934 жылы) Кентаудағы жылу орталығы 85 пайызға тозған. Осыған орай, орталықты қайта жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, бүгінгі таңда 4 қазандыққа қайта құру жұмыстары толық аяқталып, штаттық режимде жұмыс істеуде. 2 қазандықта қайта құру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. 6,6 шақырым магистральды жылу құбыры қайта жаңартылды. Қазіргі уақытта жылу желілеріндегі температура белгіленген нормативтен де жоғары берілуде.