Мақта шаруашылығы мезгіл таңдамайды
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала басшыларымен бірге көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын пысықтап, мақта шаруашылығын дамыту жоспарын саралады.
Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов баяндама жасап, егіс құрылымын 28 мың гектарға ұлғайту көзделгенін жеткізді. Осының нәтижесінде өңірде 897 мың гектар жер егіске пайдаланылмақ. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, 2025 жылы мал азықтық дақылдардың үлесі кеміп, есесіне мақта 40 мың гектарға ұлғайтылмақ. Оның ішінде, 58,7 мың гектар мақта жаңа технологиямен бапталады деп күтілуде. Өңірде мақталықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар басталған. Қазіргі таңда нақты 1577 тонна тұқым дайын. Жалпы таңдаулы 6 сұрыптан 4845 тонна мақта тұқымы әзірленеді.
Сондай-ақ, жиында мақталы аудандардағы шаруашылықтар үшін машина-трактор стансаларын құру мәселесі де қозғалды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында мақта шаруашылығын дамытып, сапалы өнім алуға қажетті техникаларды жаңарту жайы талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары техниканы алу үшін шаруаларға қолайлы шарттар ұсынылуы тиіс екенін ескертті. Жауапты басқармаға ақпараттандыру мен түсіндіру шараларын кеңінен жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, басқосуда аудандарда су үнемдеу технологиясын ендіру бағытында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрысбек Елшібаев осы жылы 226 шаруа қожалығы 2810 гектардан тамшылатып суғару арқылы мол өнім жинағанын мәлімдеді. Келесі жылы су үнемдеу технологиясын 12 мың гектарға енгізу көзделгенін, сондай-ақ, Мақтаарал ауданы да осы межені ұстанып отырғанын жеткізді. Шардара ауданында да жаңа технологиямен жұмыс жасауды таңдаған шаруалардың тізімі жасақталып, түсіндіру жұмыстары жүзеге асуда.