Қырман биіктеп барады

Қазіргі таңда аудан көлемінде мақта жинау науқаны қарқын алып, терім күннен-күнге қыза түсуде. Ауа райының әрбір ашық, қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, өнімді қысқа мерзімде ысырапсыз жинап алуды мақсат еткен мақташылар қарқынды жұмыс істеуге күш салып отыр. 

Науқандық жұмыс басталғалы бері Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің (әкімі – Н.Сұлтанов) мақташылары өнім жинауда көш бастап келеді. Қазірге дейін бұл округ бойынша 
10 мың тоннадан астам «ақ алтын» жиналып, әр гектардың өнімділігі 27 центнерді құрап отыр. Мақта түсімі өте жақсы. Мұнда өнім тек техника күшімен жиналуда. Терімге 38 комбайн қатысуда. Сондай-ақ, Мақтаарал, Еңбекші  ауылдық округтерінің диқандары да алғы шептен көрініп, әрқайсысы 8 мың тоннадан «ақ ұлпа» жинады. 
«Джон дир» комбайны жүргізушілеріне әр гектар мақта алқабын тергені үшін 60-70 мың теңгеден, өзбекстандық комбайн жүргізушілеріне әр гектары үшін 35-40 мың теңгеден ақы төленуде. Мақташыларға әзірше мақта зауыттары әр тонна өнім үшін 100-150 мың теңге аралығында аванс  ақша беріп жатыр. Ал, түрік пен қытайдың жоғары сортты мақтасын өткізгендерге 220 мың теңге төленуде. Алайда, мақта бағасының нақтыланып шешілмеуі диқандардың көңілін күпті етіп отыр. Шитті мақтаны сатып алу бағасы биыл да төмен болса, өсірген мақтаға жұмсалған шығын ақталмай ма деп алаңдаулы. 

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.   
Пікір қалдырыңыз