«ARAL – 2024» саммиті өтті
Баян Дарғожина,
«Оңтүстік Қазақстан».
Түркістан қаласында «ARAL – 2024» жасылдар партияларының халықаралық І саммиті өтті.
Арал теңізінің ахуалы адамзатты алаңдатып отыр. Орталық Азия және Каспий маңы елдері қоршаған ортаны, соның ішінде Арал теңізін қорғау бағытында ортақ келісімдер мен шешімдер қабылдап келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде де Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар жасалып жатқанын атап өтті.
Климаттық өзгерістерге төтеп беру, апатқа ұшыраған Арал аумағын оңалту, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану – жауапкершілігі мен маңызы жоғары кешенді жұмыс. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы айтулы мәселелерді шешу үшін түрлі деңгейде бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударғысы келеді. Осы орайда тұңғыш рет бірқатар мемлекеттегі жасылдар партияларының басын қосып жатқан «ARAL - 2024» саммитінің арқалайтын жүгі ауыр.
Саммитте күн тәртібіндегі экологиялық мәселелердің шешу жолдары және солардың түйінін тарқатудағы жасылдар партияларының рөлі сараланды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының ықпалы да талқы тақырыбына айналды. «Байтақ» партиясы қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға серпін беретін бастаманы қолдап, өз үлесін қосып келеді.
Саммиттің ашылуында сөз алған «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев су қауіпсіздігі – Орталық Азиядағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
—БҰҰ деректері бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азия халқының саны 90 миллион адамға жеткен кезде су тапшылығы 25-30 пайызға дейін болуы мүмкін. Сонымен қатар, егіншілікке пайдаланылатын су ресурстарына қажеттілік 2030 жылға дейін 30 пайызға артуы ықтимал. Бұл экономикалық көрсеткіштер мен азаматтардың табыс деңгейіне де кері әсерін тигізеді, – деп атап өтті А.Әміртаев. – Су тапшылығы мәселесі аймақта қақтығыстар мен тұрақсыздық қаупін, әсіресе сыртқы күштердің араласу қаупін туындатады. Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері арасында су және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша бірлескен ынтымақтастықты және өңірлік интеграцияны белсендіру қажеттілігі туындап отыр. Аймақ елдері серіктестік пен тату көршілік жолын ұстануы тиіс.
Ал Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Еркін Бөлекбаев аймақ республикалары үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде өзекті мәселе екенін атап өтті.
Ресейдің экологиялық «Жасылдар» партиясының тең төрайымы Александра Кудзагова табиғатта болып жатқан ауқымды үдерістер мен өзгерістерді халыққа жеткізуде «жасыл» партиялардың рөлі зор екенін атап өтті. Өз баяндамасында А.Кудзагова атом энергетикасын дамытуды қолдау және оның артықшылықтары туралы да айтты. Бұл тек экономикаға ғана емес, сонымен бірге су мәселелерін шешуге де ықпал етеді.
Моңғолияның «Азаматтық ерік» Жасыл партиясы төрағасының орынбасары Тогоочийн Бат-Эрдэнэ «Жасыл синергия: өңірлік экологиялық мәселелерді шешу және ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.
Өзбекстан экологиялық партиясы атынан партияның Орталық кеңесі Атқарушы комитетінің бөлім жетекшісі Комилжон Жураев сөз сөйледі. Ол партияның ауаның ластануын болдырмау, биологиялық әртүрліліктің қысқаруын азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ауқымды жұмыстарына белсенді қатысып отырғанын атап өтті.
Іс-шараның қорытындысында спикерлер «ARAL – 2024» жасыл партиялардың I саммиті экологиялық мәселелердің ауқымын түсініп қана қоймай, сондай-ақ бірлескен тиімді ынтымақтастық үшін платформа құруға арналғанын атап өтті. Олар тек бірлесе отырып қана климаттық сын-қатерлерді шешуге, экожүйелерді нығайтуға және табиғи байлықты сақтауға қадам жасауға болатынын айтты. Жиналғандар Қазақстанндық «БАЙТАҚ» жасылдар партиясының төрағасы А.Әміртаевтың жасылдар саммитін тұрақты негізде өткізу қажеттілігі туралы мәлімдемесін қолдады.
Саммит барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолия жасыл партиялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, тараптар табиғатты қорғау шараларын өткізу, халық арасында экологиялық білім мен үгіт-насихатты бірлесіп кеңейту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы тәжірибе мен білім алмасу жөнінде келісімге келді.
Халықаралық саммиттің соңы «Байтақ» партиясының құрылғанына 2 жыл толуына орайластырылған салтанатты жиынға жалғасты. Оған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, өңір басшысының жылы лебізін жеткізді. Сонымен қоса құндылығы жоғары халықаралық саммиттің іске асуына ұйытқы болған «Байтақ» жасылдар партиясына алғысын білдірді.