Шу өзені суын молайту мәселесі қозғалды

Соңғы жылдары Шу өзені суының Созақ ауданы аумағына келіп жайылуы, «Тасөткел» су қоймасынан Шу өзенінің төменгі арнасына экологиялық су тастау жүйесінің бұзылуы аудан тұрғындарын алаңдатқан басты мәселеге айналды. 

Бұған дейін судың кешігіп, аз мөлшерде келуі экологиялық жағдайға теріс әсер ететіні жөнінде тиісті орындарға бірнеше рет хат жолданып еді.
Жақында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі, Су шаруашылығы комитеті және «Шу-Талас» бассейндік инспекциясы аталған мәселені шешу жолдарын қарастыру үшін арнайы жиын өткізді. 
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында өткен жиынға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және аудан депутаттары мен ардагерлер, БАҚ өкілдері, сондай-ақ су шаруашылығы саласының мамандары қатысты.
Алғашқы жиын Мойынқұм ауданындағы Гуляев шабындық алқабының маңында орналасқан «Радай» аумағында өтті. Мұнда Шу өзені арнасының ауданға келіп жайылуының экологиялық маңыздылығы талқыланып, аудан ардагерлері мен мамандар өз пікірлерін білдірді. «Фурманов» су торабынан Созақ ауданына арнайы қазылған 120 шақырымдық айналма каналының жай-күйі сөз болды. 
Министр Нұржан Нұржігітов 120 шақырымдық айналма канал бойымен жүріп, оның құрылымын қалпына келтіру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуді тапсырды. Нұрбол Тұрашбеков бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында екенін атап өтті. Сонымен қатар, жұмыстардың заң аясында ұйымдастырылып, мерзімінен кешікпей жүзеге асуын қадағалайтынын жеткізді. 
Шу өзенінен Созақ ауданына бағытталатын судың мөлшерін молайту мәселесі де кеңінен талқыланды. Шу өзенінің суын аудан аумағына ақпан айының соңына дейін жеткізу келісілді.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз