Түлкібаста 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Келер жылы Түлкібас ауданында жалпы инвестициялық құны 67,5 млрд. теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалардан жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі шамамен 97,7 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, 858 азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Жоспарға енген жобалардың ішінде «Састөбе инновациялық кешені» зауыты бар. Онда каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді мен әк өндіріледі. Сонымен қатар, «Azia Food Company» ұн диірмені де 2025 жылы толықтай іске қосылады деп жоспарланған. Бұл жайында Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте айтып берді.

– 2024 жылдың 10 айында аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 81 млрд. 519,2 млн. теңгені құрады. Ал, шағын және орта бизнес нысандарының саны 9 787-ге жетіп, бұл салада 13 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. 2025 жылы аталған саланы дамыту мақсатында жалпы құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар толықтай жүзеге асырылса 226 жаңа жұмыс орны құрылып, аудан бюджетіне қосымша 138 млн. теңге салық түседі деп күтілуде, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, ауданды туристік аймаққа айналдыру мақсатында көптеген жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Айтуынша, бүгінде ауданда 36 туристік нысан жұмыс істеп тұр екен. Келер жылы жалпы құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жоспар толығымен орындалса, 235 жаңа жұмыс орны ашылатын көрінеді. 

– Түлкібас ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі жыл басынан бері 46 млрд. 452 млн. теңгені құрады. 2025 жылы аталған саланы дамыту мақсатында 8 жоба іске асырылмақ. Инвестициялық құны 15,5 млрд. теңгені құрайтын жобалардың арқасында жүзге жуық азамат жұмыспен қамтылатын болады. Аудандағы инфрақұрылым саласы жетіліп келеді. Нақтырақ айтар болсақ, 59 елді мекеннің 58-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ауданда 21 135 тұрғын үй бар болса, солардың 99,8 пайызы табиғи газ тұтынып отыр, – дейді Нұржан Жақсылықұлы. 

Пікір қалдырыңыз